Әлем назары басқа мәселелерге бағытталғандықтан, қазір ешбір ел жаңа пандемияға дайын емес. Мұны дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус Дубайда өткен дүниежүзілік үкімет саммитінде мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tass сайтына сілтеме жасап хабарлайды. Оның айтуынша, әлем COVID-19-дан сабақ алмаған. Оның соңы орны толмас зардаптарға әкелуі мүмкін.
"Тұмау вирусы немесе жаңа коронавирус немесе біз әлі білмейтін жаңа патоген, яғни ол X ауруы болуы мүмкін. Әңгіме оның қандай вирус екенінде емес, біз ешқайсысына дайын емеспіз”, – деді ол.
X ауруы терминін алғаш рет ДДҰ 2018 жылы ойлап тапты. Бұл дегеніміз – мамандарға белгісіз ауру.
Осыған байланысты Гебрейесус елдерді пандемияға дайындық туралы халықаралық келісімді әзірлеу кезінде туындаған келіспеушіліктерді еңсеруге шақырды. Ол 2024 жылдың мамыр айында дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының мақұлдауына ұсынылуы керек.