Оның аясында мемлекеттік қолдау шаралары бойынша консультациялар жүргізіледі, сондай-ақ тегін қысқа мерзімді оқыту курстары ұсынылады және жұмыссыздар немесе уақытша жұмыспен қамтылған азаматтар жұмысқа орналастырылады. Жобаның негізгі ерекшелігі – мамандар азаматтардың келуін күтпей, керісінше, сауда орталықтары секілді адам көп жүретін жерлерге шығып, кеңес береді. Бұл бағытта өңірлерде атқарылып жатқан шаралар ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды. Primeminister.kz мәлім еткендей, Қарағанды облысында жоба 25 маусымнан бастап жүзеге асуда. 4 кеңес беру пункті ашылды. 3-еуі облыс орталығында, 1-і Теміртау қаласында орналасқан. Мұнда арнайы оқытылған 8 маман қызмет көрсетеді.
«Жоба шеңберінде 15 маусымда комьюнити-орталық ашылды. Мұнда жастар үшін дыбыс және подакст жазу студиялары жұмыс істейтін болады. Яғни, оларға креативті өнім шығаруға қатысты тренингтер ұйымдастырылып, дағдыларды игеруге мүмкіндік беріледі. Біз, сондай-ақ, көмекке жүгінген азаматтарға 5 колледж базасында қысқа мерзімді оқу курстарын ұсынып отырмыз. 1 тамыздан бастап, меңгеретін мамандықтардың күрделілігіне қарай ұзақтығы 5-30 күн аралығындағы курстар ұйымдастырылады. Соңында сертификат табысталып, жұмысқа орналастырылады», — деді облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов.
Сонымен қатар өңірде 60-50-50 нөмірлі байланыс орталығы да жұмыс істеуде. Қолданушылар ыңғайлылығы үшін Телеграм-арна іске қосылды.
Алматы жобасы аясында құрылған Telegram-бот өзіндік ақпараттық жүйе іспетті. Мұнда жазған азаматқа бірден бос жұмыс орындары мен тегін онлайн-курстар тізбесі ұсынылады. Ол үшін бот «jasalmaty.kz» жастар порталымен интеграцияланған. Қызметтер азаматтарға проактивті режимде ұсынылады.
«Біз Астанада жүзеге асып жатқан “Jol Tap” негізінде жұмыс істеуді ұйғардық. Алайда, Алматы ерекшеліктерін ескере отырып, бірқатар талапты өзгерттік. Қаладағы 8 комьюнити-орталықта кеңес беру нүктелері ашылды. Оған қосымша ірі сауда орталықтары ішінен 3 пункт ұйымдастырылды. Жобаны толығымен 1 шілдеден бастап жүзеге асыруға дайынбыз», — деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов.
Шымкентте жоба 25 мамырдан бастап жүзеге асырылып жатыр. Осы уақыт аралығында 10 кеңес беру пунктінде 183 азамат түсіндіру жұмыстарымен қамтылды. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің сөзінше, олардың біразы әлеуметтік көмек алушылар тізіміне тіркелсе, енді бірі тұрғын үй кезегіне қойылды. Бірқатар азамат кәсіптік оқыту шараларымен қамтылды.
Ақтөбе облысында жоба арқылы жұмысқа орналастырудың 2 нұсқасы жүзеге асырылмақ. Облыстың жастар саясаты басқармасының басшысы Мирхан Ермағанбетовтің сөзінше, бүгінде өңірдегі шағын және орта бизнес өкілдерімен келіссөздер жүргізілген. Нәтижесінде 40 кәсіпкер жобаға қатысушылар үшін шеберлік сағаттарын өткізіп, кейін оларды жұмысқа орналастыруға келіскен.
«Сондай-ақ біз индустриалды даму басқармасы арқылы өнеркәсіп орындарындағы вакансияларды ұсынбақпыз. Қазіргі таңда алдын ала келісім бар. Бұл ретте еңбек мобильділігі орталығының мүмкіндіктерін пайдалану көзделіп отыр», — деді Мирхан Ермағанбетов.
Өңірде жоба 15 шілдеден бастап жүзеге асырылмақ. Оның шеңберінде облыс орталығының халық көп шоғырланған аумақтарында 5 модульді пункт орнату қарастырылған.
«Жоба әр өңірдің өз ерекшеліктеріне қарай жүзеге асырылып келеді. Дегенмен, оң тәжірибелермен өзара алмасу қажет деп ойлаймын. Ең негізгі мақсат – азаматтарды жұмыспен қамту. Бұл ретте барлық мүмкіндіктерді пайдалануымыз керек», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.