Бүгін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі Астана қаласында салтанатты концерт өткізгелі отыр. Шара Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылады. Екі бөлімнен тұратын кештің алғашқы бөлімінде Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет және басқа да дәстүрлі күйші-композиторлардың туындылары орындалады. Бұл туралы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің директоры Медет Қуанышев ОКҚ алаңында өткен брифингте хабарлады.
Оның айтуынша, аталған бөлімде биыл туғанына 100 жыл толған Нұрғиса Тілендиевке, Ұлы Отан соғысының батыры Әлия Молдағұловаға арналған шығармалар орындалады. Екінші бөлімде заманауи және әлемдік классикаға негізделген шығармалар көрермен назарына ұсынылады. Бұл концерт оркестрдің гастрольдік сапары аясындағы маңызды мәдени оқиға ғана емес, сонымен қатар ұлттық өнердің тарих пен бүгінгі заман арасындағы рухани көпірі болмақ. Биыл оркестр ұжымы бірқатар іс-шараны қолға алып отыр. Атап айтқанда, олар «Оркестрлер шеруі» республикалық фестиваліне қатысу үшін Шымкент қаласына аттанады. Сонымен қатар шымкенттік көрерменге ұлттық оркестрдің авторлық жобасы – «Оркестр түні» жол тартады.
Оркестр тек дәстүрлі репертуармен ғана шектелмей, қазіргі заманауи музыкалық форматтарды да игеріп жатыр. Бұл – ұлттық өнердің заманмен үндесіп, жаңғырудың нақты белгісі.
Шараның бірінші бөлімінде Айтқали Жайымовтың оркестрге арнайы жазған жаңа туындысы - «Увертюра» тыңдарман қауымның назарына ұсынылмақ. Бұл – Ахмет Жұбанов пен Құрманғазының шығармаларынан аралас, импровизаторлық жаңа туынды. Бұл туралы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, «Құрмет» орденінің иегері Абылай Тілепберген ОКҚ алаңында хабарлады. Оның айтуынша, екінші бөлімде «Оркестр түні» жобасының жаңа бағдарламасы ұсынылады. Өнер сүйер қауым әлемдік хиттер, мәселен, Уитни Хюстон, Стинг сынды белгілі әртістердің әндері мен кино саундтректерінің элементтерін тамашалай алады.