Алматы қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, Брусиловский көшесінде орналасқан “Алтын бұлақ-2” тұрғын үй кешенінің 18 қабатты үйінен қою түтін шыққаны туралы дабыл қаққан хабар түнгі сағат он екілер шамасында түскен. ЖБО жедел кезекшісі өрт орнына дереу патрульдік полицияның 13 экипажын жөнелтті. Сондай-ақ, өрт орнына іргелес жатқан көрші аудандардан да адамдар тартылды. “Алтын бұлақ-2” тұрғын үй кешенінің тұрғындарын құтқаруға және өрттің салдарын жоюға барлығы 35 полиция қызметкері қатысты.
Ең алдымен осы үйдің 177 тұрғыны эвакуацияланды. 27 адам құтқарылды, оның алтауы балалар. “Жедел жәрдем” бригадалары жану өнімдерінен уланған 2020 және 2021 жылы туған үш сәбиді шұғыл түрде 1 қалалық клиникалық балалар ауруханасына жеткізді. Сағат 01:45-те өрт сөндірілді. Оның себебін сараптама анықтайды.