RSS лента

Жоғалған сәби табылды! (+фото)

  • 13.01.2022, 02:56,
  • 1 023
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Ауғанстаннан эвакуациялау кезінде жоғалып кеткен екі айлық Сохаил Ахмади отбасымен қайта қауышты. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Сәби өткен жылдың тамыз айында жоғалып кеткен. Ол кезеңде «Талибан» қозғалысы елге баса-көктеп кіріп, мыңдаған адамдар жедел түрде Ауғанстаннан тым-тырақай қашып жатты.

Әуежайға адамдар топ-тобымен кіріп жатқандықтан, Сохаилдің ата-анасы сәбиді қақпа арқылы америкалық әскери қызметшіге берген. Бұл әуежайдағы қалың ел арасында қысылып қалмау үшін жасалған сақтық еді.

Алайда сәбидің ата-анасы айлақ аумағына аман-есен кірген соң, сүткенжесін таба алмай қалған. Сәбиден көз жазып қалған ерлі-зайыптылар амалсыз үлкен балаларын алып, эвакуациялық рейспен Кабулдан ұшып кеткен көрінеді.

Кейін әкесі Мырза Әли Ахмади мен анасы Сурая бірнеше ай бойы оның қайда екенін анықтауға тырысты. Дегенмен қараша айында Reuters агенттігінде жарияланған ақпараттан кейін бала табылды. Сәби осы уақытқа дейін кабулдық такси жүргізушісі Хамид Сафидің отбасында тұрып келген. 

Хамид Сафи баланы әуежай маңында жерде жылап жатқан жерінен тапқан. Оның айтуынша, жанында ешкім болмапты. Әке-шешесін іздеп таба алмағандықтан, такси жүргізушісі баланы асырап алмақ болып, үйіне әкелген. Тіпті, балаға Мохаммад деп ат та қойған екен. 

Сохаилдің өзге отбасында тұрып жатқаны анықталған соң, Бадахшанда тұратын сәбидің атасы Кабулға дереу аттанған. Ол немересін алып кетпек болғанымен, Хамид Сафи қарсылық білдірген. Тіпті, өздерінің талабын да айтқан. Сохаилді қайтарудың қайтарымы ретінде такси жүргізушісі өз отбасын АҚШ-қа эвакуациялауға ықпалдасуын өтінген. 

Осылайша Сохаилдің отбасы мен Хамид Сафидің арасындағы келіссөз жеті аптаға созылды. Ақырында іске «Талибан» полициясы араласып, сәбиді тауып алған Хамид Сафиді қысқа мерзімге тұтқындаған. Дегенмен екі отбасы өзара келісіп, бала өткен сенбіде туған атасына қайтарылды. 

Бұл жаңалықтан кейін Сохаилдің ата-анасы қатты қуанғандарын жеткізді. Олар елдер арасындағы саяси салқындық қалыпқа келе салысымен Сохаилді өздері қазір тұрып жатқан Мичиганға алып кетуге үміттенеді. 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости