Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстанда сумен жабдықтау жүйелерін салу және реконструкциялау есебінен халықты сумен жабдықтау қызметтерімен 100% қамтамасыз ету науқаны жүргізілуде. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР ӨҚМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, қолдаудың осы түрін қамтамасыз ету үшін министрлік үш нормативтік-құқықтық актіні бекітті:
Сумен жабдықтау жүйелерінен ауыз су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау ережелері;
Бір текше метр ауыз судың құнын есептеу әдістемесі;
Елді мекендерді сумен жабдықтау жүйелерін қосу критерийлері.
Мысалы, Қостанай облысында сумен жабдықтау жалпы ұзындығы 1 мың шақырымға жететін топтық су құбырлары арқылы су объектілерінен жүзеге асырылады. Екі көршілес ауылда сумен жабдықтау қызметтерінің тарифтері әртүрлі. Егер біреуінде тұрғындар 1 текше метр үшін 100 теңге төлесе, екіншісінде толық тариф, яғни 1 текше метрге 1 мың теңге төленеді.
Комитет басшысының айтуынша, бұл факті тұрғындардың алаңдаушылығын туғызады. Қабылданған нормалар өңірлердегі бір текше метр судың құнын орташа деңгейге теңестіруге мүмкіндік береді.
Қазақстанда жергілікті атқарушы органдардың халық үшін ауыз суға тарифті дербес белгілеу ережелері енгізілді. Бұл ретте оның мөлшері тиісті жылдың 1 қаңтарындағы республика бойынша орташа тариф шегінде болуға тиіс.
Спикер Су кодексіне сәйкес мәслихаттар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын және сумен жабдықтау қызметтеріне қолданыстағы тарифтерді ескере отырып, ауыз судың 1 текше метріне ақы мөлшерін дербес реттей алатынын атап өтті.
«Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдар халық үшін оның құнын анықтау бойынша жұмыстар жүргізуде», – деп түсіндірді ол.
Бақытжан Жүнісбеков су тұтыну нормативтері бір адамға тәулігіне 140 литрден асып кеткен жағдайда, халық артық көлем үшін 30% жоғары мөлшерлемемен төлейтінін айтты.

