RSS лента

Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау жетілдірілмек

  • 31.07.2023, 03:32,
  • 259
  • 0
  • Автор:
Автор фото: ortcom.kz

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігін арттыру мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Жиынға қатысушылар тауардың Қазақстаннан шыққанын растаудың жаңа тәсілдерін қарастырды. Осылайша жеткізушілер түрлі мемлекеттік қолдау шараларына үміткер бола алатын отандық тауарлардың бірыңғай тізілімін қалыптастыру және жүргізу ұсынылады. Тиісті өндірістік және технологиялық шарттардың, мәселен, конструкторлық құжаттаманың, өндірістік алаңдардың, жабдықтардың, білікті мамандардың және т. б. болуын бір рет растау арқылы тізілімге кіруге болады.

 

Мұндай тәсіл тауардың шығарылған елін айқындау туралы ақылы сертификаттар беруді, сондай-ақ импортталатын тауар өндірушілердің мемлекеттік қолдау шараларын алу шарттарын алып тастауға мүмкіндік береді деп күтілуде. Сонымен қатар бірқатар процесті автоматтандыру мен цифрландыру арқылы өз өнімдерін басқа елдерге экспорттайтын отандық компанияларға түсетін жүктеме азаюы мүмкін.

 

Жалпы, қазақстандық тауарлардың шығу тегін белгілеу тиімділігін арттыру мемлекеттік қолдау шараларын отандық адал өндірушілерге бағыттауға, локализацияның дамуын ынталандыруға, республикадағы өндірістік қуаттарды жаңғыртуға және кеңейтуге, әртүрлі тауарларға баға белгілеудің ашықтығын арттыруға, т. б. мүмкіндік береді.

 

Премьер-Министр жаңа жүйені әзірлеуді «Атамекен» ҰКП және салалық қауымдастықтармен тығыз ынтымақтастықта жалғастыру керектігін атап өтті.

 

«Бизнеске қатысуын қосымша үзінді көшірмелермен растау талап етілмеуі үшін тізілімді мемлекеттік органдардың дерекқорларымен біріктіруді қамтамасыз ету қажет. Жалпы, тізілім тауардың шығу тегі туралы сенімді ақпарат беретін бірыңғай дереккөзіне айналуға және адал бизнестің мүддесі үшін жұмыс істеуі керек», — деді Әлихан Смайылов.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости