– Алдымен, инклюзивті білім беруді дамыту дегеніміз не?
– Бұл – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Білім туралы заңда көрсетілгендей, бұл – барлық баланың ерекше қасиеттері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, сапалы білім беруді қамтамасыз ететін процес. Балаға білім қолжетімді болуы керек. Ол өз үйінің жанындағы кез келген білім беру ұйымына барып білім алуға мүмкіндігі болуы тиіс. Бұл бағытта тиісті шаралар қолға алынып жатыр. Айталық, мектептердің 85 пайызында осындай жағдай жасалған. Мұндай деректі жергілікті атқарушы органдардан алып отырмыз. Яғни, ерекше қажеттіліктері бар балаларға кедергісіз орта жасалған деген сөз, бұл – арнайы пандустар мен жолақтардың қойылуы, қажетті мамандармен қамту.
– Маман жеткілікті ме?
– Жалпы, инклюзивті білім беру мәселесі туралы сөз қозғалғанда, ойымызға тек мүмкіндігі шектеулі балалар ғана оралады. Ал, шын мәнінде заңнамалық тұрғыдан қарайтын болсақ, бұл – барлық баланың жеке қажеттіліктерін қамтамасыз ету. Мәселен, бір сыныпта 25 бала болса, олардың 25 түрлі қажеттілігі бар деген сөз. Соған сай, мұғалімдер де олардың ерекшеліктері мен жеке қасиеттерін қанағаттандыра алатындай кәсіби құзыреттіліктерге ие болуы керек. Сол сыныпта мүмкіндігі шектеулі балалар да отыруы мүмкін. Ендеше, әрбір ұстаз соған сәйкес білім беру бағдарламасын бейімдей алуы қажет.
Егер бала өз ойын дұрыс жеткізе алмайтын болса немесе есту қабілеті бұзылғандықтан ақпаратты дұрыс қабылдай алмаса, оған ақпаратты жазбаша беруге, ал, керісінше, көру қабілеті бұзғылғандарға сабақты ауызша беру тәсілдерін қолдана білу керек. Бұл ретте, арнайы біліктілікті арттыру бағдарламалары әзірленген. Оны «Өрлеу» орталығы өткізеді. Одан да басқа арнайы экспертизадан оң бағасын алған жеке орталықтар да жетерлік.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға келсек, олар арнайы бағдарламалар мен логопед, дефектолог секілді кәсіби мамандарды қажет етеді. Ондай мамандар жоғары оқу орындарында педагогикалық мамандықтар аясында «арнайы педагогика» бағытымен дайындалады. Оларға жылына 400-ден астам грант бөлінеді. Әрине, арнайы мамандарға тапшылық та жоқ емес, әсіресе, алыс ауылдарда өткір сезіледі.
– Ерекше қажеттілігі бар баланы балабақшаға беру керек пе?
– Жалпы, инклюзия бізде балабақшадан басталуы керек. Өйткені, мысалы, үш жастағы балаларды алсақ, олардың ұғымында «ерекше қажеттілік» деген түсінік болмайды. Бәрі бір-бірімен ойнап жүре береді. Ал, егер ойын барысында бір баланың ерекшелігі байқалып жатса, ол табиғи заңдылық секілді қабылданып кетеді. Кейін олар есейіп мектепке барған кезде ондай балаларға таңырқап қарамайтын болады. Міне, осылай балалар арасындағы бөліну мен алалаудың алдын алуға болады.
Баланың ерекше қасиеттері байқалаға бастаған сәтте ата-ана оны балабақшаға беруге де, үйде тәрбиелеп, түзету кабинеттеріне апаруға да құқылы. Оларға балабақшада тиісті жағдай жасау үшін мемлекет тарапынан қаржылай көмек те қарастырылған.
– Түзету кабинеттері деп қалдыңыз, олар тегін қызмет көрсете ме?
– Бізде балабақша, мектеп, колледжен басқа, арнайы білім беру ұйымдарының желісі бар. Бұл – түзету кабинеттері, оңалту орталықтары және соңғы кезде ашылып жатқан аутизм орталықтары. Онда 18 жасқа дейінгі балаларға арнайы педагогикалық-психологиялық қолдау көрсетіледі, барлық арнайы мамандар болады. Ондай орталықтар мемлекеттік ұйым болып табылатындықтан, жергілікті атқарушы орган есебінен қаржыландырылады. Сондықтан мұндай қызметтер тегін көрсетіледі.
– Жылжымалы медициналық кешендер туралы да толығырақ айтып берсеңіз.
– Кейде көпшілік арасында бұл кешендер диагнозды дұрыс қоймайтыны жөнінде айтылып қалып жатады. Бұл олай емес. Мұндайорталықтар диагноз қоймайды, бұл денсаулық сақтау органдарының құзыретіне жатады. Аталған кешенге тек диагнозы қойылған бала ғана келеді. Ал, ЖМК міндеті сол балаларға қажетті арнайы оқу бағдарламасын таңдау.
– Ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға айтарыңыз болса...
– Біз балалардың қасиеттерін ерте анықтап, түзету жұмыстарын ерте бастап кетсек, соғұрлым оларды әлеуметтендіру оңайға соғады. Қалай болғанда да, олармен мектепке дейінгі кезеңде жұмыс жасау өте тиімді болып саналады. Бір қуантарлығы, бұл бағытта соңғы үш-төрт жылда ата-аналардың да көздері ашылып, оң түсінік қалыптасып жатыр.