– Сіздің өнерге келуіңізге ең үлкен әсер еткен адам кім болды?
– Өнерге келуіме әсер еткен адам марқұм әкем болатын. Сол кісі мені жетелеп үшінші сыныпта Қарағандыдағы музыка мектебіне алып келді. Бірақ, мен орысша оқымаймын деп онда бармадым. Содан ауылға қайтамын деп жылағанмын. Өйткені, ол кезде орысша білмейтінмін. Сөйтіп, мені екінші интернатқа тапсырып кетті. Сол жерде екі жылдың ішінде бүкіл Қарағандыға гүрілдеп кеттік қой. Барлық театрлар, мерекелер мен телевизияға мені қайта-қайта шақырып, концерттерге барып халықтың көзіне түстім. Ол кезде мені «кішкентай қара қыз», «Мұхамедиярдың қара қызы» деп айтатын. Ал, бесінші сыныпта мені Алматыға алып кетті. Ахмет Жұбанов атындағы мектепке шақырумен барып, сол жерде қобыз класын тәмамдадым.
– Сахнаға алғаш шыққан сәтіңіз есіңізде ме? Қандай сезімде болдыңыз?
– Мен ең алғаш сахнаға төрт жасымда шыққанмын. Содан сол ауыл сахнасынан түспедім. Бүкіл слет, шопандар тойы мен мерекелерде – барлық жерде мен ән айтатынмын. Сол ауыл сахнасы мен үшін өте киелі. Себебі, сол жердегі қариялар мен үлкен адамдардың батасымен көгеріп, жолым болды.
Жалпы, одан кейінгі үлкен сахнам – 1980 жылы Жазушылар одағының конференц-залында 6-7 өлең айттым. Өзіммен қатарлас Ақтоты Райымқұлова деген композитор қыз болды, екеуміз жақсы араластық. Атақты Сырбай Мәуленов, Ғабит Мүсірепов, Тұманбай Молдағалиев, Шөмішбай Сариев секілді ақындардан бата алдық.
Содан кейінгі сахнам – 1981 жылы 20 қарашада «Гүлдер» ансамблімен бірінші рет ең үлкен Республика сарайына шықтым.
– Ән таңдағанда ең алдымен неге мән бересіз – сөзге ме, әуенге ме?
– Әрине, сөзге мән беремін. Сөзі жақсы болса, әнін құлпыртып жібереміз ғой.
– Репертуарыңыздағы қай ән өзіңізге ең жақын? Неліктен?
– Репертуарымдағы барлық әндерім маған жақын. Өйткені, мен өзіме ұнамайтын әндерді айтпаймын.
– Қазақ эстрадасының бүгінгі деңгейіне көңіліңіз тола ма?
– Толады.
– Сіз үшін бақыт деген не?
– Күнделікті бақытты боп жүру мүмкін емес. Себебі, қаншама таныстарым, маған ән мен сөз жазған менің авторларым өмірден өтіп жатады, әлі де өтіп жатыр... Өмір деген сол ғой, кездесу мен қоштасу дегендей... Бақыт дегенің бұл – әрине, отбасың, ата-анаң, бауырларың, достарың, еліміздің тыныштығы. Елдің іргесі тыныш, аспанымыз ашық болып, соғыс болмаса, сол – үлкен бақыт.
– Өміріңіздегі ең қиын кезең қандай болды және оны қалай еңсердіңіз?
– 1984 жылы әкем өмірден өтті, оның алдында 1983 жылы үлкен ағам қайтқан еді. Екі жыл қайғылы жылдар болды. Содан кейін Зәкеңнің өмірден кеткені өте қиын болды... Бұл сынақтан да өттік. Не болса да, Алланың көзі түзу деп ойлаймын, аузымызда Алламыз бар, содан сұраймыз, ол бәрін көріп-сезеді дегендей. Әйтеуір, шүкір деп жүріп жатырмыз...
– Танымалдық адамның мінезін өзгертеді деп ойлайсыз ба?
– Ол адамның өзіне байланысты. Менің мінезім өзгермеді, қалай жаралдым, солай келе жатырмын. «Жұлдыз ауруымен» ауырған жоқпын. Мүмкін, бұл да сол кішкентай күнімнен сахнадан түспей келе жатқанымнан болар. «Ойбай, мен жұлдыз болып кеттім» деп көкірек керіп, жоғарыдан төмен қараған кездерім болмады. Өзім де қарапайым отбасыдан шықтым ғой. Көпбалалы үйде өсіп-өндім. Одан үшінші сыныптан кейін интернатта оқыдым. Содан соң тоғыз жыл жатақханада тұрдым. Бәрі маған бірден келе қоймады. Сол қиындықтың бәрінен өттім. Көпшілікпен бірге болдым. Жатақхананы білесіз ғой, өзі төрт қабатты, бір-бірімізге «нан-тұз бар ма?» деп кіріп-шығып, шайға шақырып, қарызға ақша сұрап жүретінбіз. Сол кезден әлі күнге дейін мінезім өзгермеді, бірқалыпты келе жатырмын.
– Отбасы сіздің шығармашылығыңызға қалай әсер етеді?
– Зәкең өнерді жақсы көрді, бірақ қызғаншақтау болды. Оны да көтеріп алдым, өйткені, мен үшін отбасы бірінші орында тұрды. Ағаңның жасы үлкен болды, соны ғана тыңдадым. «Мені анда-мында апар», «Москваға апарып концерт қоюыма көмектес», «шетелге барайын» деп бір ауыз сөз айтып көрмедім. Одан да осы Қазақстанның ішінде жүре берейін, өз елімде құрметті болсам, содан артық бақыт жоқ деп алысқа ұмтылмадым. Ал, өмірде күйеулері бастық не депутат болса, соны пайдаланып, үкіметтің ақшасымен шетелге барып концерт қойдырғандар бар ғой, мен ондайға бармадым. Мені өз елімде де халық елеп жатты, осы күнге дейін концертім аншлагпен өтіп келе жатыр. Сондықтан менің ешкімге ешқандай ренішім жоқ. Ең бастысы, отбасымды сақтап қалдым. Отбасы құндылығына берік болдым. Зәкеңнің өмірден өткеніне де жиырма жылдан асты, оны ешкімге алмастырмадым.
– Өмірлік ұстанымыңызды бір сөйлеммен айтсаңыз?
– Өмірлік ұстанымым – «ерте тұрған әйелдің бір ісі, еркектің ырысы артық болады». Сондықтан мен ертемен таңғы сағат бесте тұрып, бәріне үлгеремін.
– Қазіргі таңда қандай жобалармен айналысып жүрсіз?
– Бүгінгі таңда жеке концертіммен айналысып жүрмін. Тағы да Қазақстан бойынша үлкен турне – гастрольдік сапарға шығайын деп жатырмыз.
– Жас әншілерге қандай кеңес берер едіңіз?
– Көп еңбектену керек. Халықтың алдына көбірек шығу қажет. Қазақстандық әншілердің ең үлкен мақсаты – қазақ халқын мойындата білу керек. Қазақ әндерін айтқанда дикция мықты болу керек. Жас әншілер әрбір сөзін халық түсініп, көңілінен шығатындай есті әндерді айтуларына тілектеспін.
– Дуэт орындауға ұсыныс түссе, кіммен ән айтқыңыз келеді?
– Жақсы әншілердің бәрімен айтқым келеді. Ұсыныс көп, бірақ әндері ұнамай жатады.
– Әлі де орындалмай жүрген арманыңыз бар ма?
– Әрине, бар. «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» дейді ғой. Қызым Мерей өсті, биыл 24 жасқа толады. Сол қызым өзіне жақсы жар тауып, отбасылы болса екен деген арманым бар. Немере сүйгім келеді. Алла қаласа, оған да жетерміз.
– Мерей демекші, ол қай салада еңбек еткісі келеді?
– Ол оқуын биыл аяқтайды. Басында Кореяда екі жыл оқып, кейін онда барғым келмейді деді. Сонымен өзіміздегі оқу орнына түсіп, сырттай оқып жатыр. Бүгінде шетелдік компанияда жұмыс жасайды – синхронды аударма жасайды.
– Болашақта тыңдармандарды қандай жаңалықтармен қуантасыз?
– Біздің жаңалығымыз – жаңа ән ғой. Концертте біраз жаңа ән орындалады. Бірақ, барлығын бірдей бір концертте орындай алмайсың. Онда, көрерменге қызық болмай кетеді. Олар естен кетпейтін есті әндер – хит әндерді де сұрайды. Ал, оның бәрін айтатын болсаң, концерт төрт сағатқа созылып кетеді. Сондықтан әрі қарай да халықтың алдына жаңа әндерді шығарып, қуанта береміз.
– Атырауға қашан келесіз?
– Сәуір айында Атырауға гастрольдік сапар жоспарланған.
– Қазір танымал болудың жеңіл жолы әлеуметтік желіде «хайп қуу» болып кетті. Бұған қатысты пікіріңізді білсек...
– Өнерге қатты берілген адамнан хайп шықпайды деп ойлаймын. Мен солай түсінемін. Ал, атын шығара алмай жүргендер хайп қууы мүмкін.
– Жасанды интеллект арқылы әнші болу мүмкін бе?
– Болып жатқандар бар ғой. Қазірдің өзінде соның көмегімен концертте ән айтып қалатындар бар, оны да естіп жүрміз.
– Мереке қарсаңында уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фотосуреттер әншінің жеке мұрағатынан алынды









