Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Unian басылымына сілтеме жасап хабарлайды. Independent басылымының хабарлауынша, Махеш К.Б Наяк есімді азамат өзін әйелдерге инженер немесе дәрігер ретінде таныстырған. Ол әйелдердің сеніміне кіру үшін Үндістанның оңтүстігіндегі Карнатака штатының, Тумакуру қаласында жалған емхана ашып, медбике жалдаған.
"Айыпталушы қаржылық жағынан тәуелсіз жалғызбасты әйелдерді алдаған. Оның құрбандары ажырасқан және жесір әйелдер. Олардың төртеуімен ортақ балалары бар" - дейді полиция.
Ер адам биыл өзіне тұрмысқа шыққан 45 жастағы бағдарламалық жасақтама инженерінің арызы бойынша қамауға алынды. Алаяқ жаңа әйелінен емхана ашамын деген сылтаумен 800 мың рупий тұратын әшекей бұйымдары мен 1,5 миллион рупийін алып қашып кеткен.
Әйелдің шағымы негізінде билік айыпталушыны іздеу үшін топ құрып, оны Тумакуруда ұстады. Оның үстінен әкесі кісі өлтіруге оқталғаны үшін шағым түсіргені белгілі болды.