Қаржы министрлігі мұндай бағдарламаны іске қосқан жоқ. Ведомствоның ресми сайтында алаяқ брокерлерден зардап шеккендерге төлеу үшін қаражат бөлінетіні туралы жазылмаған.
Жарнама «Вектор» заң фирмасының атынан таралуда. Алаяқтар сілтеме арқылы өтіп, тегін кеңес алуды ұсынады. Белгісіз сайтта «1000 еуродан артық ақшаңыздан айрылсаңыз, команда Сізге алаяқ брокерден шығынның 96% қайтарады» делінген. Өтінішіңіз бойынша жұмысты бастау үшін жеке деректеріңізді қалдыру керек.
2023 жылы «Вектор» компаниясын қаржылық алаяқтарды анықтаумен айналысатын Vklader.com порталы тексерген. Сайттың қорытындысы белгілі: «Векторды» қылмыскерлер құрған. Алаяқтар Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Өзбекстанда, Ресейде және басқа елдерде де әрекет етеді.
«Вектор» сайттың домендік атауын, деректемелерін, мекен жайын үнемі өзгертіп отырады. Фирма азаматтарды алдау мақсатында құрылған.
Ақшаны «қайтару» барысында оның табылғаны анықталады. Бірақ тағы да ақша төлеу керек болады. Бұл алаяқтардың қулығы. Белгісіз біреулерге ақша аудармаңыз.