RSS лента

Қазақстан мен Бразилияның тауар айналымы екі есеге артты

  • 17.04.2023, 18:32,
  • 399
  • 0
  • Автор:
Автор фото: dknews.kz

Астанада өтіп жатқан Қазақстан-Бразилия Іскерлік кеңесінің II отырысы өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастыққа арналды, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Кеңес жұмысына Бразилия Ұлттық өнеркәсіп конфедерациясының Вице-президенті Жилберто Порселло Петри, Рио-Гранди-ду-Сул штатының өнеркәсіп федерациясының сыртқы сауда және халықаралық байланыстар жөніндегі директоры Лусиано Д'Андреа, Бразилиялық Piratini, Rede Pampa, Band Communication Group басшылары мен өкілдері және WEG, Tramontina, Embraer компанияларының Орта Азияда, Латвияда және Еуропа елдеріндегі сату және бизнесті дамыту жөніндегі директорлары қатысты. 

 

Қазақстандық тараптан «QazIndustry «Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Берік Бекенов, бірқатар министрліктердің өкілдері, «Kazakh Invest» ҰК, сыртқы сауда палатасының, электр машиналарын жасаушылар қауымдастығының өкілдері, өнеркәсіптік компаниялардың басшылары қатысты.

 

Сондай-ақ кездесуге Қазақстандағы Бразилия Федеративтік Республикасының Елшісі Рубем Антонио Корреа Барбоса және Қазақстан Республикасының Бразилия Федеративтік Республикасындағы Елшілігінің бірінші хатшысы Дана Қарағұлова қатысты.

 

Тараптар екі елдің өнеркәсібін дамыту мәселелерін, осы сектордағы қатынастарды одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.

 

Биыл Қазақстан мен Бразилия дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толады.

 

    «Бразилия Қазақстанның Латын Америкасындағы ең ірі сауда серіктесі болып табылады. Екі ел арасындағы экономикалық байланыстар белсенді дамып келеді. Қазақстан мен Бразилияның екіжақты тауар айналымы 2022 жылы екі есеге ұлғайып, 364 млн АҚШ долларын құрады», - деп атап өтті QazIndustry Басқарма төрағасы Б.Бекенов.

 

Қазақстан Бразилияға күкірттің барлық түрлерін, ферроқорытпалар мен қара металдардан жасалған бұйымдарды, ал Бразилия Қазақстанға қант, ұшу аппараттары мен дәрілік заттарды жеткізеді.

 

Б. Бекеновтың айтуынша, екі елдің одан әрі ынтымақтастығы агрохимия, тамақ өнеркәсібі, электротехникалық машина жасау, авиақұрылысы, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда даму әлеуетіне ие.

 

Қазақстандық тарап өткізіліп жатқан «Қазақстан-Бразилия» Іскерлік кеңесінің отырысы екіжақты экономикалық байланыстарды кеңейтуге және қазақстандық және бразилиялық кәсіпкерлер арасындағы тікелей бизнес-байланыстарды орнатуға ықпал ететініне сенім білдірді.

 

Кездесудің қорытындысы бойынша Бразилия ұлттық өнеркәсіптік конфедерациясының вице-президенті Гилберто Порселло Петридің қатысуымен өткен отырыс хаттамасына қол қойылды.

 

Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстан-Бразилия» Іскерлік кеңесінің бірінші отырысы 2021 жылы Бразилия астанасында өтіп, онда алдағы жылдарға арналған ынтымақтастықтың негізгі бағыттары айқындалған.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости