«QazTrade» АҚ-ның Бас директоры Нұралы Бөкейхановтың айтуынша, осы аптада бірлескен қазақстан-өзбек компаниясы тіркеліп, ашылды.
«UZKAZTRADE» ЖШҚ тек тепе-тең негізде жұмыс істейтін болады, яғни компанияны «QazTrade» өкілдері де, «UzTrade» компаниясындағы әріптестеріміз де 50/50 қағидаты бойынша басқаратын болады», - деп нақтылады Нұралы Бөкейханов.
Бірлескен экспорттық-импорттық компанияның қызметі қазақстандық тұтынушыны көтерме бағамен көкөністер мен жемістермен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жағдайда делдалдардың ұзын тізбегі алынып тасталады. Мысалы, өзбек декханымен алдын ала келіссөздер барысында Қазақстанға жеміс-көкөніс өнімдерін көтерме сатып алу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
«Компания пайда табуды жоспарламайтынын және импортталатын өнімге коммерциялық маржа қосқысы келмейтінін ескеру маңызды. Ең аз әкімшілік шығындарды жабатын шағын ғана үстеме ақы болуы мүмкін. Бірақ жеткізілім ауқымын ескере отырып, бұл тауардың түпкілікті бағасына айтарлықтай әсер етпейді», - деп түсіндірді «QazTrade» басшысы.
Нұралы Бөкейхановтың ақпараты бойынша, осындай бірлескен Қазақстан-Пәкістан компаниясы Лахор қаласында іске қосылу сатысында тұр. Сондай-ақ, «QazTrade» жақын арада Тәжікстан Республикасының Душанбе қаласында өзінің еншілес ұйымын тіркеуді жоспарлап отыр.
Қазақстандық қатысуы бар экспорттық-импорттық компаниялар әлеуметтік маңызы бар өнімдерді әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға және ірі сауда желілеріне жеткізумен айналысатын болады. Бұл ретте бірлескен кәсіпорындарда қандай да бір преференциялар болмайды. Сатып алу ұсынылатын өнімнің бағасы орташа нарықтық бағадан төмен болған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Бұл тәсіл инфляцияны тауарлардың жеке позицияларында ұстауға мүмкіндік береді.
Бірлескен компаниялар қазақстандық ұн тарту, жеміс-көкөніс және май өнімдерін Өзбекстанға, Пәкістанға және Тәжікстанға экспорттайды деп болжануда, бірақ нарықтық шарттарда ғана.
«QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ шағын және орта бизнес кәсіпорындарына өңделген тауарларды экспорттауға, қазақстандық шикізаттық емес өнімді өткізуге жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу бойынша мемлекеттік қолдау шараларын көрсетеді, Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етеді. «QazTrade» жалғыз акционері Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі болып табылады.