RSS лента

Мүсінші шебер әкімдіктен қолдау таппай жүр... (+фото)

  • 03.12.2025, 18:33,
  • 61
  • 0
  • Автор:

«Мұнайлы астанамыз» атанған Атырау – өнері мен еңбегі көзге бірден түсе бермейтін, бірақ қаланың мәдени келбетіне өз үнін қосып жүрген талай шебердің мекені. Солардың бірі – соңғы жылдары аты жиі аталатын, металдан ерекше мүсіндер жасап жүрген Азамат Кенжеғалиев, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Оның ең танымал туындысы – алыстан көз тартатын «алып бекіре» мүсіні. Көшеден өткен әр адам тоқтап, таңырқап қарайтын бұл өнер туындысы бүгінде қала тұрғындарына жақсы таныс. Жуырда бізге де онымен сұхбаттасудың оңтайлы сәті түскен еді...

 

– Мұндай алып металдан жасалған бекіре мүсінін жасауға не түрткі болды? Таза шығармашылық па, әлде жеке мотивтер де бар ма?

 

– Несін жасырайын, қазіргі қиын жағдайда мені ең алдымен шабыттандырып отырған нәрсе – қаражат. Шығармашылық – өз алдына бөлек әлем, бірақ өмірдің шындығы бар. Бүгінде қаржы ауадай қажет болып тұрған шақ. Ал өнер арқылы күнкөріс жасау – ең ауыр жолдардың бірі. Сол себепті бұл мүсінді жасауымда шығармашылық ниетпен қоса, нақты табыс табу мақсаты да болды.

 

– Осындай дәу мүсінді жасау кезінде қандай техникалық қиындықтар туындады?

 

– Техникалық кедергілер өте көп. Мұндай мүсіндер әдетте арнайы станоктармен, заманауи технологиялардың көмегімен жасалады. Ал менде ондай құрылғылар жоқ. Барлығын дерлік қолмен жасауға тура келеді. Бұл – әрі уақытты көп алады, әрі физикалық тұрғыдан ауыр. Егер әкімдік тарапынан қолдау болып, қажетті станоктар алып беру мүмкіндігі туса немесе демеушілер табылса, жұмысым әлдеқайда жеңілдер еді. Сонда көп ойда жүрген жобаларды жүзеге асырып, қалаға да, ауылдарға да айтарлықтай өнер туындыларын ұсынуға болар еді.


 

– Көлемі екі автокөліктей болатын алып бекірені жасау қанша уақыт пен материалды талап етті?

 

– Бұл мүсінге шамамен үш ай уақыт жұмсадым. Қыркүйектің басында басталып, күнделікті еңбекпен аяқталды. Ең негізгі материал – металл. Мен сапалы темір қолдануға тырысамын. Себебі қала көшесінде тұратын мүсін ұзақ жылдар бойы қирап қалмай, тұрғындарға қызмет көрсетуі керек. Қарағай не гипстен жасалған бұйымдар уақыт өте бұзылады, ал темір – көнбіс әрі эстетикалық тұрғыдан әсерлі.

 

– Металдан мүсін жасаумен қашаннан бері айналысып келесіз?

 

– Бұл іске 2022 жылдан бастап ден қойдым. Осы уақыт ішінде тәжірибемді жетілдіріп, материалмен жұмыс істеудің түрлі әдісін меңгердім. Металдың өз тілі бар: дұрыс кессең – икемделеді, қате істесең – морт сынып, бар еңбекті жерге келтіруі мүмкін.


 

– Қазірге дейін қанша ірі мүсін жасап үлгердіңіз?

 

– Айтып тауысу қиын. Үлкенді-кішілі мүсіндер жеткілікті. Кейбірінің биіктігі мен ені үш метрге дейін барады. Әрқайсысының өз тарихы, жасалу барысындағы өзіндік қиындықтары бар.

 

– Шығармаларыңызды қайда немесе кімдерге ұсынасыз?

 

– Әдетте әкімдікке ұсынамын. Арбат, аллея, саябақ, ауылдардағы көрікті орындарға қоюға лайық мүсіндер жасаймын. Ең алғашқы ресми тапсырысымды «Инфинити» орталығынан алдым. Ол жаққа жылқылар мүсінін жасап бергенмін. Бірақ содан кейін тұрақты тапсырыс жиі түсе қойған жоқ. Бұл да – шеберлер үшін үлкен мәселе. Нақты нарық пен сұраныс қалыптаспаған.


 

– Металдан мүсіндерді тапсырыс бойынша жасауға дайынсыз ба?

 

– Әрине. Бұл бекіре мүсінін де бастапқыда қалалық әкімдікке ұсындым. Вокзал маңына немесе әуежайға қойылса, өте жақсы болар еді деп ойладым. Себебі ол жерге адамдар көп келеді. Қонақтар естелікке суретке түсетін әдемі фотозонаға айналар еді. Ал саябаққа қою жағында аздап қауіп бар: балалар ойнап жүріп бүлдіріп қоюы мүмкін.

 

– Жалпы, сіз жасаған мүсіндердің қолданылу мақсаты қандай? Көрме ме, саябақ па, әлде жеке коллекциялар ма?

 

– Менің бұйымдарым негізінен арт-нысан ретінде қарастырылады. Қаланың көркін ашып, ерекше атмосфера қалыптастыру үшін жасалады. Өнер – адамдармен «сөйлесуі» керек. Сол үшін мүсіннің қайда қойылатыны өте маңызды.


 

– Адамдар алып бекірені көргенде қандай эмоция сезінгенін қалайсыз? Бұл мүсіннің символдық мәні бар ма?

 

– Ең алдымен таңданыс пен сүйсініс тудырса екен деймін. Адамдар ерекше әсер алып, шабыттанса, мен үшін үлкен қуаныш. Бекіре – Атыраудың символдарының бірі. Әр өңірдің өзіндік ерекшелігі, тарихы бар. Мен мүсіндерімді сол ерекшеліктерді ескере отырып жасаймын. Егер туындым сол өңірмен байланысып, адамдар оны мақтанышпен қабылдап, суретке түсіп, бөліссе – демек, еңбегім ақталды.

 

– Болашақта бұдан да үлкен немесе ерекше жобалар жасауды жоспарлап жүрсіз бе?

 

– Әрине, ойда жүрген дүниелер өте көп. Бүгінде металл өңдеудің сан түрлі технологиясы бар: темірді қайыратын, майыстыратын, лазермен кесетін заманауи құралдар жетерлік. Бірақ олардың барлығын әзірге қолымда жоқ. Барлығын қолдан, қарапайым құралдармен жасауға мәжбүрмін. Егер әкімдік қолдау көрсетіп, демеушілер табылса, арнайы станок сатып алып, әлдеқайда күрделі, ауқымды мүсіндер жасауға мүмкіндік туар еді. Сол кезде Атыраудың көркін ашатын бірнеше ерекше арт-нысан дүниеге келген болар еді.

 

Азамат Кенжеғалиевтің әңгімесінен оның өнерге деген адалдығын, туған өңірінің мәдени бейнесіне үлес қосқысы келетін шынайы ниетін анық сезесін. Қаржы мен құрал-жабдық мәселесі қанша қиындық туғызса да, ол қолөнерін тастамай, күн сайын жаңа дүниелер ойлап, үлкен арманын жүзеге асыруға талпынып келеді. Мұндай шеберлерді қолдау – кез келген қаланың мәдени келбетіне инвестициямен пара-пар.


 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости
Популярно
  • Сутки
  • Неделя
  • Месяц