Осы ретте, біз клуб мүшесі Оралбек Нұркенұлын сөзге тартып көрдік.
«Жергілікті белсенді азаматтардың бірі Ерік Шыныбеков осы оқырмандар клубын ашқан болатын. Ондағы мақсат – тұрғындарды кітап оқуға баулу. Бүгінде бұл клубқа жүзге жуық адам мүше. Біз бір айда екі кітаптан оқимыз. Олардың бірі бизнес пен жеке тұлғалық дамуға арналса, екіншісі – көркем әдебиет. Ал, олар көп кітаптың ішінен қалай таңдалады десеңіз, әр клуб мүшесі өзі оқығысы келетін кітапты ұсына алады және сол үшін дауыс береді. Осылайша, көп дауыс жинаған кітап келесі айда оқылады» дейді ол.
Ай соңында клуб мүшелері жиналып, оқылған кітаптың артықшылығы мен пайдасын жіпке тізіп, таразыға салады. Артынша соның бәрін қорытып тест тапсырады. Жақсы нәтиже көрсеткендер жүлделі сыйлықтармен марапатталады.
– Мен бір жылдан бері оқырмандар клубына мүшемін. Осы уақыт ішінде өз бойымнан бірқатар оң өзгерістерді байқап келемін. Кітап көп оқыған сайын білімім де арта түсті. Үйдегі балам да маған бұрынғыдан бетер қызыға қарайтын болды. Клуб мүшелері кітапты құр оқи салмайды. Болмаса, жүлде алу үшін оқымайды. Біз кітап оқи отырып, айналадағы дүниені тануға, мына өмірді түсінуге тырысамыз. Қандайма еңбектің болмасын авторы оқырманға не айтқысы келгенін білу маңызды. Кейде кітапты бір оқып шыққанда түк түсінбей қалатын да жағдайлар болады. Яғни, әр жазушы өз ойын өзінше жеткізеді. Бірі тура мағынадағы сөздерді қолданса, екіншісі астарлап жазады. Соның бәрін асықпай ой елегінен, сана сүзгісінен өткізіп оқыған жақсы.
Әдетте, қоғамды кітап оқитындар мен оқымайтындар деп бөліп-жаруға болмайды. Бірақ, бірі екіншісінен ерекшеленіп тұратыны жасырын емес. Адамның жүріс-тұрысы мен киім киісін, сөз саптауы мен ойлау қабілетін, сана-сезімі мен мәдениетін қалыптастыратын бірден-бір құрал, бұл – кітап десем, артық айтқандығым болмас. Ал, кітап оқуды неден бастарын білмей жүргендер болса, оларға «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» секілді шығармаларды оқуға кеңес берер едім. Себебі, бұлардың тілі басқаларға қарағанда жеңіл, сәйкесінше, оқуға оңай болады, - деген пікірімен бөлісті кітапқұмар жан.