RSS лента

Бүгінгі жастар кітап оқи ма?

  • 26.05.2022, 03:19,
  • 1 493
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Қазіргі жастардың неге кітап оқымайтынын Turantimes.kz тілшісі арнайы зерделеп көрді...

Кім кітаппен дос?


Қанша жерден даму үрдісінен кеш қалмай, ғаламторды толық игерейік, ауылдағы əр үйге желі тартып, толық компьютерленейік десек те, кітаптың орны əсте бөлек екенін естен шығармаған абзал. Қазір кітаптан ғаламтор озған заман деген ой айтады біреулер. Алайда, əр дəуір мен заман ағымын жырлап келе жатқан кітап ешуақытта құндылығын жоймақ емес. Ол – алдыңғы буынның кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасы, рухани жетелеуші құралы, жан азығы. Осы уақытқа дейін білімнің бəрі кітапта ғана болып келді. Сырғымалы уақытқа тосқауыл жоғы рас. Бүгінгінің баласына майшамның жарығымен отырып кітап оқу – ескі заманның көрінісіндей. Қ а р ы ш т а ғ а н ғ а л а м т о р м е н дамыған ғылымның нəтижесінде бұрын əрқайсысы жеке болып келген, дыбыстық не бейнебаяндар, сан алуан суреттер мен əндер, түрлі тақырыптағы оқулықтар мен əдебиеттерді бұл күнде бір ғана компьютерден ала аламыз. Бар қажеттіліктің бір жерге топтасқаны тұтынушы үшін тиімді екені сөзсіз. Бұл ретте əлемдік желінің мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Шалғайдағы жанмен тілдесіп, тіпті онлайн режимде бет-жүзін көрісу, соңғы ақпараттарға мейлінше тез қол жеткізу – ғаламтордың теңдессіз табыстарының бірі. Десек те, монитор алдында ұзақ отырудың да ағзаға айтарлықтай зиян тигізетіні айтылып жүрген мəселе. Əлеуеті күн санап артып жатқан компьютерге жұтылу тілің мен ұлттық рухыңды жоғалтумен тең. Өйткені, интернетте мəлімет өте көп. Тұтынушы оның керектісін ғана алып, бойына сіңіруі тиіс. Əлем-жəлем жарнама мен интернет ойындардың жетегіне бір ілінсеңіз, қармаққа түскен балықтың кебін киеріңіз анық. Əрі қазақ тілді мəліметтердің əлі де болса аздығы отқа май құя түседі. Техникасы күн санап қарыштап жатқан Жапония мен алпауыт АҚШ интернет əлемін жетілдіруден алдына жан салар емес. Солай бола тұрса да оларда кітапқа деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Дамыған Еуропа елдеріндегі көрініс те дəл осындай. Алып елдердегі мектеп жасындағы балаға берілетін тəрбиенің бір тіні көркем əдебиет оқып, кітаппен дос болу керек дегенде жатыр. Бұл елдердегі кітап саудасы бизнес қана емес, аса құрметті кəсіптің біріне баланса, кітапхана халықтың сүйікті де қастерлі орындарына айналған. Шет елдіктер саябақтың іші тұрмақ, оған барар жолда да, автобус пен жағажайда да, түскі үзілісте де кітап оқуды жөн санайды екен. Əлем елдері ішінде Үндістан мен Қытай кітап оқуда дес бермей тұр. Кеңес заманында елімізде 1500 кітап дүкені болған екен. Қазір шалғайдағы ауыл тұрмақ, кейбір аудан орталықтарында кітап сату орнын кезіктіре алмай қалуымыз əбден мүмкін. Осы ретте айта кетелік, көрші Ресей елінде 500 адам тұратын жерде бір кітапхана болуы керек деген заңдылық бар. Əлеуметтанушылардың деректеріне сүйенсек, қазір үй кітапханасын жинақтайтындар мен кітап оқушылар саны азайып кеткен. Қоғамдық-саяси институт сарапшылары жүргізген с ау а л н а м а ғ а с а й , ə р т ө р т і н ш і қазақстандық мүлдем кітап оқымайды. Ал, басым көпшілігі жылына 1-2 кітап оқумен ғана шектелетіндіктерін айтқан. Қатысушылардың бірі уақыттың тапшылығын сылтауратса, екіншісі «бар керегімді интернеттен-ақ алып отырмын» дегенді алға тартады. Тағы бір мəселе, бір кездері əдеби кітаптарға сұраныс мол болса, қазіргі заманның адамдары детектив не махаббат жанрындағы шығармаларды оқуға бейім. Сол секілді, хобби, іскерлік, баю жолдары жайлы кітаптар да – сұраныстағы дүниелер тарапында. ЮНЕСКО-ның статистика институтындағы мəліметке сай, Қазақстан кітап қоры бойынша 41 орында тұр. Бұл ретте Алматыдағы атақты Ұлттық кітап хананың жөні бөлек. 7 миллионға жуық қоры бар кітапханаға күніне мың даған адам бас сұғады. Мұндағы оқыр ман қарасы үзілмейтін орынның бірі – көркем əдебиет залы.

 

«100 жаңа оқулық»


Қалай десек те интернет кітапты алмастыра алмайды. Ел көлеміндегі ауқымды бастамалардың қатарында кітап мəселесіне айрықша көңіл бөлінген. Бізге инженерлер мен дəрігерлер ғана емес, қазіргі заманды жəне болашақты терең түсінетін білікті гуманитарлық сала мамандары да қажет екені анық. Осы ретте тарих пен саясаттану, əлеуметтану мен философия, психология, педагогика, экономика, мəдениеттану жəне филология ғылымдары бойынша студенттерге заманға лайық білім беруге қажетті жағдай жасаған жөн. Осы міндетті іске асыруға мүмкіндік беретін негізгі тетік ретінде «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынды. Аталған жоба аясында алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша əлемдегі ең үздік университет оқулықтары түрлі тілдерден қазақ тіліне аударылып, біздің студенттерге дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасалуда. Бұл бастаманы жүзеге асырып отырған «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының мамандарының сөзіне сай, аударылатын кітаптарды таңдау үшін еліміздегі барлық оқу орындарынан ұсыныс жиналып, 800-ден аса оқулық келіп түскен. Жинақталған тізімдердің негізінде бірнеше рет басылған, соңғы басылымы кейінгі 3 жылда шыққан, мазмұндық тұрғыдан бейтарап болуы қажет деген талаптарға cай оқулықтар таңдалды. «Жоспар бойынша 2017-2018 жылдары 47 оқулық қазақ тіліне аударылып, еліміздегі 132 университетке жеткізілді. Жаңа оқулықтар 2018- 2019 оқу жылынан бастап жоғары білім беру жүйесіне енгізілді. 2019-2020 жылдары үшінші лектегі 30 оқулық аударылып басылған. Мұндай ауқымды ғылыми аударма жобасы Қазақстанда бұрынсоңды іске аспаған» дейді «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының мамандары.

 

«Бір ел – бір кітап»


Кітаптың берер мол тəлімін кейінгі буын санасына сіңіру бағытында атқарылып жатқан игі істің бірі «Бір ел – бір кітап» акциясы. Қазақстандық «Бір ел – бір кітап» жобасының идеясы АҚШ-та өте танымал болған «Бір кітап, бір Чикаго» жəне «Егер Сиэтлдің бүкіл тұрғыны бір кітапты оқыса» деген кітапханалық жобаларына негізделген. Шартқа сəйкес, бүкіл қала тұрғындары бір мезгілде бір шығарманы оқуға тиіс. Бір кітапты жалпы қала болып оқу идеясы АҚШ-тың солтүстікбатысындағы ірі қала Вашингтон штатына қарасты – Сиэтл көпшілік кітапханасының кітап орталығы тарапынан ұсынылған. 1998 жылы «Егер Сиэтлдің бүкіл тұрғыны бір кітапты оқыса» тақырыбымен алғаш өткізілген акцияның мақсаты – Сиэтл халқының бірлігін нығайту жəне оларға оқуды насихаттау. Бұдан соң осыған ұқсас мəдени шаралар Чикаго, Буффало, Рочестер қалаларында да ұйымдастырылды. Бүгінде «Бір ел – бір кітап» жобасының идеясы əлемдегі көптеген елдерге кең тараған. Кореяда бірлесе оқуға негізінен балалар кітабы таңдалды. Бұл жоба одан кейін «Бір кітапхана – бір кітап», «Бір ауыл – бір кітап» деген жобалар түрінде көрініс тапты. «Жаппай оқу оқиғасы» жыл сайын Англияда ұйымдастырылады. Ел халқы əр жылдың қаңтарынан наурыз айына дейін бір кітап оқуды дəстүрге айналдырған. «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы бойынша 2022 жылы Ахмет Байтұрсыновтың өлеңдері мен қанатты сөздерінің жинағы оқуға ұсынылды.

 

ТҮЙІН:


Уақыт тапшы. Қазіргі сәтте көп айтылатын сылтаудың бірі. Ыңғайын тапқан адамға сағатты сәтті үйлестіру арқылы бәріне үлгеруге болады. Кітап оқуға да. Балаңызды кітап оқуға баулып, үйретпес бұрын өзіңіздің осы әдетке қаншалықты көңіл бөліп, уақыт арнайтыныңызды да саралап алғаныңыз артық болмас. Өйткені, бала – өз айнаң.

 

Нұртөре ЖҮСІП, сенатор:

 

Қазір жұрт кітап оқудан қалып бара жатыр. Кітап оқымаған адам қалай білімді болады? Кітап оқымайтын қоғам қалай рухани кемелденбек? Кезінде данышпандар адамның рухани кемелденуіне кітап оқудың қандай пайдасы бар екенін айтып кеткен. Қазір тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл əлемде осы кітап оқу үрдісі дағдарысқа тап болды. Интернет, теледидар, радио арқылы алынған ақпараттар толыққанды білім негізін құрай алмайды. Сол себептен де əлемнің көптеген елінде кітап оқу ісіне мемлекеттік əрі қоғамдық қолдау көрсетіліп жатыр. Осы бағытта ұлттық бағдарламалар қабылданып, отбасылық жəне балалар оқуына айрықша көңіл бөлініп отыр. Мұндай бағдарлама бізде неге жоқ? Осыған орай Қазақстанда əкімшілік құрылымдар мен кітапхана қызметіне, мəдени-ағарту мекемелері мен қоғамдық ұйымдарға бағытталған ұлттық бағдарлама қабылдау керек.

 

Біз сөз қылған тақырып турасында бүгінгі буын не дер екен деген оймен оқырмандарымыздың арасына сауал тастаған болатынбыз.

 

  1. Ғаламтор кітапты алмастыра ала ма?

 

  1. Соңғы оқыған кітабыңыз?

 

Ернар БЕКЕНОВ, блогер:

 

1.Кезінде теледидар пайда болғанда: «Театр, кітапхана деген жоғалады. Бəрін телевизия алмастырады» деген пікір айтылған екен. Өздеріңіз көріп тұрғандай ештеңе де өзгерген жоқ. Театрлар жұмыс істеп тұр, кітапханалардың есіктері ашық, концерттер өтіп жатыр. Ешбір мəдениет институты өз позициясын жоғалтқан жоқ. Интернеттің келуі де көп нəрсеге деген көзқарасты өзгерткені рас. Көпшілік дүңгіршекке жүгірмей-ақ қажетті басылымын үйде отырып та экраннан оқи алады. Əлем əдебиетінің классикалары да ғаламторда тегін таратылады. Бірақ, мұндай интернеттену үрдісі кітап енді қағаз күйіндегі формасынан айырылады дегенді білдірмейді. Біріншіден, кітап та бизнес көзі, жазушылардың еңбегі. Сондықтан, ешкім өз туындысын (əсіресе роман, повесть секілді көлемді дүниелерді) интернетке еркін құқықпен тарата қоймайды. Екіншіден, «кітап» дегенде көз алдымызға біріншіден қағазбен қатталған оқу құралы келеді. Яғни, адамзат стереотипінде бұл ұғым осылайша ғасырлар бойына қалыптасып қалды. Экраннан кітап оқып отырғанда бəрібір өзімізді ыңғайсыз сезінеміз. «Ең жақсы сыйлық – кітап» деген сөз бар. Жақын досыңызға, жолдасыңызға электронды кітап сыйлағаннан гөрі, мұқабалы кəдімгі қағаз кітап табыстырған əдемі емес пе? Бұл адами қарым-қатынастың, жылы лебіздің, бір-біріне деген ілтипаттың да белгісі. Электронды дүние кез келген уақытта өшіп қалуы мүмкін (байқамай кетіріп алу, жарық сөніп қалу, гаджет қуатының таусылуы, т.с.с). , қағаз кітап – жəдігер. Оны кейінгі ұрпаққа өткен заманның көзі ретінде аманат етуге болады. Үшіншіден, кітаптың электронды нұсқасына кез келген адам өзгерту немесе түзету енгізіп, теріс мақсаттағы əрекеттерге оңай пайдалана алады. Тіпті, авторлығын иемденіп алуға да мүмкіндік бар. Ал, қағаз нұсқа бір басылып шығады. Ол келесі басылғанға дейін түпнұсқа күйінде қала бермек. Əрине, бұл жерде компьютерлік нұсқаның да артықшылықтарын жоққа шығара алмаймыз. Əсіресе, тұтас кітапхананың қорын бірнеше ғана гигабайтқа сыйғызуға болатын мүмкіндік көп мəселені шешіп берер еді. Сондай-ақ, жеделділік те бұл жерде үлкен маңызға ие. Асығыс іздеген кітапты кітапханаларға сабылмай-ақ, интернеттен тауып жатсақ – біраз уақытымыз үнемделеді.

 

2.Көптен кітап оқымадым.

 

Ақбота АМАНҒАЛИЕВА, журналистика мамандығының студенті:

 

1.Бүгінгі таңда интернет қарыштап дамып келеді. Десек те, əлемдік желіден алған білім том-том кітаптарға жетпес еді. Адамзат компьютер қолданар алдында да оның кітабына қарап үйренгенін ұмытпаса екен. Өйткені, қазіргі кезде «білім бұлағынан» интернеттің дəуірі асқақтап тұр. Менің пікірімде, əрдайымда кітап бірінші орында болмақ. Бір демде бүкіл əлемді көз алдыңа əкелетін интернет – сөз жоқ керек нəрсе. Сонымен қатар, уақыт үнемдеу үшін де таптырмас құрал саналады. Рас, кейде кітаптан таба алмағаныңды интернеттен аласың. Компьютер арқылы оқу кітап оқудан алар əсерді бере алмайды. Ол сөзсіз. Мен болашақта қолына қалам ұстаған журналист болсам деген жастардың бірімін. Əсіресе, біз секілді студенттер үшін кітап оқу ең пайдалы қор жинағанмен бірдей. Тіл байлығын дамытудағы таптырмас құрал. Осы ретте қатарластарыма интернеттегі жарияланымдарға алданып, кітаптан қол үзіп қалмайық дегім келеді.

 

2.Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» атты кітабын оқып бітірдім. Енді Дейл Карнегидің кітабын оқығалы жүрмін.

 

Гүлайым БИСЕНОВА, зертхана қызметкері:

 

1.Менің бұл салада қызмет еткеніме 3 жыл болды. Қаладағы зертханадан өндіріс орнына, Қарабатандағы зауытқа жиі қатынаймыз. Ұзақ жолда кітап оқу – бала күнімнен келе жатқан əдет. Қасымдағы əріптестерім «Кітапты қалай оқисың?», «Сенің қолыңнан кітап түспейді екен» дегенді жиі айтады. Соңғы уақытта жоба инженері, əріптестерімнің бірі «Қарашы, сенің əдісің маған көмектесті, мен де кітап оқуды əдетке айналдыра бастадым» деген сəтте қатты қуандым. Жалпы, қазіргі т аңда кіт ап оқудың түрі де көбейіп келеді. Яғни, дəстүрлі оқумен қатар, аудиокітап деген бағдарлама да кең қолданыста. Интернет ешқашан кітапты алмастыра алмайды. Химиялық талдау, зерттеулер, есеп-қисаппен басым қатып кеткен сəтте əдеби кітап оқығанды ұнатамын.

 

2.Ауыр науқасқа шалдығып, көп жылдар бойы төсек тартып жатқан мүгедек жанның өмірге деген шексіз құштарлығы, қайсарлығы, адамгершілігі, мөлдір махаббаты туралы жазылған Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» деп аталатын хикаятын оқып жүрмін.

 

Мархаббат ОРАЗАЛЫ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті:

 

1.Қазіргі қоғамдағы өзекті тақырыптың бірі ретінде талқыға түскен бұл сауалға əркім əрқалай жауап береді. Көпшіліктің пікірі екіге жарылғанымен, кітаптың орнын ғаламтордың баса алмайтынындығын алға тартқым келеді. Біріншіден, кітап – көне замандардан кең қолданысқа түсіп, адамзат өмірінің даму тарихынан сыр шертіп келе жатқан асыл мұра. Ал, ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап қолданысқа берілген ғаламтордағы барлық ақпарат кітап беттерінен алынған. Сəйкесінше, біріншіден, ғаламтордың өзі де кітаптағы дерек көздерін қажет етеді. Екіншіден, ғаламтордан өзімізді мазалаған мəліметті бірнеше секундтар ішінде ала аламыз, дегенмен ол ақпараттың санамыздан шығып кету мүмкіндігі соншалық жоғары екенін де есте ұстағанымыз жөн. Үшіншіден, ашық интернет көзінің берген əр жауабының дұрыстығына күмəнмен қараған дұрыс. Өйткені қазірде еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін пайдаланып білетін интернет көзіне кімнің қандай ақпарат таратып отырғанын білу мүмкін емес. Осылайша кітаптың ең тиімді əрі қауіпсіз білім көзі екеніне көз жеткізе аламыз. Қалай десек те кітаптың құндылығы – ешқашан жойылмайтын, алмастыруға келмейтін мəңгілік мұра.

 

2 . Д і л д ə М а т а й қ ы з ы н ы ң «Айналайындарым менің» кітабын қайталап оқып шықтым. Кітап лирикалық шегіністерге толы, автордың басынан өткен оқиғалары, халық ауызындағы əпсаналар мен əңгімелер əдемі де əсерлі жеткізілген.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости