Сотта анықталғандай, 2025 жылғы желтоқсан айында К. Ұлттық кітапхана ғимаратында дөңгелек үстел ұйымдастырып, тиісті рұқсаты мен өкілеттігі болмағанына қарамастан, мемлекеттік наградаларға ұқсас атаулары мен сыртқы белгілері бар марапаттарды табыстаған.
- Аталған әрекет ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 674-бабының 2-бөлігі бойынша сараланды. Бұл бап жеке тұлғаларға – 5 айлық есептік көрсеткіш, лауазымды тұлғаларға – 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуды, сондай-ақ заңсыз пайдаланылған белгілерді тәркілеуді көздейді, - деп жазды Алматы соттарынан.
Сот қаулысымен К. кінәлі деп танылып, оған 5 айлық есептік көрсеткіш (19 660 теңге) мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды. Заңсыз пайдаланылған белгілер тәркіленді.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

