RSS лента

Республика күні неге 25 қазанда тойланады?  

Автор фото: Turan Times

Бұл сауалға прокурор Бауыржан Жұмақанов жауап берді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

– 1990 жылдың 25 қазаны – Тәуелсіздіктің бастауы, - дейді ол. Қазақстанның соңғы кезеңдегі негізгі жетістіктері, тұрақтылық пен тыныштықты сақтауға бағытталған батыл қадамдарының жылнамасы осы күннен басталды десем де болады. Тарихқа үңілсек, сол жылдары Балтық жағалауы елдерінен басталған тәуелсіздік декларацияларының шеруін біздің ел де жалғастырып, сол кездегі республика Жоғарғы Кеңесі депутаттарының қолдауымен Қазақстан өз Декларациясын қабылдады. Сол арқылы тәуелсіздіктің алғашқы нышандарын көрсетті, яғни, біздің заң шығарушы, сот, атқарушы билік деп айқындалып, социалистік қоғамдағы болған түрлі ұғымдар алынып тасталып, еліміздің жаңа саяси жүйесі қалыптасты. Бір айға жуық уақыт талқыланған декларация жобасының халық үшін де, билік үшін де аса маңызды болғаны сол кездегі жарияланымдардан, талқылаулардан байқалады. Бұл тәуелсіздікке бір қадам, яғни бір жылдан сәл асатын уақыт қалған кез еді. Сондықтан, егемендік туралы декларацияны тәуелсіздікке тұғыр, негіз болған құжат дегеніміз орынды. Өйткені, декларацияда саяси-экономикалық және әлеуметтік мәселелерді дербес реттеу принципі жарияланды. Сондай-ақ алғаш рет Президент – республиканың басшысы, ең жоғарғы әкімшілік атқарушы биліктің иесі ретінде айқындалды. Жер қойнауы, басқа да табиғи ресурстар, халықтық-тарихи қазыналарымыз, экономикалық, ғылыми-техникалық әлеует республика егемендігінің негізін құрайтыны көрсетілді. Осылайша, егемендіктен басталған сара жолымыз тәуелсіздікке ұласып, 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданды.

 

Сала тарихында мемлекеттік органдар жүйесіндегі прокуратураның ролі жоғары деңгейге көтеріліп, оның қыз­меті жаңаша мазмұнмен толықты. Тәуелсіздіктің тұғырлы белесіндегі прокуратура шежіресіне тоқталар болсақ, Жармахан Тұяқбай Қазақстан Республикасының тұңғыш Бас Прокуроры ретінде тарих сахнасында қалды. Ал, ел үшін сын болған тоқсаныншы жылдарда Қабдығали Ахметов, Мағдан Есімов, Бақытбек Ерғалиев сынды азаматтар Атырау облысының прокуратурасын басқарып, өңірімізде жаңа заман талабына сай заң мен құқық қызметінің нығаюына зор ықпал етті. Атырау прокуратурасының өткені мен бүгіні де мұрағат парақтарында, басылымдар мен кітаптарда мәңгілікке хатталған. Бұл салада өшпес ізі қалған жарқын тұлғаның бірі – академик Салық Зиманов. Әділдік пен биік парасатты ту еткен Салық Зиманұлы өзінің прокуратура саласындағы мінсіз қызметін ғылыми деңгейге көтерді. Ал, 1990 жылы 22 қазанда ХІІ шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде академик Салық Зиманов егемендік туралы Декларацияның жобасын жазып, оны депутаттардың талқылап, қабылдауына бастамашы болған еді. Иә, прокуратура азаматтардың конституция­лық құқықтары мен бостан­дық­та­рын қорғау, мемлекеттік-құқық­тық құрылымдардың тұрақты жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайларды құру, ішкі саяси тұ­рақ­тылық пен қоғам бірлігін сақтау мәселелеріне ерекше маңыз береді. Бұл үрдісте құқық қорғау жүйесінің маңызды институты ретінде Атырау облысы проку­ратурасының ролі айтарлықтай. Мысалы, облыстық прокуратураның заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы ұсыныстарының дені қолдау тапқанын айтуға болады. Осы уақытқа дейін прокурорлық ықпал ету шараларының арқасында әлеуметтік құқықтары қорғалған азаматтар саны жетерлік. Оның көпшілігі – тұрғын үй, әлеуметтік жәрдемақы, алимент өндіру, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау мәселелері. Бизнес субъектілері де назардан тыс қалған жоқ. Жаңа заңға сәйкес қылмыстық процестің үш буынды моделі қалыптасты. Бұл модель арқылы қылмыс орбитасына түскен азаматтардың дер кезінде құқықтарының қорғалуы қамтамасыз етіледі. Бұл ауқымды жұмыстарды біліктілігі жоғары кадрлар атқаратынын ерекше атап өткім келеді. Енді қазіргі даму кезеңінің мемлекеттік механизмінде прокуратура органдарының қоғамдық және саяси маңызына тоқталатын болсақ, әуелі прокуратура – мемлекеттік биліктің жоғары орган­дары­мен қатар, өкілеттігі, ерекше мәртебесі және айрықша өкілеттіктері Конститу­ция­да бекітілген жалғыз құқық қорғау ор­га­ны екенін атап өту қажет.

 

Расында, өзгерістер – уақыттың талабы. Конституциялық реформалар, жаңашылдықтар, бәрі де халық үшін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған. Ең бастысы, бұл өзгерістер қалың бұқараның құқық қорғау жүйесіне деген сенімін арттыруды көздейді. Халықтың Конституциялық реформаларды қолдағаны олардың одан зор үміт күтіп отырғанын білдірсе керек. Қай реформаның да басты мақсаты – халықтың сенімін арттыру.

 

Заңғар жазушы Шерхан Мұртазаның «Заң – мемлекеттің тоғыз қабат, тор көзді сауыты» деген сөзі бар. Мұндай теңеу заңның пәрмені күшті, қуаты зор болғандықтан айтылса керек. Меніңше, мәртебесі берілген жаңа заң прокуратура органдары қызметкерлерінің жауапкершілігін арттырып және құзыретін кеңейтуге ықпал етеді. Бұл тұрғыда азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қорғауды және бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруді қамтиды. Қоғам мен мемлекетте заңдылыққа қол жеткізу – прокуратура жұмысының негізгі және басты мақсаты.

 

Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген екен. Менің түсінігімде, патриотизм – Отанды сүю, ұлтқа қызмет ету. Ол отбасынан басталады. Егер тарихи сана қалыптастыра алсақ, отбасындағы тәрбие мәселесінде көп нәрсе өзінен-өзі шешілер еді. Тарқатып айтсам, ата-бабасының тарихын білу арқылы отбасында тарихи сана қалыптасады. Егер ұрпағы атасы кім болғанын бала күнінен біліп өссе, ол баланың санасына сіңеді, осыдан кейін әулетіне, ата-бабасына, ата-анасына деген мақтаныш сезімі пайда бола бастайды. Осындай санасы толық бала өз отбасының дәстүріне, Отанына адал болады. Ол тарихи сана бізді алдымен отбасымызды, Отанымызды, одан кейін мемлекетімізді құрметтеуге алып келеді. Патриотизм деген осы. Жалпы, біздің ата-бабамыз адамның жан дүниесін әлдеқашан зерттеп, бір сөзбен қысқа қайырып, мақал-мәтел, қанатты сөздермен-ақ айтып қойған емес пе?!

 

Көпшілік прокуратураны сотталушыға мемлекеттік айып тағады деп түсінеді. Бұл – жаңсақ пікір. Басты функция – адамдардың құқықтары мен ел аумағында заңдылықтың сақталуын қадағалау. Бұл міндеттер қоғамның барлық салаларын қамтиды. Атап айтқанда, еңбек, тұрғын үй, әлеуметтік құқықтар, денсаулық сақтау, жер, отбасы және тұрмыстық қатынастар. Сондай-ақ мемлекеттің бизнеске заңсыз араласуын болдырмау да бұл тізімге кіреді. 2021 жылы енгізілген үш буынды модельдің арқасында адамдардың күдікті ретінде қылмыстық процеске заңсыз тартылуы тыйылды. Сондай-ақ кінәлілердің жазадан құтылып кетпеуі де бақылауда тұр. Бұл модель айыптауға басымдық бермейді. Себебі полиция, прокуратура және соттың функциялары мен өкілеттіктері нақты бөлінген, яғни қылмыстық процесте әр органның өз жауапкершілік аймағы бар. Жаңа форматқа сәйкес қазір сотқа дейінгі тергеу органының тұлғаны күдікті деп тану туралы қаулылары прокурормен тікелей келісіледі. Осы тұста не үшін екенін түсіндіре кетейін. Өйткені, мұндай тәртіп негізсіз айыптаудан қорғауды қамтамасыз етеді. Қарапайым тілмен айтқанда, жазықсыз жандардың сотталып кетпеуіне мүмкіндік береді. Бұл жұмыстың нәтижелерін санмен айтсақ, жыл басынан бері прокурорлар 70 мыңға жуық адамның құқын қорғады. Оның 27 мыңы – бала, 3,2 мыңы – кәсіпкерлер. Мемлекетке келтірілген 681 миллион теңге залал өтеліп, 6,3 миллиард теңгенің мүлкі қайтарылды. Сондай-ақ 3 ірі инвестордың құқы қорғалды. Облыс прокуратурасының үйлестіруімен олар инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, үш жылдан бері қозғалыссыз тұрған әлеуметтік жобалар жандандырылды. Бұл нәтижелі жұмыстың бір парасы ғана, Президент пен Бас Прокурор қойған басым міндеттер күн тәртібінен түспейді. Тағы бір жетістік – «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының арқасында қадағалау органдарының жұмысы тиімді әрі ашықтыққа қол жеткізді. Облыста электрондық қылмыстық істер жобасы жұмыс жасайды. Заманауи IT-технологиялар сот ісін жүргізуді тіркеуден бастап, үкім шығаруға дейінгі барлық сатыларын цифрландыруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде барлық істердің 98%-ы электронды түрде тергелуде. Бұл тергеудің ашықтығын қамтамасыз етіп, уақыт шығындарын едәуір азайтады және іс құжаттарын бұрмалауға мүмкіндік бермейді. Тағы бір атап өтерлігі, бұрын прокурорлар барлық азаматтық істер бойынша сотқа қатысуы міндетті болды. Бертін келе бұл функциялар біршама азайды. Неге? Себебі, дауларды шешудің соттан тыс тетіктері – бітімгершілік келісімге келу, медиация, тағы басқалары енгізілді. Қазір прокурорлар азаматтық сотқа тек маңызды істер бойынша қатысады. Айталық, өзін-өзі қорғай алмайтын тұлғаларды қорғау қажет болған кезде және кәмелетке толмағандарға қатысты процестерге қатысады. Бұл – өте маңызды өзгерістер. Бұл жаңашылдықтардың мақсаты – адам құқықтарының қорғалу деңгейін арттыру және заңның үстемдігін бекіту, соның арқасында халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға себепші болады.

 

Қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың «Жақсы болудың жақсылық жасаудан басқа жолы жоқ» деген сөзі бар. Расында, белгілі тарихи тұлғалардың қайсысы да мейірімділік пен адалдықты жоғары қойып, жақсылық жасау жүректің ісі екеніне мән берген. Ендеше, әр адам айналасына асыл қасиеттердің нұрын шашса ғана заң үстемдігі тұрақтылықтың кепілі болмақ. Биыл ғасырлық датасын атап өткен облыстық «Atyraý» газетінің оқырмандарын айтулы мерейтоймен құттықтаймын! Бұрын аға буын өкілдерінен «Біз жас кезімізде патриот едік, намысшыл едік, бүгінгі жастар өзгерген» деген сөздерді естуші едік. Сондықтан, облыстың бас басылымында жас буынның елге, ана тілге, Отанға деген құрметін арттыратын мақалалар жиі жарияланса екен деймін. Ал, 25 қазан – Республика күнінде еліміздің егемендігі ғұмырлы, еңсесі биік болсын деген тілек білдіремін. Бұл күнді біз салтанатты шаралармен атап өтіп қана қоймай, ел егемендігімен еңсе көтергенімізді ұмытпай, оны сақтау жолында әрқайсымыздың жауапкершілігіміз бар екенін де сезіне білуіміз керек. Айтулы күн қоғамның ынтымақ-бірлігін арттыра түсетін мереке екеніне сенімдімін.

 

 

Оставить комментарий
Последние новости