Кітапқұмарлар бар, тек...
Біз «жастар кітап оқымайды» деп байбалам салып жүрсек, бұл пікірмен келіспейтіндер де бар болып шықты. Солардың бірі – Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғылыми кітапхана басшысы Мұратбек Қонысқалиұлы. Оның айтуынша, жастарға қатысты қасаң қағидаларды өзгерту керек. Өйткені, біз біреу туралы қандай көзқараста болсақ, ол адам дәл сондай деген сөз емес. Мәселен, ата-ана баласына «сенің қолыңнан ештеңе келмейді» деп ұрса беретін болса, түбінде ол өз-өзіне сенуден қалады. Сондықтан аға буын өкілдері де жастарға сенім артып, оларды көтермелеп отыруы қажет. Бұл жерде қаржылай емес, рухани қолдау маңыздырақ. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» демей ме? Ендеше, дәл осылай қоғамда кітап оқу мәдениетін де қалыптастыруға болады.
Айтпақшы, кітапхана қандай кітапқа сұраныс жоғары екенін анықтау үшін 3-6 ай сайын арнайы рейтинг жариялап тұрады екен. Оның нәтижесі оқырмандардың көркем әдебиетке көбірек қызығатынын көрсетіп отыр. Ең бір қуантатыны, соңғы кезде қазақ тіліндегі еңбектерге сұраныс анағұрлым артқан екен.
Осы орайда, кітапханалар да оқырман сұранысын қатаң ескеруі керек. Яғни, кітап қорын жастар қызығатын әдебиеттермен толықтырғын дұрыс деп санаймын. Ал, бала түгілі ересек адамдардың өздері оқуға қиналатын немесе оқырман ығырын шығарып жіберетін кітаптар керек емес. Мейлінше бүгінгі заман ағамына ілесіп отырған жақсы ғой.
Ал, өзіме келетін болсам, мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» әр қазақстандық міндетті түрде оқып шығуы тиіс деп есептеймін. Себебі, осы еңбекте халқымыздың атадан балаға аманаттап келе жатқан мол мәдени мұрасы, әдеп-ғұрпы мен салт-дәстүрі, үлгі-өнегесі мен басқа да көптеген рухани құндылықтары көрініс тапқан, - дейді кітапхана басшысы.
Әлемдік статистикаға сүйенсек, Еуропада 65 жастан асқандар кітапты көп оқиды екен. Яғни, еуропалықтар зейнет жасына шыққан соң кітап оқуға ден қояды. Сонда «жастар не оқиды?» деген заңды сұрақ туындайды. Ал, олар электронды кітап оқиды. Осылайша, қағаз басылымдарды біртіндеп электронды еңбектер алмастырып жатыр. Жасыратыны жоқ, қазір дамыған елдерде электронды кітапханалар жүйесі кең етек жайған. Демек, өркениет көшінен де кейін қалуға болмайды. Мұны да ұмытпаған абзал.
Атырауда оқырмандар клубы бар
Біз білмейтін тағы бір жайт, өндірісті өңірде тек мұнай-химия саласы ғана қанат жайған десек, қателесеміз. Мұнайлы мекен мәдениет пен руханияттан да кенде емес. Сондықтан атыраулықтар кітап оқымайды деп шорт кесіп айта алмаймыз. Тіпті, мұнда арнайы оқырмандар клубының да бар екенін біреу білсе, біреу білмейді. Осы ретте, біз клуб мүшесі Оралбек Нұркенұлын сөзге тартып көрдік.
Ай соңында клуб мүшелері жиналып, оқылған кітаптың артықшылығы мен пайдасын жіпке тізіп, таразыға салады. Артынша соның бәрін қорытып тест тапсырады. Жақсы нәтиже көрсеткендер жүлделі сыйлықтармен марапатталады.
Әдетте, қоғамды кітап оқитындар мен оқымайтындар деп бөліп-жаруға болмайды. Бірақ, бірі екіншісінен ерекшеленіп тұратыны жасырын емес. Адамның жүріс-тұрысы мен киім киісін, сөз саптауы мен ойлау қабілетін, сана-сезімі мен мәдениетін қалыптастыратын бірден-бір құрал, бұл – кітап десем, артық айтқандығым болмас. Ал, кітап оқуды неден бастарын білмей жүргендер болса, оларға «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» секілді шығармаларды оқуға кеңес берер едім. Себебі, бұлардың тілі басқаларға қарағанда жеңіл, сәйкесінше, оқуға оңай болады, - деген пікірімен бөлісті кітапқұмар жан.
Жастардың өзі не дейді?
Біз әңгімеміз біржақты болмас үшін жастардың да ойын білуге асықтық.
Тағы бір атап өтерлік жайт, кітап адамдарды сауатты жазуға үйрететінін айтады. Өйткені, әлеуметтік желі қолданушылары жазба жариялағанда қазақ әліпбиіне тән тоғыз әріпті («ә», «ғ», «қ», «ң», «ө», «ұ», «ү», «h», «і») қолдана бермейді. Міне, мемлекетіміздің латын әліпбиіне көшу бастамасын көтергені де сондықтан. Яғни, әлемнің тілін түсінбей, оны тану мүмкін емес.
Сөз соңында,...
Қалай десек те, кітап – мәңгі жасайтын құндылық. Адамзат барда, ол да жер бетінін жойылып кетпесі айдан анық. Тіпті, ұлы ойшылдардың өздері кітаптан артық байлық жоғын айтып кеткен. Бұған Шекспирдің «Кітап маған тақтан жоғары» деген бір ауыз сөзі-ақ дәлел. Ендеше, жан азығы – кітап екенін естен шығармайық, ағайын!

