RSS лента

Сыртқы қарыздан қашан құтыламыз?!

  • 27.11.2024, 22:57,
  • 163
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Бұл туралы белгілі заңгер Салтанат Рахимова мәлімдеді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

– Отандастар, осы балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы туралы бірге ойланбасақ болатын емес сияқты, - деді ол бізге берген сұхбатында. – Еліміздің сыртқы қарыздары жалғыз мені ғана емес, Қазақстанның әрбір тұрғынын да алаңдатады десем қателеспеспін.

 

Қазақстан жылма-жыл қарызға белшесінен батуда. Бүгінгі таңда елдің сыртқы қарызы шамамен 166,7 миллиард долларды құрайды, мемлекеттік қарыз жыл басымен салыстырғанда 6,5% - ға өсіп 63,7 миллиард долларға жетті. Елдің сыртқы қарызы жылдан жылға артып келеді.

 

2024 және 2025 жылдар ішінде Қазақстан шамамен 32,6 млрд доллар төлеуге тиіс, оның 8 млрд-тан астамы – несиенің пайыздары.

 

Үкімет осы жылдың тамыз айында ғана Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен (АБИИ) 15 жылға 168 млрд теңге мөлшерінде қарыз алды, төлеуді тек 2027 жылғы 1 маусымда бастамақ (оған дейін пайызы өсе бермек).

 

Бұған қоса, 20 қарашада Халықаралық Қайта Құру және даму банкінен тағы да 11 жылға 84,9 миллиард иен (270,8 миллиард теңге) қарыз алатыны белгілі болып отыр.

 

Үкімет бұл қарыздардың барлығы республикалық бюджет тапшылығы жағдайында ел экономикасының тұрақтылығын сақтау үшін алынуда деп түсіндіруде.

 

Алайда, қарыз қаражатын пайдаланудың нәтижелілігін егжей-тегжейлі талдау жасалмаса, бақылау болмаса Қазақстанның жалпы борыштары жылма-жыл өсе беретінін мойындауымыз керек.

 

166,7 миллиард долларды құрайтын сыртқы қарыз ЖІӨ-нің 89% құрайды! Бұл өте алаңдатарлық жағдай! Мемлекетіміздің сыртқы несие берушілерге тәуелді болу қаупі туындап отыр. Ол несімен қауіпті?

 

Қарыз неғұрлым үлкен болса, қосып қайтаратын пайыздық өсімі де көп болады, бұл, әрине, ішкі қажеттіліктерді (әлеуметтік бағдарламалар, инфрақұрылым және т.б.) қаржыландыру мүмкіндігін азайтады. Едәуір бөлігі қарызға қызмет көрсетуге жұмсалатындықтан, бұл бюджетке үлкен ауыртпашылық жүктейді. Былтыр, 2023 жылы республикалық бюджеттің шамамен 19% (бестен бір бөлігі) қарыздарды қайтаруға жұмсалды.

Ел үлкен мөлшерде несиелер алған кезде, сыртқы несие берушілерге тәуелді болады. Бұл еліміздің ішкі және сыртқы саясатына әсер етуі мүмкін, өйткені несие берушілер өздеріне тиімді экономикалық реформалар мен талаптар қоя алады, ал, бұл егемендігімізге қауіп төндіретін фактор болып табылады.

 

Біздің мемлекетіміздің барлық қарыздары шетел валютасында, сондықтан валюта бағамдарының ауытқуы теңгеге шаққанда қарыз сомасын едәуір ұлғайтады. Бұл теңге бағамы түсіп кеткен кезде қарызды өтеуде қиындықтар туғызады, сондай-ақ доллардың қымбаттауына, инфляцияға соқтырады.

 

Бұндай жағдайда экономикалық тұрақсыздықтың ауылы алыс емес.

 

Бұл қарыздарды біздің балаларымыз бен немерелеріміз төлейтінін бәріміз түсінеміз. Билік басындағылар да түсінеді.

 

Ендеше, неліктен біз оларға өмір бойы сүйрейтін қарыздың қамытын кигізіп кетеміз?!

 

Неліктен біздің Үкімет алды-артын ойламай қарыз алуға құмар?

 

Бұдан басқа, Үкімет жылма-жыл Ұлттық Қордың да қалтасына түсіп келеді. Тек 2024 жылы бюджетті қолдауға Ұлттық қордан 4,6 триллион теңге бөлінді. Еліміздегі мұнай қоры таусылған кезде болашақ ұрпақтың әл-ауқатын сақтандыру мақсатында құрылған Ұлттық қордың жинақтарын неге ағымдағы қажеттіліктерге әлсін-әлсін ала береді?!

 

Бізге бюджет тапшылығы, маңызды әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруға қаражат жетіспейді деп түсіндіреді. Мүмкін мұның себебі ақшаның жетіспеушілігі емес, ресурстарды бақылаусыз және ойланбастан жұмсайтын Үкіметтің тиімсіз жұмысында жатқан шығар?!

 

Жақында мемлекет уақыт белдеуінің өзгеруінің халықтың денсаулығына әсері туралы зерттеуге 160 млн теңге жұмсайтыны туралы ақпарат жарияланды.

 

Ойланыңыздар! Егер кешкі сағат 5-те қараңғы түнек басып, таңғы сағат 4-те күн шақырайып тұрса, адамның тәуліктік (циркадный ритм) ырғағы мен ұйқы гормонының жұмысы бұзылатыны түсінікті емес пе, бюджет тапшылығы жағдайында мұндай қажетсіз зерттеулерге ақша жұмсаудың не керегі бар?! Бұл тақырып бойынша әлемдік деңгейдегі ғылыми жұмыстарға сілтеме жасай отырып, уақыт белдеуін неге өзгерте салмасқа?!

 

Неліктен парламент пен бақылаушы органдар бұл мәселеге жалпақшешейлікпен көз жұма қарайды?

 

Неліктен Үкіметтің жұмысына объективті баға берудің орнына, олар үсті-үстіне жаңа несиелерге келісім береді? Олардың халық алдындағы жауапкершілігі қайда?

 

Өзімізге бір сәт «болашақта бізді не күтіп тұр?» деген сұрақ қойып көрейікші. Біз, халық болып осындай маңызды мәселелерден тыс қалмауымыз керек. Бұл процесті тоқтату, реформалар жүргізу және үкіметті тиімді жұмыс істеуге мәжбүрлеу қажет. Ұрпақтарымыз төлейтін несиелерді ала беруді доғарыңыздар!

 

Қазақстанның болашағы үшін келер ұрпақтың алдында бәріміз жауаптымыз. Бұл мәселені проблема екенін мойындайық және еліміздің қарызға батып кетуіне жол бермейік!

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости