RSS лента

Қазақ мұнайының болашағы нешік?

  • 28.12.2021, 04:29,
  • 449
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Бүгінде мұнай-газ секторы отандық экономиканың локомотивіне айналып отыр. Осы сала мемлекет қазынасын қалыптастыратын түсімдердің басым бөлігін, Ішкі жалпы өнімнің төрттен бірін құрайды. Тәуелсіздік жылдарындағы мұнай-газ өнеркәсібінің дамуы ардагер мұнайшы, кезінде Мұнай және газ өнеркәсібі министрінің орынбасары болып қызмет еткен Ғалиаусат КЕШУБАЕВПЕН әңгімеміздің арқауына айналды.

– Ғалиаусат Қайырбекұлы, әңгімемізді мұнай-газ өнеркәсібі саласының құқықтық негіздерінен бастасақ?


– Иә, 1995 жылдың 28 маусымында Қазақстан Республикасының «Мұнай туралы» заңы қабылданғаны белгілі. Соның негізінде елімізде мемлекеттік емес құрылымдарға жер қойнауын пайдалану құқығы берілді. Мемлекет пен жер қойнауын пайдаланушы субъектілердің жауапкершілігі нақтыланды. 1990 жылдың 25 қазанында «Егемендік туралы» Декларация қабылданғаннан кейін, Тәуелсіздіктің бастапқы бес жылында Қазақстанда бұл саланы құқықтық тұрғыдан реттеуге септігін тигізген бірнеше заң қабылданып, қолданысқа енгізілді.


Елімізде мұнай мен газ өндіру және экспорт көлемін ұлғайту арқылы энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану міндеті алғы кезекке қойылды. Осы мақсатта шетелдік озық технологиялар мен ірі капиталды өндіріске тарту үшін әлемдегі ірі мұнай компанияларымен ұзақ мерзімді әріптестік орнату, инфрақұрылым жасақтау, өзге де іс-шараларды жүзеге асыру көзделді.


– Отыз жылдағы мұнай-газ секторының даму кезеңдеріне толығырақ тоқталсаңыз?


– Оны негізгі үш кезеңде бөліп қарауға болады. 1991-1995 жылдар аралығын қамтыған бірінші кезеңде салаішілік қарым-қатынастар бір жүйеге келтіріліп, шетелдермен әріптестік байланыстар орнатылды. Екінші кезеңді құраған 1996-2002 жылдары көмірсутегін барлау және өндірумен байланысты жобаларды іске асыруға, сенімді экспорттық мұнай құбырын жасақтауға баса назар аударылды. Ал, одан кейінгі жиырма жылға жуық (2002-2021) уақытта негізінен саладағы ірі инновациялық жобаларды жүзеге асыруға, қазақстандық мазмұнды арттыруға маңыз берілді.


– Мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы ең маңызды деген оқиғалар туралы кеңірек айта кетсеңіз?


– Сұрағыңыз түсінікті. Өңірге қатысты айтсақ, Өзен мұнай кеніші қайта қалпына келтіріліп, Кенбай кен алаңы игерілді. «Теңіз –Новороссийск» экспорттық мұнай құбырының құрылысы салынды. Осы кезеңде Каспий теңізінің қайраңындағы «қара алтын» қорын игеру, мұндағы мұнай операцияларына қолдау көрсету үшін флотты дамыту, Атырау мұнай өңдеу зауытын реконструкциялау жұмыстары, «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының құрылысы басталған болатын.


Жүйелі де жоспарлы түрде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 1991-2021 жылдар аралығында республика бойынша саладағы ішкі жалпы өнім, сәйкесінше өндірілген мұнай мен өнеркәсіптік өнімдердің көлемі бірнеше есеге өсті. Магистралды мұнай және газ құбырларының құрылысы қолға алынып, бұл нысандар мейлінше қысқа мерзімде пайдалануға берілді. 2016 жылы Атырау мұнай өңдеу зауытында автомобиль бензині мен дизель отынының, өзге де жоғары сұранысқа ие өнімдердің замануи түрлері шығарыла бастады. Қазіргі кезеңде мұнда экологиялық тұрғыдан сауықтыру шаралары жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді.


Қазіргі таңда Атырауда еліміздегі ең ірі және алғашқы мұнай-химия кешенінің құрылысы аяқталғалы тұр. Болашақта зауытта полипропилен мен полиэтиленнің бірнеше түрі шығарылмақ. Заманауи кешеннің іске қосылуы мұнай-газ секторындағы кәсіпорындар мен сервистік компаниялардың жұмысын жаңа сатыға көтеруге, осылайша, қазақстандық мазмұнның үлес салмағын арттыруға мүмкіндік береді.


– Қай саланың да шешімін күткен проблемаларының болатыны анық. Бұл ретте не айтар едіңіз?


– Өте орынды сауал. Расымен өндіріс өркендеп, мұнай-газ өнеркәсібі ілгері басып келеді дегенімізбен, әлі де кейіндеп келе жатқан олқы тұстарымыз аз емес. Мәселен, «қара алтын» мен «көгілдір отынды» көптеп өндіргенімізбен, өкінішке қарай, геологиялық қорлардың орнын толтыру коэффиценті төмен күйінде қалуда.


Екіншіден, өндірістің техникалық деңгейі де тиісті стандарттар мен талаптарға сай келе бермейді. Біліктілік деңгейі жоғары мамандардың жетіспейтіні, сервистік қызмет көрсету секторындағы компаниялардың бәсекелестік ортаға толық бейімделе алмағаны да шындық. Осындай мәселелер толықтай шешімін тауып, кемшіліктер қалпына келтірілгенде ғана алда да үлкен асуларды алатынымыз анық.


Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости