RSS лента

89 қалаға су барады

  • 28.04.2023, 03:05,
  • 548
  • 0
  • Автор:
Автор фото: ашық дереккөз

Биыл халықты сумен қамтамасыз ету бойынша 402 жоба жүзеге асырылады, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.



Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Пазылбекұлы халықты ауыз сумен қамту шаралары туралы баяндады. Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жүргізілген түрлі бағдарламалардың арқасында бүгінгі таңда халықтың суға деген қолжетімділігі 96,8% құрап отыр. Бұл 19,7 млн халықтың 19,1 млн-ы сумен толық қамтамасыз етілген дегенді білдіреді, деді комитет төрағасының орынбасары. Қалған азаматтарға 2025  жылдың соңына дейін толыққанды ауыз су қолжетімді болады.

 

    «Тұщы жерасты суларының ресурстары оңтүстік өңірлерде шоғырланған. Ол тұщы судың 57%-ын құрайды. Атырау, СҚО, Маңғыстау, Қостанай және Ақмола облыстарының тұщы жерасты суларының ресурстары, өкінішке орай, шектеулі», - деді Ә. Пазылбекұлы.

 

Жауапты ведомстволардың алдында 2025 жылдың соңына дейін сапалы аузы сумен халықтың 100% қамтамасыз ету міндеті тұр. Бұл көрсеткішке Тұрғын үй коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік тұжырымдамасы шеңберінде қол жеткізу жоспарланған. 

 

    «Қазіргі таңда жаңа Су кодексі әзірленуде. Ол жыл соңына дейін Парламенттің қарауына енгізіледі», - деп нақтылады комитет өкілі. 

 

Оның айтуынша, қалалар бойынша халықты сумен қамтамасыз ету қазіргі таңда 98,4% құрайды. Оның ішінде СҚО, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда, Жетісу, БҚО, Ұлытау, Ақтөбе, Алматы облыстары сумен толыққанды жабдықталған. Ауылдық елді мекендер бойынша бұл көрсеткіш ауыл халқының 94,5%-ын қамтиды. Ең төмен көрсеткіштер - Қостанай, СҚО, Ақмола облысында. 

 

Спикер сумен қамтамасыз етілу көрсеткіштері төмен өңірлерге республикалық бюджеттен қаражаттың басым негізде бөлініп отырғанын айтты. Мәселен, биыл сумен жабдықтау және су бұру шараларына республикалық бюджеттен 280 млрд теңге қаражат қаралған. Бұл қаражатқа жалпы 402 жоба жүзеге асады. Атап айтқанда, қалаларда 167 млрд теңгеге 135 жоба жүзеге асады. Нәтижесінде қала халқының сумен қамтылу көрсеткіші 98,8%-ға ұлғаяды.

 

    «Ауыл халқын сумен жабдықтау бойынша биыл 113 млрд қаражат қаралған. Аталмыш қаражатқа 267 жоба жүзеге асады. Нәтижесінде аулы халқының 96,3%-ы сумен қамтамасыз етілетін болады», - деді ТКШ комитеті төрағасының орынбасары. 

 

ҚР ИИДМ халықты ауыз сумен қамтамасыз етумен қатар, оның құнын халық үшін субсидиялау бойынша да жұмыс жүргізуде. Су кодексіне сәйкес, мемлекет аса маңызды топтық және жергілікті сумен жабдықтау жүйелерінен ауыз су беру жөніндегі қызметтердің құнын ішінара субсидиялайды. Демек, 1 текше метр ауыз суды тариф пен төлем мөлшері арасындағы айырмашылық мемлекет тарапынан субсдияланады, деп нақтылады ведомство өкілі.

 

Спикердің айтуынша, Мемлекет басшысының Қазақстан халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын уақытылы және сапалы орындау үшін кезең-кезеңмен жоспар әзірленіп, онда әрбір елді мекен ескерілген. Тиісті мониторинг, оның ішінде іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізу, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және құрылыс-монтаждау жұмыстарын өрістету бойынша жүргізілуде.

 

    «89 қаладан 64 қала жүз пайыз сүзгіден өткізілген сумен жабдықтаумен қамтамасыз етілген. Кезеңдік жоспар аясында қалған 25 қала 2025 жылдың соңына дейін сумен толық қамтамасыз етіледі», - деді ҚР ИИДМ комитетінің өкілі.

 

Сонымен қатар, қала халқының өсуін ескере отырып және сумен жабдықтау бойынша сапалы қызмет көрсету үшін республикалық бюджет қаражаты шеңберінде су тазарту құрылыстарының қуатын ұлғайту, магистральдық су құбырларын кеңейту, су бұру жобаларын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде, деп атап өтті спикер.

 

ИИДМ өкілі журналистердің сұрақтарына алдын ала жауап бере отырып, елорданы сумен жабдықтауды жақсарту бойынша жобалар туралы айтты. Мысалы, қазіргі уақытта министрлік өнімділігі тәулігіне 105 мың текше метр су болатын жаңа сорғы-сүзгі станциясын салу бойынша жобаны іске асыруда. Қазіргі уақытта Астанада ауыз судың тәуліктік тапшылығы 25 мың текше метрді құрайды. Елорданың кейбір аудандарында су қысымының төмендеуін Әзімбек Пазымбекұлы жаңа құрылыстардың жүргізілуімен түсіндірді.

 

    «Жобаны іске асыру болашақта 2026 жылға дейінгі кезеңге судың үздіксіз берілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. №3 сорғы-сүзгі станциясының құрылысын аяқтау биылғы жылдың екінші жартыжылдығында жоспарлануда», - деді ҚР ИИДМ комитеті төрағасының орынбасары.


Ауыз су тапшылығының себептерінің бірі - оған немқұрайлы қарау, дейді спикер. Бұған Мемлекет басшысы да назар аударған еді. Ол су ресурстарын ұтымды пайдалану, өкінішке орай, бізде жоқ суды тұтыну мәдениетіне байланысты екенін атап өткен болатын. Сонымен, жеке тұтынуда біз суды Еуропа елінің тұрғынынан үш есе көп жұмсаймыз.

 

    «Қазақстанда су тапшылығы бар, сондықтан дамыған елдердегідей ерте жастан бастап суға ұқыпты қарауды сіңіру қажет», - деді ҚР ИИДМ өкілі.

 

БҰҰ болжамы бойынша 2030 жылға қарай әлемде су тапшылығы 40%-ға дейін жетуі мүмкін.

 

Сонымен қатар, елімізде тарифтерді қалыптастыруға әлеуметтік көзқарас су арналарын қаржыландырудың жетіспеушілігіне және сәйкесінше олардың тез тозуына әкелді, деп наразылық білдірді спикер.

 

Судың коммерциялық және техникалық ысыраптарын, апаттар мен есепке алынбаған шығындарды азайту мақсатында республикалық бюджет есебінен су арналарын автоматтандыру жөніндегі жобаларды қаржыландыру жоспарлануда.

 

Автоматтандыру, сайып келгенде, дамытудың оңтайлы үлгілерін құру есебінен сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салу мен реконструкциялауға болашақ шығындарды, сондай-ақ мемлекеттік бюджетті оңтайландыруға мүмкіндік береді, деп есептейді ҚР ИИДМ комитеті төрағасының орынбасары.

 

    «Осы мақсаттарға республикалық маңызы бар қалаларда автоматтандыруды жүргізу үшін бюджеттен шамамен 25 млрд теңге қажет болады. Бұл ретте жобаларды іске асырудың тиімділігі айқын. Коммерциялық және техникалық су шығындары 15-40%-ға, апаттылық 30-50%-ға дейін төмендеуі мүмкін», - деді спикер.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости