Сүт безі қатерлі ісігін диагностикалаудың кең таралған әдістерінің бірі тиімсіз және сенімсіз екен. Бұл рас па, оны stopfake.kz анықтап көрді. Мәтіндегі ақпаратқа бейнеролик тіркелген. Онда Эпигенетикалық емдеу орталығының жетекшісі Джей Гудбиндер маммографияның зияны туралы айтады. Оның ғылыми және диагностикалық медицинаға ешқандай қатысы жоқ. Гудбиндер – хиропрактик және функционалды медицина маманы. Хиропрактиктер диагноз қояды және тірек-қимыл аппаратын түзету арқылы емдейді. Ал функционалды медицина мамандары немен айналысатындарын нақты айта алмайды. Мысалы, Америкалық функционалды медицина институты бұл тәсілді «дараланған, пациентке бағытталған және ғылыми негізделген» деп сипаттайды. Ол пациенттер мен дәрігерлерге аурудың себептерін жою және оңтайлы денсаулықты қамтамасыз ету үшін бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл принциптердің айқын болмауы функционалды медицинамен айналысатын мамандарға дәлелденбеген және кейде тиімсіз болатын емдеу әдістерін қолдануға жол ашады.
2020 жылдың сәуірінде Гудбиндер С витамині COVID-19-бен күресетін терапия деп жарнамалады. Медициналық сарапшылар АҚШ тұрғындарына бұл тәжірибе дәлелденбегенін және қауіпті болуы мүмкін екенін ескертті.
2021 жылы эпигенетикалық емдеу орталығы COVID-19 қарсы екпеге наразылық таныту бойынша іс-шараларға белсенді қатысты. (https://www.kcur.org/health/2021-10-12/kansas-chiropractors-spread-misinformation-about-covid-vaccines-without-consequence) Associated Press жүргізген тексеруге сәйкес, коронавирустық инфекцияны емдеу туралы жалған ақпаратты осы хиропрактиктер таратқан.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша, 2022 жылы сүт безі қатерлі ісігінен бүкіл әлемде 670 мың адам қайтыс болған. Бұл ауруға шалдығатындардың жартысына жуығы әйелдер, оларда жынысы мен жасынан басқа ерекше қауіп факторлары болмаған.
Қазақстанда сүт безі қатерлі ісігі әйелдердегі қатерлі ісіктер арасында бірінші орында тұр. Жыл сайын республикада 5 мыңға дейін жаңа жағдай тіркеледі, ал 1200 әйел осы аурудан көз жұмады.
Маммография сүт безі қатерлі ісігін, кисталарды және басқа өсінділерді диагностикалауға көмектеседі. Бұл дәлдігі жоғары рентгенологиялық зерттеу бүкіл әлемде қолданылады.
Маммографияның басты артықшылығы – ол қолмен сипап қарағанда табылмайтын қатерлі ісіктің барлық белгілі түрлерін анықтайды.
Маммографияның сенімділігі шамамен 78% құрайды. Яғни, жағдайлардың 78%-нда нәтижелер сүт безі қатерлі ісігінің барын растайды. 50 жастан асқан әйелдер арасында бұл көрсеткіш жоғары – шамамен 83%.
Қатерлі ісік ауруларының осы пайызының кемшіліктерінің бірі – жалған оң нәтижелердің болу ықтималдығы. Яғни, маммография қатерлі болып көрінетін өзгерістерді анықтайды, бірақ кейін олар қатерсіз болып шығады.
Дәрігерлердің айтуынша, жалған оң нәтижелер жиі болады, мұны бірқатар факторлармен түсіндіруге болады. Оның ішінде, сүт безі тінінің тығыздығы, кеудедегі кальцийдің ұсақ шөгінділері, тіндердің қабаттасуы, тіпті тіндердегі қалыпты өзгерістер бар. 2022 жылы Калифорния университеті сүт безі қатерлі ісігінің тұрақты скринингінен өткен 10 жылда әйелдердің жартысына жалған оң нәтижелер берілетіні көрсетілген зерттеуін жариялады.
Егде жастағы және көкірегі тығыз емес әйелдерде жалған нәтижелер аз болған. Сонымен қатар, егер скрининг жыл сайын емес, екі жылда бір рет жасалса, жалған оң нәтиже болу мүмкіндігі азаяды.
Бірақ, ем тиімді болсын десеңіз, қатерлі ісік ауруын ерте сатысында өткізіп алғаннан гөрі жалған оң нәтиже алған жақсы сияқты. Маммография – бұл сүт безі қатерлі ісігін диагностикалаудың алғашқы кезеңі. Одан өткен соң дәрігер күдіктенсе, қатерлі ісіктің болуын дәл анықтау үшін биопсия немесе МРТ сияқты қосымша зерттеулер тағайындалады.
Сондай-ақ, сүт безі қатерлі ісігінің бола тұра, нәтиже қалыпты болып шығатын жалған теріс маммография да болады. Маммография орта есеппен қатерлі ісіктің 8 жағдайында біреуін өткізіп алады, әсіресе сүт безі тіндері тығыз болатын әйелдерде.
Радиологияның құрметті профессоры және Фалуна Орталық ауруханасының (Швеция) маммография бөлімінің бұрынғы медициналық директоры Ласло Табарды маммографиялық скринингтің «атасы» деп атйды. Ол Швециядағы сүт безі қатерлі ісігінің Ұлттық скринингтік бағдарламасын дайындағандардың бірі және оның зерттеулері басқа елдерде осындай бағдарламаларды жүзеге асыруға негіз болды.
Табар өмірінің соңғы 50 жылын маммографиялық скринингті енгізуге және жетілдіруге арнаған. Ол 2018 және 2020 жылдары жариялаған зерттеулерінде емдеу әдісіне қарамастан скринингтің артықшылықтары барын дәлелдеді.
Оның мәліметінше, сүт безі қатерлі ісігі скрининг кезеңінде анықталған әйел орта есеппен 16,5 жылға ұзақ өмір сүреді.
Бүгінгі күні маммографияның сүт безі қатерлі ісігін тудыратынын нақты растайтын зерттеулер жоқ. Ауру екі скринингтің арасында дамуы мүмкін, бірақ бұл оның алдыңғы зерттеуден туындағанын білдірмейді.
Маммографияның қатерлі ісікті ерте анықтаудың диагностикалық әдісі ретінде маңыздылығын төмендеткен дұрыс емес. Бұл әдіс мыңдаған адамның өмірін сақтап, емделу мүмкіндігі жоғары болған кезде ауруды уақытында анықтауға көмектеседі. Маммографияны тиімсіз және сенімсіз әдіс деп атауға негіз жоқ. Таралған ақпарат – әйелдерді шатастырып, олардың денсаулығына қауіп төндіретін манипуляция.