RSS лента

Қазір қарттарымыз қадіріне емес, ұрпағының лауазымына қарай құрметтеліп жүр…

  • 26.03.2021, 15:56,
  • 494
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Белгілі өлкетанушы, жазушы Өмірзақ Қажымғалиевтің айтуынша, қазір ақыл айтар ақсақалдарымыз қалмай барады, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

– «Ауылыңда қартың болса жазулы хаттай…» деген сөз – халқымыздың қариялардың елдің сенімін арқалаған ақылгөй данасы санатындағы бейнесін сипаттаумен қатар, кейінгі ұрпақты тәрбиелеудегі жауапкершіліктерін де нұсқайтын нақылы, дейді ол. – Алайда, соңғы кезде осы жасы келген жандарға қатысты ұғым әртүрлі сипатта айшықталып жүр: Ақсақал, шал, қарт деп әрқайсысына өздерінше түсінік беріп жатады және сол дәрежелеріне қарай ізет көрсетіледі. Бұл неліктен? Бір сәт осыған назар аударып, сана сарабына салып көрейікші.

 

Рас, қазіргі қарттар кезінде өздерінің шама-шарқына қарай жұмыс жасап, атқарған еңбегіне қарай беделге ие болып, құрмет көрді. Жылдар өткесін олардың орнын жастар басып, қоғамның қозғаушы күшіне айналды. Жасы келгендер ерікті, еріксіз ауыл қартының қатарына қосылады. Өкініштісі сол, оларға құрмет пен ұлықтау ұрпақтарының лауазымына қарай жасалатын жағдайға жеттік. Міне, осы ретте зейнетке шыққан кісілердің нақты өзінің болмысына қарай емес, ұрпағының жұмыс дәрежесіне сай еленіп сый – құрметке бөленетіні байқалады.

 

Дана халқымыз жасы жеткендерді ұрпағының лауазымына қарай емес, өздерінің өмірлік ұстанымына қарай «қазына қарт», «қазымыр қарт» деп екі топқа жатқызып анықтаған. Бұл ғасырларға жалғасып келген өмір тәжірибесінен қолданысқа енген ұстаным қазір де өз маңызын жойған жоқ. Қазыналы қарттарымыз жастардың алдын орамай тілегін тілеп, әр жақсы істеріне сүйініп, басқаларға үлгі етеді. Елдің бірлігін сақтап, оған нұқсан келтіріп сына қағушыларға ақылын айтып тоқтау салады. Пендешілікке салынбайды.

 

«Осы жасқа дейінгі тапқанымның қайырын берсін» деп шүкіршілік етеді, белсенді жұмыс жасағанда қол жетпеген дүниеге қартайғанда жетем деп тоңқалаң аса ұмтылмайды. Көңілге келген қызығуды қызғанышқа айналдырмай, шынайы сүйінеді. Дуалы аузынан алғысын, дастарханнан батасын айырмайды. Кейінгілерге өз тәжірибесін, өмірден түйген-білгенін, өмір жолында жинақтаған ақылын айтып, іскерлік пен қайырымдылыққа, бірлік пен берекеге бастайды. Қазымыр қарттарды да көрдік, қазір де көріп жүрміз. Олар өзгенің жетістігіне өзектері күйіп тұрады. Көңілдері қанағат пейілден аулақ. Жастығында терін сатып табыс таппаса да, қартайғанда көзін сатып сұрамсақтауын тоқтатпайды.

 

Біреуден үзіп алғанды пайда көріп үнем етеді. Бақилық өмірдің бар екенін естен шығарып ұмытады. Кезкелген уақытта жақсылардың жағасына жабысады. Өмірге риза емес, үнемі құлазыған көңілден арылмайды. Атқарған еңбегінің, тәрбиелеп өсірген ұрпақтарының рахатын көріп, марқайып шалқи алмайды. Жасы сексенге таяса да, немере сүйген балаларының жоғын жоқтап, қияметтің қамытын киіп жүргені. Ол үшін сөзге қалып, дауға түсіп, түкірік шашудан жалықпайды. Сырт көз «бұл неткен итшілеген өмір» деп қынжылыс білдіреді.

 

Саулығың алса ешкімге соқтықпай қолыңнан келетін шаруаны тындырып, өзіңе де, өзгеге де пайдаңды тигізу – ұлағатты іс. Азаматтардың сұранысқа иелері мамандығы бойынша жұмыс атқарып, жастарға тәлім беріп қызмет жасауын шет деуге болмайды. Немесе ешкімге зияны жоқ, күші жеткенше малын өсіріп, егінін жайлап, өнім өндіріп табыс тауып, игілігін ортақ көрсе қайырымдылық нұры емес пе? Біздің айтарымыз – өзі қолдап жұмыс жасамай, тілімен орап өзгені сөз етіп, ел берекеті мен тыныштығын алар жандар жөнінде. Өнбейтін мәселені сөз етіп, өспейтін қылыққа барудан сақтандыруды қаперге беру. Жалған сөйлеу, өзгені нақақ өсектеу көрікті көңілдің көрінісін бермейді. Ондай қылық – обал-сауапты ойламайтын ізгіліктен адалықтың белгісі.


***


– Ой елегінен өткізсек, бала тәрбиесіндегі бұрынғы жақсылардың өнегесі маңызын жойған жоқ, - дейді ардагер жазушы. – Әулеттегі ұлдарының үлкендерін теңіне қо сып, бірер немересін сүйгесін әке әулетінен тиесілі еншісін беріп, «Отау үй» деп бөлек шығарады. Шаңырағын жаңа көтерген жастар үй болудың жауапкершілігін сезініп, отбасылық өмірлерінің сәнін келтіруге тырысып жұмыс жасайды.

 

«Ағайынға сүйеніп мал өсер» деп өз дәулетін құрауға ұмтылады. Қазақта жаңадан енші алған жігіт жолда жатқан ала жыланды «тұсау екен деп беліне орапты» деген сөз «өзім дегенде өгіз қара күшім бар» деген жекеменшіктік сезімін білдіреді. Адамдарды біріктіріп татуластыратын рухани байлықтың бастауы – білім. «Өзіңнен өзгені әулие сана» дегендей, арамызда талай парасатты азаматтарымыз баршылық. Ондай жандар жасы жетсе де ел үшін ғылым мен өнерде, шығармашылықта халықтың игілігі үшін терін төгіп, ақыл-ойын беріп келеді.

 

Аса сирек кездесетін мамандық иелері «білгенімді жастарға үйретемін, күшім жеткенше еліме беремін» деп саулықтары алатын жұмыстарын қоғамдық негізде жасаса алғысқа бөленері сөзсіз. Жастарымызды қанаттандырып ұлтымыздың жан-жақты дамуына белсенді жұмыс жасауына сөзімізбен қолдап, мерейлерін асыру – ақсақалдық борышымыз. Бірлігімізді арттырып, еліміздің әлемде ойып орын алып, мәңгілікке айналуына үлес қосу – азаматтық парызымыз.

 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости