RSS лента

ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ!..

  • 11.11.2024, 14:03,
  • 2 115
  • 0
  • Автор:
Автор фото: freepik.com

«Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген сөз бар халық даналығында. Бүгінде басшы да, қосшы да көп, бірақ жасалған жұмыстың нәтижесі көңіл көншітпей жатады. Егер мемлекетті адам ағзасына теңесек, ондағы қантамырларға қыстырылған бір құмалақтың бір қарын майды шірітіп жіберетін күші бар екенін көреміз. Міне, ендеше, сыбайлас жемқорлық та сондай құмалақтың бірі. Оның түп тамырын бүкіл ел болып балталамаса, басқалай жолы жоқ. Сонымен, ғұмыры ғасырларға жалғасқан «жегі құртты» жоюға бола ма? Осы сауал көптің көкейін тескені анық.

Әңгімемізді қарапайым ғана мысалдан бастайық. Кейбір мемлекеттік қызметкерлер қандайма бір мәселені шешу барысын сағызша созып жіберетіні бар ғой. Неге деп ойлайсыздар? Тәжірибе көрсетіп отырғандай, осыған ұқсас жағдайлардан параның «иісі» шығады.

 

«Сыбайлас жемқорлық – бұл қоғамның дамуында үлкен кедергі болып табылатын мәселе. Ол мемлекеттік институттардың тиімділігіне, экономикалық өсімге және әлеуметтік әділдікке теріс әсер етеді. Сыбайлас жемқорлықтың негізгі себептері – мемлекеттік қызметкерлердің жауапсыздығы, заңнамалық база мен қоғамдық бақылаудың әлсіздігі, сондай-ақ қоғамдағы жемқорлыққа төзімділік деңгейінің жоғары болуы» дейді Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин.

 

«Transparency Kazakhstan» ұйымының халық арасында жыл сайын жүргізетін сауалнамасы көрсеткендей, соңғы кезде жемқорлықтың жиілеп жатқаны адалдық мәдениетінің қалыптаспауынан болып отыр. Ал, оны қалыптастыратын мемлекеттік қызметкерлер екені айтпаса да түсінікті. Егер «бюджеттің» көрпесін әркім өздеріне тартып әлек болса, көпке кімді үлгі етеміз? Сондықтан халықпен жұмыс жасайтын азаматтар әділ, шынайы және ақшаға «сатылмайтын» болуы керек. Сонда ғана тұрғындар тарапынан сенім көпірі пайда болады және одан арсыз адамдар өте алмайды. 

 

Респонденттердің ішінде мемлекеттік органдарға хабарласқандарының 11,3%-ы  тұрмыстық жемқорлыққа тап болған. Ал, 8,2% шағын және орта кәсіп өкілдері мәселені бейресми түрде шешуге тура келген жағдайдан жапа шеккен. Соған қарамастан, сауалнама бойынша сұралған кәсіпкерлердің 80 пайызынан көбі пара бермей де бизнеспен айналысуға болатынын айтқан. Расымен де, солай болар, бірақ олардың бәрі бірдей Ата Заңды жатқа білмейтін шығар? Оны да ойлау керек-ақ. Сол үшін де кәсіпкерлердің, соның ішінде алыс ауылда төрт түлік түлетіп жүргендердің құқықтық сауаттылығын арттыруды Үкімет жолға қойса, жақсы болар еді.

 

Пара демекші, оны жалақы түскендей күтіп отыратындар бар. Солар қай өңірде, қай мемлекеттік органда және қай салада көбірек кездесетіні белгілі болды. Арнайы сауалнамаға жауап берген тұрғындар – Атырау, Жамбыл, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында, ал, кәсіпкерлер – Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларында қандайма мәселе «айналма жолмен» шешілетінін ашық айтқан.

 

Емхана, аурухана, полиция, салық, өрт сөндіру, жер қатынастары, қалалық құрылыс, халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО), мемлекеттік балабақша, жоғары оқу орындары жемқорлыққа ең көп жол беретін мемлекеттік мекемелер болып саналады екен. Жіліктеп көретін болсақ, емдеу, жұмысқа орналастыру, балабақшаға бала беру, жер мәселесін шешу, ХҚКО-ынан анықтама алу, салықтық есеп тапсыру, заңбұзушылықтан жалтару және емтихан сессиясын «жабу» қажеттіліктері жемқорлыққа сеп болған. Ұйқастырып айтар болсақ, балабақшаға баламен бірге пара береді, ал, алғыштар болса, ала береді...

 

Осындай жағдайлардың орын алуына 50 пайыз мемлекеттік орган қызметкерлері бастамашы болатыны да сауалнама арқылы анықталған. Ашығын айтқанда, мемлекеттік қызметкерлердің жедел немесе мүлде әрекет етпеуі, мемлекеттік жүйедегі техникалық қателіктер, полицейлер мен сот орындаушылардың дөрекелігі, аудан әкімдерімен жолығудың қиындығы жұрттың жүйкесін жұқартқан.

 

Баяғыда біреу пара алды дегенді естіген жұрттың төбе шашы тік тұратын еді. Қазіргі қоғам бұған түк таңданбайды. Тіпті, жыл сайын параның орташа мөлшерін шығарып отырады.

 

Бұрын үлкендер Ұлыстың ұлы күнінде «барлық бәле-жәле жерге сіңсін» деп ырымдап жататын еді ғой. Ал, қазір пара бергіштер «жемқорлық жерге сіңіп жоқ болсын» деп бата берсе екен деген ұсыныс бар.

 

– Сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін әртүрлі шаралар қабылдануы керек. Бұл шараларға заңнаманы жетілдіру, қоғамдық мониторингті күшейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және жауапты мемлекеттік қызметкерлерді тәрбиелеу жатады. Жемқорлықтың зардаптары ауыр: экономикадағы инвестициялық климат нашарлайды, халықтың әлеуметтік жағдайы төмендейді, білім мен денсаулық сақтау саласындағы қызметтер сапасы төмендейді. Сондықтан, сыбайлас жемқорлықпен күрес – әрбір азаматтың, қоғамның және мемлекеттің ортақ міндеті. Осыған орай, ақпараттандыру, ашықтық және қоғамның қатысуы маңызды рөл атқарады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияларды жүзеге асыру арқылы ғана біз адал әрі тиімді мемлекет құра аламыз, - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Атырау облысы бойынша департаменті Превенция басқармасының басшысы Жәнібек Қаражанов.

 

Бүгінде жемқорлық жойылып кетпесе де, бір қадам артқа шегінгенге ұқсайды. Расымен де, өндірісті өңірде соңғы кезде мұндай қылмыстар қатары аздап төмендегені байқалады.

 

Ресми деректерге сүйенсек, жемқорлық деректерінің басым көпшілігі құқық қорғау, әкімдік пен салық органдарында тіркеледі. Бір қызығы, ер азаматтар әйелдерге қарағанда 3-4 есе жиі пара береді екен.

 

Ағымдағы заңнамаға сай, лауазымдық жағдайына байланысты енді ешкімге сыйлық беруге болмайды. Егер сыйлықтың бағасы екі айлық есептік көрсеткіштен төмен болса – әкімшілік, ал, одан жоғары болса – қылмыстық жауапкершілік қарастырылады.

 

ТҮЙІН

 

...Иә, сірә, ең дұрысы – пара орнына бата беру. Есесіне, ертеңіне жүзің жарқын, жолың айқын болады. Қалай болғанда да, мемлекеттік кәсіби аппарат құру, өңірдегі жемқорлық деңгейін төмендету, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету, тұрғындардың сенімін нығайту – бәрі де мемлекеттік қызметкерлердің қолында.

Оставить комментарий
Последние новости
  
ЭКОНОМИКА
28.01.2517:29
Курс доллара снижается  
      
Все новости