RSS лента

Қазақстанды "жаман ауру" жайлады...

  • 11.02.2022, 02:21,
  • 866
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Ел арасында "жаман ауру" аталып кеткен дертке шалдығушылар қатары артуда, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ «ҚАТЕРЛІ ДЕРТКЕ ШАЛДЫҒЫПТЫ» ДЕГЕН ХАБАРДЫ ЖИІ ЕСТИТІН БОЛДЫҚ. ИӘ, ОБЫР ДЕРТІ ЖЫЛ САНАП ЖАСАРЫП БАРАДЫ. ЖЫЛ САЙЫН ШАМАМЕН 15 МЫҢ АДАМ «ЖАМАН АУРУДЫҢ» ҚҰРБАНЫ БОЛАДЫ. АЛ, МЕМЛЕКЕТТЕН ТЕГІН ЕМ-ДОМ МЕН СКРИНИНГ ЖҮРГІЗУ ҮШІН 40 МЛРД. ТЕҢГЕ БӨЛІНЕДІ. ҚАТЕРЛІ ІСІККЕ ҚАРСЫ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КҮРЕС КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ОНКОЛОГИЯ ДИСПАНСЕРІНІҢ ДИРЕКТОРЫ ЭЛЬМИРА САПАРОВАМЕН СҰХБАТТАСҚАН БОЛАТЫНБЫЗ.


– Эльмира Ғарифоллақызы, халық «жаман ауру» деп атайтын обыр дертімен күресу күрделі іс екенін жақсы білеміз. Қарекеттеріңіз көп жағдайда нәтижесіз болып та жатады. Қатерлі дертті емдеуде аурухананың бүгінгі мүмкіндігі қандай?


– Атырау облыстық онкология диспансері – көпсалалы онкологиялық мекеме. Мұнда облыстың барлық тұрғындарына мамандандырылған стационарлық, стационарлық ауыстыру жəне амбулаторлық медициналық көмек көрсетіледі. Құрылымында консультативтік диагностикалық жəне қабылдауға арналған 50 емханалық бөлім бар. Диспансерде жүргізілетін цитологиялық жəне гистологиялық, маммография, ультрадыбыстық жəне эндоскопиялық зерттеулер, лимфа түйіндерінің пункциясын жасау онкодерттердің алдын алуға, емдеуге үлкен мүмкіндік береді.


– Қатерлі ісік адам өміріне аса қауіпті болғандықтан дәрігерлердің де кәсіби білікті болуы маңызды-ақ. Өйткені, ақ халаттылар адам жанына араша түседі. Ауруханада маман тапшылығы бар ма?


– Айтуыңыз орынды. Адамның аурудан айығып кетуіне себепкер болатын дəрігер. Соның ішінде қатерлі ісікті жеңе білуге, тым болмаса науқастың өмірін ұзартуға себепкер болу ең маңызды іс. Сондықтан біз əрқашан маман мəселесін бірінші кезекке қойып келеміз. Бүгінде облыстық онкология диспансерінде 200-ге жуық қызметкер бар. Оның дені – жастар. Бізді олардың озық технологияның көмегімен ота жасауға, жаңа ғылыми зерттеулер жүргізуге ынталы болуы қуантады. Өткен жылы осы кадр мəселесіне орай көптеген жұмыстар атқарылды. Оның нəтижесінде, орталық диспансерлік дəрігерлермен толықтай қамтылды. Онколог, химиотерапевт, хирург, гинеколог мамандары жеткілікті. Алайда, əлі де болса радиолог, патоморфолог, анестезиолог мамандар тапшы. Аурухана жоспар бойынша қажетті құрал-жабдықтармен қамтылуда. Былтыр науқастарға өте ыңғайлы толықтай заманауи технологиямен жасалып шығарылған 150 функционалды төсек-орын алынды. Бұл кереуеттер науқас отырып немесе жатқан кезде де арнайы түймелер арқылы көтеріліп-түсіріледі. Тамыр арқылы (система) дəрілік заттар салатын да арнайы қондырғылар орнатылған. Тұтқалары да науқастың қимылына ыңғайлы. Сонымен бірге соңғы үлгідегі электрокардиограф пен инфузоматтар алынды. Ауруханамызда 24-48 сағат химиотерапия алатын науқастар бар. Сол кезде науқастың күретамырына портсистема салынып, ол бес жыл мерзімге терінің астына тігіледі. Ерекшелігі, оның адам денесінде бар-жоғы білінбейтіндігінде. Сырт көзге көрінбейді. Адамның қозғалысына да ешқандай кедергі келтірмейді. Ол əр система алған сайын тері мен тамырларды тескізбеуге мүмкіндік беріп отыр. Біздің ендігі мақсатымыз – магниттік-резонанстық томография қондыру. Жылжымалы рентген жəне ультра дыбыстық зерттеу аппараттарын да алмақ ойымыз бар. Жаңа онкологиялық аурухана ғимаратын тұрғызу мəселесі шешілгелі жатыр. Өңірде жаңа радиологиялық корпустың салынуы салаға жаңа тыныс береді деген ойдамыз.


– Дәрігерлер дертке қарсы ем-домдарын жүргізгенімен уақыт өткен сайын қатерлі ісіктің қарқыны арта түскені аян. ­Әсіресе, өңеш, асқазан және әйелдер арасында сүт безі, жатыр мойны қатерлі ісігіне шалдыққандар саны көбейіп барады…


– Сіз білесіз бе, бір жылда сүт безі қатерлі ісігіне АҚШ-тың 98 мың, ал Еуропаның 58 мың əйелі шалдығады. Жатыр мойны қатерлі ісігі туралы ақпараттандырылған қыз-келіншектердің саны аз. Мəселен, 2020 жылы 1,4 млн. əйелде гинекологиялық қатерлі ісік анықталған. Сол жылы əлем бойынша 672 мың əйел гинекологиялық обыр дертінен көз жұмған. Əрбір екінші жағдай жатыр мойны қатерлі ісігінен туындап отыр. Бір қуанарлығы, біздің өңірімізде жатыр мойны қатерлі ісігіне шалдығушылық төмендеген. Ал, еліміз бойынша жыл сайын 4 мыңға жуық əйелде гинекологиялық обыр анықталады. Елімізде скринингтік бағдарлама жүзеге асқан 2008 жылдан бері жатыр мойны қатерлі ісігін анықтау ісі жолға қойылды. Скринингке 4 жылда 1 рет цитологиялық зерттеуден өтуге 30-70 жас аралығындағы əйелдер шақырылып отыр. Жалпы, скринингтік тексеру жатыр мойны, сүт безі жəне тік тоқ ішек қатерлі ісігі бойынша жүргізіледі. Жыл сайын бұл мақсатта облыс тұрғындарын скринингтік тексеруден өткізу үшін қомақты қаржы бөлінеді. Əйел адамдардың 94 пайызы жатыр мойны қатерлі ісігіне скринингтік тексеруден өтіп отыр. Десек те, халық бұл тексерулерге немқұрайлы қарайды. Дəрігерлердің қайталап шақыртуымен ғана келеді. Медициналық тексеру барысында талдауларды толық тапсырмайды.


– «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» демекші, аурудан сақтанған адамның ғұмыр жасы ұзақ болары сөзсіз. Ал, қатерлі ісіктің алдын қалай алуға болады?


– Гинекологиялық қатерлі ісіктің алдын алуға болады. Тұрақты скрининг жəне дəрігерлік бақылау, сондай-ақ таңдалған өмір салты обырдан қорғануға зор мүмкіндік береді. Обырды толық емдеудің оң нəтижесін ерте диагностикалау көрсетіп отыр. Ал, жалпы адамнан обыр дерті анықталған жағдайда емдеу үш бағыт бойынша жүргізіледі. Ең алдымен ота арқылы ауру ошағын толық жойып, сылып алып тастау əдісін айтуға болады. Одан кейін сəулелік ем арқылы рактың кейбір түрлерін толығымен емдеп, жазуға болады. Үшіншісі – химия терапиясы көмегімен ғана емдеуге көнетін ісік түрлері бар. Əйелдер шалдығатын қатерлі ісік түрлерінің ішінде жатыр мойны обыры төртінші орында. Əлемде 2018 жылы 570 мың жаңа ауру анықталса, 311 мың өлім фактісі тіркелді. Еуропалық Одақта əрбір екінші əйел жатыр мойны дертінен қайтыс болады. Ал, адам папилломасы вирусына қарсы вакцина жатыр мойны қатерлі ісігіне шалдығудың алдын алатын бірден-бір тəсіл, онкогенді адам папилломавирусы 70-80 пайыз жағдайда нəтижелі жəне келер ұрпаққа əлеуетті əсері бар. Жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алатын скринингтік зерттеу тəсілдерін көбейту дамыған елдер бойынша аурудың 80 пайызын азайтуға мүмкіндік беруде.


– Аурухана қызметі қатерлі ісікке шалдығу белгісін байқаған әр тұрғын үшін қолжетімді ме?


– Иə, əрине. Ауруды анықтайтын компьютерлік томография, магниттік-резонанстық томография секілді құрылғылар да қолжетімді. Орталыққа күдікпен келгендердің бəрі де жолдама алып, диспансер арқылы тегін өте алады. Бұл ретте «Orion medicals» жəне «Invivo» жекеменшік клиникаларымен арада арнайы келісім-шарт жасалған. Облыс бойынша былтырдың өзінде 1 063 науқас есепке алынды. Ал, 2020 жылы 919 адамнан қатерлі ісік анықталды. Бұл көрсеткіштен аурудың өсімі көрініп тұр. Əсіресе, Мақат, Қызылқоға, Индер аудандарында көбейген. Науқастар арасында өкпе, сүт безі, асқазан қатерлі ісігіне шалдыққандар көп. Есепке алынған науқастардың 60,4 пайызы аурудың бірінші жəне екінші сатысында. Бүгінде өлім көрсеткішінің сəл төмендегені байқалады. Өкпе, өңеш, асқазан қатерлі ісігіне шалдыққандар арасында өлім көрсеткіші жоғары. Обыр ауруының осы түріне шалдыққандардың аурудан айығуы оңай емес. Сондықтан, адамдарға өз денсаулығына салғырт қарамай, уақытылы тексеруден өтуі керектігін еске саламын. Обыр дертін ерте анықтасақ одан айығудың да мүмкіндігі мол болар еді.


Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости