Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық пандемияның «екінші толқынына» ресурстарды дайындау, алдын-алудың кешенді шараларын әзірлеу қажеттігін, сондай-ақ сырқаттану деңгейін шынайы бағалау мен болжаудың маңыздылығын атап өтті.
– Дағдарыстан кейінгі кезеңдегі даму болжамын, қауіп-қатерлер мен мүмкіндіктердің тұжырымдамалық жоспарын әзірлеу қажет. Дағдарыстан кейінгі кезеңдегі даму жоспарын бүгінгі жағдайларды ескере отырып, тағы да пысықтау керек. Біз пандемиямен күрестің ең қиын сценарийіне және онымен байланысты қауіп-қатерлерге дайын болуымыз керек, – деді Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы.
Сонымен бірге, кездесу барысында құқық қорғау органдарына қылмыстық ахуалдың нашарлауына және қылмыстың өсуіне жол бермеу, сондай-ақ алдын алу шараларын әзірлеу тапсырылды.
– Халықты азық-түлікпен және дәрі-дәрмектермен үздіксіз қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы мен тарифтерді негізсіз өсіруге жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдау маңызды. Сондай-ақ, жылыту маусымына сапалы дайындық жасап, басқа да өзекті стратегиялық мәселелерге көңіл бөлу керек, – деп қорытындылады Елбасы.