Монуметті тапсыруы тиіс болған компания әлі де құрылыс жұмыстарын аяқтамапты. Дегенмен, дәл осы ескерткішке бөлінген қаражат дауға айналды. Мәселен, Атырау облысында 145 миллион теңгеге бағаланған дәл осындай монументті Павлодар қаласының әкімдігі 55 миллион теңгеге орнатқан. Екі ескерткіштің де техникалық ерекшеліктерінде айырмашылық жоқ. Тіпті тапсырысты да бір компания орындаған. Ал авторы мүсінші Асқар Нартов.
Бұл Павлодардағы орталық алаңға былтыр қойылған Абай ескерткіші. Биіктігі 10 метр, қоладан жасалған монументтің құны 55 миллион теңге. Авторы белгілі мүсінші Асқар Нартов.
Ал мынау Атыраудағы жақын күндері ашылуы тиіс 145 миллион теңгеге бағаланған Абай ескерткіші. Биіктігі 11 метр болатын қоладан тұрғызылған бұл ескерткіш те Асқар Нартовтың қолынан шыққан. Екі мүсіннің де тапсырысын алған «Балқыту» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Десе де екі ескерткіштің бағасындағы үлкен айырмашылықтың қайдан шыққаны түсініксіз. Ұлы ақынның мүсінін орнату туралы шешім шығарған Атырау облысы Мәдениет басқармасындағылар бұған тапсырыс беруші қалалық мәдениет бөлімі. Сондықтан құнының қымбаттығына біз жауапты емеспіз деп отыр. Ал бөлімдегілер жобаны да, соманы да шешкен сол басқармадағы комиссия дейді.
НҰРБЕК АХМЕДЬЯРОВ, Атырау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:
– Облыстық мәдениет басқармасының жанынан комиссия құрылған осы мүсінді таңдаған. Бізге осы мүсінді таңдады сметасы мен осындай сома.
Абай ескерткішіне бөлінген қаржынының бір бөлігін алмақ болды деп Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев күдікке ілінгеннен кейін басталған іс аяқсыз қалғандай. Бүгін ашылады деген ескерткіштің құрылысы әлі жүріп жатыр. Ал құрылыс басында жүрген «Балқыту» компаниясы басшылары ескерткішке қатысты сауалдарымызға жауап беруден бас тартты. Сөздерінше, қазір олар да сыбайлас жемқорлыққа қатысты істі болып жатыр екен. Осылайша «Балқыту» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшылары да бұл қылмыс бойынша күдікке ілінген болып шықты. Ал тапсырыс алған бұл компанияға қатысым жоқ, бірақ ескерткіш жұмысына жауаптымын деген жеке кәсіпкер былай дейді.
НҰРЖАН БАЙНИЗОВ, жеке кәсіпкер:
– Сметада нақты не жазылғанын білмейді екенмін. Тастың бағасы қымбат. Сосын бронзаның, яғни қоланың бағасы өте қымбат боп кетті. Екі-үш есе өсіп кетті Россияда. Павлодардағы ескерткіш бетоннан жасалған. Ал мұнда асты ғана бетон. Граниттен жасалған. Гранитті жеткізу, жасауы өте қымбат.
Яғни 145 миллион теңгенің жобасын алған "Балқыту" компаниясы жұмысын жеке кәсіпкерге берген. Ал ол өзара келіскен бағасын айтпады. Әкімдік тапсырысты алған серіктестікке 72 миллион 500 мың теңгені аударған. Қалған 72 миллион 500 мың теңгені келер жылы төлейміз дейді.
Ал мынау Қарағанды қаласындағы Абай ескерткіші. Биіктігі 10 метр, қоладан тұрғызылған бұл монументтің де авторы мүсінші Асқар Нартов. Бірақ жергілікті әкімдік бұған бюджеттен бір тиын да бөлмей демеушілер арқылы жасапты.