Кіші Роберт Кеннеди вакцинацияға қарсы қозғалыстың белсенді қатысушысы ретінде белгілі.
2016 жылы ол Children’s Health Defense коммерциялық емес ұйымын (бастапқыда World Mercury Project) құрап, басқарған. Оның компаниясы вакциналардың қауіптілігін жақтап, оларды «созылмалы балалар ауруларының эпидемиясының» басты себебі деп санайды. Кеннеди антиваксерлікке психолог Сара Бриджестің ықпалымен келді. Оның ұлына аутизм диагнозы қойылды. Бриджестің пікірінше, ауру вакцинадағы тимеразол (құрамында сынап бар қосылыс) консервантынан туындаған.
Беделді Lancet медициналық журналындағы жарияланым америкалық психологты ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлем бойынша ондаған мың адамды шатастырды. 1998 жылғы мақалада зерттеуші Эндрю Уэйкфилд қызылшаға, паротитке және қызамыққа қарсы вакцина (MMR) және оның тимеразол консерванты аутизм тудырады деп мәлімдейді. Іріктемеге 12 бала ғана қатысқан, бұл ғылыми зерттеу үшін тым аз. Ешқандай дәлелді негіз келтірілген жоқ, дәрігердің барлық тұжырымдары сауалнамаларға ғана негізделген. Бірақ бұл мақала әлемде ата-аналардың вакцинациядан бас тартуына жеткілікті болды.
Кейінірек Уэйкфилд неге осындай оғаш зерттеу жүргізгені белгілі болды. Оны ақша қызықтырған. Ғалым адам ағзасынан қызылша вирусының іздерін анықтауға мүмкіндік беретін экспресс-тест сатпақ болған. Осы талдаудың негізінде ата-аналар вакцина өндірушілерін сотқа бере алатын еді.
Дәрігерлер Эндрю Уэйкфилдтің нәтижелерін тексере бастады. Нәтижесінде бірде-бір зертхана британдық дүмшенің тұжырымдарын растаған жоқ. Lancet журналындағы оның мақаласы алынып тасталды, ал зерттеуші алаяқтық үшін лицензиясынан айырылды.
Жанжалдың әсерінен В гепатитіне және басқа вирустық инфекцияларға қарсы вакцина өндірушілер тимеразолды егу ингредиенттерінен алып тастау туралы шешім қабылдады. 1999 жылдан бастап АҚШ-та В гепатитіне қарсы вакцина тимеразолсыз өндіріліп келеді. Ал 2001 жылдан бастап басқа вакциналардың құрамындағы сынап бар қосылыстар алынып тасталды.
Бірнеше жылдан кейін ғалымдар тимеразолды әртүрлі вакциналардан алудың балалардағы аутизм статистикасына қалай әсер еткенін анықтауға кірісті. 2008 жылы АҚШ-тың Ұлттық Медицина кітапханасында Калифорнияда аутизм жағдайлары өсуі жалғасқанын дәлелдейтін мақала шықты. Калифорнияның Даму қызметі департаменті (DDS) 3 пен 5 жас аралығындағы аутизммен ауыратын балалардың саны 1995 жылғы қаңтардан 2007 жылғы наурызға дейін әр тоқсан сайын артып отырғанын атап өтті. Мәліметтер тимеразолды вакциналардан алып тастау ешқандай әсер бермегенін көрсетті. Балаларға аутизм диагнозы қойылды.
Дәл осындай жағдай басқа елдерде де байқалды. Мысалы, Данияда тимеразол вакциналардан 1992 жылы, ал Канадада 1996 жылы жойылды. Бұл елдерде аутизммен сырқаттанушылық арта берді.
ДДҰ мен медицина институты 2004 жылы құрамында сынап бар қосылыс пен аутизмнің арасында ешқандай байланыс жоқ деген қорытындыға келді. Ол үшін балалардың жүздеген мың медициналық жазбалары зерттелді.
2003 жылдан 2012 жылға дейін Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары (CDC) тоғыз түрлі зерттеу жүргізді. Сондай-ақ тимеразол мен аутизмнің арасындағы байланыс анықталған жоқ.
Ата-аналар вакцинаны аутизммен неге байланыстырады? Ғалымдардың пайымдауынща, аутизм спектрінің бұзылуының алғашқы белгілері балаларда 12-15 айында байқалады. Осы уақытқа дейін балалар бірнеше түрлі вакцина алады.
Сонымен қатар, көптеген зерттеулер аутизм вакцинация салдарынан дамымайтынын растады. Мәселе генде жатыр. Кіші Роберт Кеннедидің В гепатитіне қарсы екпе балаларда аутизм тудырады деген мәлімдемесі – фейк.