RSS лента

Жайық жоғалып барады...

Автор фото: Ерлан Алтыбаев

Түп тереңдету жұмыстары онсызда арнасы тарылып бара жатқан Жайық суының теңізге қарай ағып кетіп, арнасының сарқылып қалуына себепші болуы мүмкін. Өйткені каспийдің деңгейі өзеннен әлдеқайда төмен орналасқан, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Ешқандай ғылыми негіздеме жасалмастан бұлайша жабайы түрде қаза беру су арнасының теңізге құяр тұсындағы табиғи тепе-теңдігін бұзып, қоршаған ортаға да едәуір зиянын тигізуі ықтимал. Сондықтан млрдтап қаржы шығарып, қазынаны қыруар шығынға батырып түп тереңдету жұмысын жүргізгенше, керісінше өзенге түсетін салмақты азайтудың жолдарын қарастыру керек.

 

Бұл туралы қоғам белсендісі Дидар Хамзин айтты. Нақтылап ойлап қараған жанға сөзінің жаны бар секілді. Расында да, неге түп тереңдетуге жыл сайын ондаған миллиардтап қыруар қаржы шығындап, топырақтың қыртысын бұзып, қаза бергенше, сол ақшаны КОС-қа жұмсап, сарқынды суларды тазартып, техникалық мақсаттағы су өңдеу технологиясына жұмсамасқа?! Сонда көп нəрсе ұтарымыз хақ! Қазіргідей Каспий теңізінің тартылып бара жатқан кезінде оның арнасының соңынан қуалап қаза берудің еш мағынасы қалмаған сыңайлы. Түп тереңдетудің түпкі мақсатқа жеткізбейтіні белгілі бола бастады, себебі көзге көрініп тұрған нəтиже де жоқ. Оның үстіне, қоғам белсендісі айтқандай, «Орынбордан əрең келіп жеткен бар суды түп тереңдету арқылы теңізге ағызып жіберсек, Жайықтан айырылып қалу қаупі де жоқ емес».

 

Бірақ аталған мəселеге орай қарсы уəж келтірген облыстық табиғи ресурстар жəне табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқов түп тереңдету жұмыстары өзеннің теңізге құяр ескі сағаларында жүргізілгенін, Жайықтың Каспийге құяр негізгі арнасында қазу емес, тазарту жұмыстары жүріп жатқанын айтып, түсінік берді. Бұл, негізінен, балықшы кемелерін əрліберлі өткізу жəне де уылдырық шашар мезгілінде балықтардың емін-еркін жүзуі үшін қолға алынған жоспарлы іс-шаралар.

 

Осы жəне экологияға қатысты өзге де мəселелер «AMANAT» партиясы облыстық филиалында өткен аймақтық экология жөніндегі кеңес отырысында қаралды. Отырысқа төрағалық еткен Əлібек Семғалиев басқосуға қатысуға келген кеңес мүшелеріне шақырылған облыстық табиғи ресурстар жəне табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқов пен экология департаментінің басшысы Əлібек Бекмұхамбетовті жəне күн тəртібінде қаралатын бес мəселені таныстырып өтті. Олар: «2023-2027 жылдары Құрманғазы, Қызылқоға, Исатай аудандары елді мекендерінде 54 га құм тоқтату жұмыстарын жүргізу», «Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау жəне қалпына келтіру жөніндегі шараларды іске асыру», «Жайық өзені жəне Каспий теңізі жағалауларынан суға батқан 27 ірі габаритті заттардан тазарту», «Жайық, Қиғаш өзендерінің Каспий теңізіне құяр сағасын тереңдету жұмыстарын жүргізу», «Атырау қаласында жалпы көлемі 476 га болатын «Тухлая балка» ағынды суының булану алаңын тазарту» туралы мəселелер еді.

 

Барлық бес мəселе бойынша да облыстық табиғи ресурстар жəне табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқов алдын ала дайындалған слайд арқылы баяндама жасады. Көтеріліп отырған мəселелер 2023- 2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасына сəйкес «AMANAT» партиясының іс-шаралар жоспарына енгізілген. Нұрлан Қойланұлы, міне, осы іс-шаралар жоспарының 6 ай ішіндегі Жол картасы бойынша аймақтағы экологиялық жағдайды жақсарту жəне оның шешу жолдары жөніндегі атқарылған жұмыстарының орындалысы туралы əңгімеледі.

 

– Облыстың күрделі экологиялық мəселелерін шешуде облыс əкімдігі Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, өңірдің өзекті экологиялық проблемаларын шешу жөніндегі Жол картасын қабылдап, 7 бағытта жұмыс атқарып жатыр. Атырау облысының 2021-2025 жылдарға арналған əлеуметтік-экономикалық дамуының Кешенді жоспарына сəйкес, облыс көлеміндегі бірінші кезекте шешілуге жататын экологиялық проблемалар енгізілді. Олар құм тоқтату, түп тереңдету жұмыстары, Жайық өзенінен ірі габаритті заттарды шығару, Қиғаш өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасын тазалау, «Тухлая балка» ағынды суының булану алаңын тазарту, - деді Н.Жантоқов.

 

 

Оставить комментарий
Последние новости