RSS лента

"Бүгінгі ұрпақты ұялы телефон тәрбиелеп жатыр..."

  • 10.06.2025, 12:27,
  • 72
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Жуырда ғана өңірге арнайы іссапармен ел Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев келіп, түрлі сала өкілдері және еңбек ұжымдарымен бірге Мемлекет басшысының IV Ұлттық құрылтайда берген тапсырмалары мен «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» қағидатының жүзеге асу барысын талқылаған болатын. Осынау сәтті пайдаланып, біз де астаналық қадірлі қонақпен сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Ендеше, соны көзі қырақты «TuranТimes» оқырмандарына ұсынғанды жөн көріп отырмыз.

 

- Алдымен, Мәлік Нұржанұлы, бұл жолғы сапарыңыздың мақсатын білсек.

 

- Басты мақсат – биыл Бурабайдың баурайында өткен Ұлттық Құрылтайда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының жасаған бағдарламалық баяндамасы аясында жергілікті халықпен пікір алмасу. Бұл – мемлекеттік маңызы жоғары құжат. Сондықтан оны жұртшылық арасында жан-жақты талқылап, көпшіліктің ой-пікірін білу өте маңызды. Осы мақсатта Атырауға ат басын бұрған жайым бар. Құрылтай отырысында Президент 53 мәселе көтерген болатын. Соның бәрі тек сөз жүзінде ғана қалып қомай, іс жүзінде де көрініс тапсын деген ниетпен 53 тармақтан тұратын арнайы жарлыққа Мемлекет басшысы қол қойды. Яғни, берілген тапсырмалар орындалмай қалмайды деген сөз. Өткен жылы осындай отырыс Атырауда да өтті ғой. Соның нәтижесінде бір емес, бірден тоғыз заң қабылданды емес пе? Соның барлығы – жастардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын заңдар. Себебі, елдің ертеңі – өскелең ұрпақтың қолында.

 

- Жұмысшы мамандықтар жылының жариялануы да жастардың әлеуетін арттыруға бағытталса керек...

 

- Әлбетте. Адамды тек қарапайым еңбек қана өсіреді. Одан басқа адал жол жоқ. Бізді бұрын ағаларымыз қалай тәрбиеледі? Егер мықты маман болып, алайда, нашар адам болсаң, алысқа шаба алмайсың дейтін. Ал, жақсы адам болып, бірақ әлсіз маман болсаң, нәтиже көрсете алмайсың. Сонда қайтпек керек? Демек, екеуін де бірге алып жүру қажет.

 

Президент «Менің крашым – жастар» деген болатын. Яғни, олар – саналы, адал, болмысы биік, арманы асқақ, ұлттық салт-дәстүрді санасына сіңірген жандар. Осы орайда, жас қарындастарымыз да ертеңгі ұлт болашағын сақтап қалатын ақжаулықты анаға айналатынын естен шығармағаны жөн. Сонау тоқсаныншы жылдары ала дорба арқалап сауда жасаған, сөйтіп бүтін бір отбасын асыраған аналарымыз аз болған жоқ. Ол кезде біздер бала едік. Ер азаматтарымыз саудамен айналысуға арланатын. Осы кезде әпкелеріміз базарға барып, тек отбасын ғана сақтап қалмай, тұтас ел экономикасын еселеуге өз үлестерін қосты.

 

- Мемлекет басшысын бүгінде қандай мәселелер көбірек толғандырады?

 

- Жалпы, жетістікке жету бар да, оны сақтап қалу – екінші мәселе. Бұл тек бір ғана адамға емес, бүкіл халыққа зор жауапкершілік жүктейді. Жалпы, саясаткерлер алдағы саяси науқанды ғана көздесе, ал, мемлекеттік қайраткер елдің болашағын ойлайды. Ендеше, біздің Президентіміздің әрбір тапсырмасы мен міндеттемесі де біздің болашағымызға арналады, соны түсінген жөн. Яғни, әрбір саяси реформа тек осы кезеңді ғана емес, алдағы бірнеше кезеңді қамтиды деген сөз.

 

Ал, Мемлекет басшысын нақты не толғандырады десек, негізінен ең маңызды деген бес мәселені атап өтуге болады. Соның алғашқысы – заң мен тәртіп. Біз Ата Заңға қарап өзіміздің азаматтық міндетімізді айқындаймыз. Осы орайда, айрықша айтып өткім келетіні, заңға бағынып та көптеген жетістікке жетуге болады. Қазір өзіңіз де жақсы түсініп отырсыз, әлем тыныш емес. Алпауыт елдер әлсіздерге сес көрсетуде. Өзара талас-тартыс толастамай тұр. Бұның бәрі біздің де ішкі-сыртқы саясатымыз бен экономикамызға әсер етпей қоймасы анық. Міне, осындай күрделі кезеңде әр азамат заң мен тәртіпке бағынуы керек. Сонда ғана Тәуелсіздігімізді қорғап, одан әрі нығайта түсеміз және мемлекетшілдік дәстүрді  жалғастыра беретін боламыз. Қалай болғанда да, заңнан үстем ештеңе жоқ. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлының өзі айтты емес пе?!

 

 - Соңғы кезде тарихтың төңірегінде қисынсыз, әрі дәлелсіз алыпқашпа әңгімелер көп айтылып жүр. Мұны Президент те қатаң сынға алған болатын...

 

- Өткен тарихты пікірталас өзегіне айналдырған жөн емес. Кім қалай десе де, ел тарихында бүгінгі ұрпақ ұялатындай жаман ешнәрсе орын алған жоқ. Керісінше, мақтанатын тұлғаларымыз өте көп. Егер Түркістанға жол түсіп барсаңыз, онда тек бір ғана Қожа Ахмет  Яссауи бабамыз жатпағанын көресіз. Сондай-ақ, бұл жер 21 хан, сегіз сұлтан, 23 би, 56 батыр және мемлекетіміздің қалыптасуына үлкен үлес қосқан жетпістен аса игі жақсы мен жайсаңдардың мәңгілік мекеніне айналған. Сондықтан да Түркістан бүгін ерекше мәртебеге ие болып отыр.

 

Рас, халқымыз талай тағдыр тауқыметін көріп, көптеген қиындықты бастан кешірді. Бірақ, тарих тек қасіретті жылдардан ғана тұрмайды ғой. Сонымен бірге, толайым табысқа қол жеткізген тұстар да бар екенін естен шығармаған дұрыс. Міне, осыны ескеріп, Президентіміз былтыр Жошы ұлысының 800 жылдық мерейтойын атап өту туралы тапсырма берген болатын. Осылайша, біз Алтын Орданың қаншалықты алып мемлекет болғандығына көз жеткіздік. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Біз осындай Алтын Орда, Қазақ хандығы секілді мемлекеттердің заңды мұрагері болып табыламыз. Осының өзі зор мақтаныш емес пе?! Ендеше, бүгінде алаш аңсаған азаттыққа қол жеткізіп, ашық аспан астында тату тірлік кешіп жатқанымызды мақтан етуіміз керек.

 

- Айтпақшы, биыл «Қазақ» атауының оралғанына 100 жыл толып отыр екен...

 

- Иә, бұл атау көне ғасырлар бұрын қалыптасқан болатын. Бірақ біз одан бір кездері айырылып қалған едік. Тіпті, өзімізді қазақ деп айта алмай, «киргиз-кайсак» дейтін де күндер болған. Әйтсе де, ел астанасы Орынбордан Ақмешітке ауысқан сәтте өз атауымызға қайта қол жеткздік. Мұның артында Сейфуллин, Рысқұлов, Тынышбаев, Қожановтардың зор еңбегі жатыр. Ендеше, бүгін сол атқа лайықты болатындай өмір сүруіміз қажет. Біз қара басымызды емес, ел-жұрт пен ағайын-туысты ойлайтын елміз. Қыз алысып, қыз берісіп, құдаларын Құдайындай сыйлайтын халықпыз. Олай болса, осынау берекелі бірлігімізді одан әрі нығайта беруіміз қажет. Сонда мықты мемлекет боламыз.

 

Бүгінде біз осы елде туып-өсіп, сапалы білім алып, ел ертеңі үшін аянбай адал еңбек етіп жатырмыз, соны әлемге паш ете білуіміз қажет. Бір ғана Димаш Құдайбергеннің өзі бір домбырамен бүкіл әлемді аузына қаратты ғой. Демек, білім мен білігі жоғары кез келген азаматымыз осындай жетістікке жете алады. Бұл үшін мемлекет тарапынан қажетті жағдайдың бәрі жасалып қойған. Тек талмай-тынбай еңбек ете берсек болғаны.  

 

- Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық Құрылтайда қоғамдық мәдениетті дамыту мәселесін көтерген болатын...

 

- Қоғамдық мәдениет ішкі мәдениетіміз өссе ғана дамиды. Бұл үшін көркем мінез, этика, мораль, ар-ұят деген ұғымдар іс жүзінде көрініс табуы тиіс. Ал, ұлттық идеологияға келсек, оның бастауында ұлттық әдебиет тұр. Бұл не деген сөз? Яғни, бүгінгі ұрпақ телефонға телміре бермей, кітап оқуы керек. Сонау Әуезов, Мұқанов, Мүсіреповтер қалыптастырған әдебиеттен бастап, кешегі Кекілбаев, Мұртаза, Мұратбековтер жалғастырған дәстүрді үзбеуіміз қажет. Нұржекеев, Нұрмағамбетов, Оразов, Отарбаевтардың сөз өнерін бүгінге жеткізген ақын-жазушылардың шығармаларына терең үңілу керек. Себебі, ұлттық әдебиетпен сусындамаған азамат ұлтқа қызмет ете алмайды. Қазақ әдебиетін білмеген адам қазаққа қызмет ете алмайды.

 

Осы ретте, бәріміз Мемлекет басшысына қарап бой түзеуіміз қажет деп ойлаймын. Ол кісі бес тілді жетік меңгерген. Соның ішінде әлем президенттерінің арасында қытай тілін жоғары деңгейде білетін Қасым-Жомарт Тоқаевтан басқа ешкім жоқ. Ол ұлттық әдебиетке қатты мән береді. Бізбен үнемі ктіап алмасып отырады. Ал, өзі білмейтін шығармаларды бізден сұрап отырады. Президент жұмыс күнін газет-журнал оқудан бастайды. Кей сараптамалық мақалалар мен сұхбаттардың астын сызып, бізге оқып шығуға кеңес айтады. Сонда айтылған маңызды дүниелерді жұмыс барысында пайдалануға тапсырма береді. Солардың бірі, қалалық «Астана ақшамы» деген газетте жарық көрген Тіл білімі институты профессорының тілге қатысты ұсынысы болатын.

 

Мұның бәрін не үшін айтып отырмын? Яғни, газеттегі мақалалар мазмұнды, әрі сауатты жазылады. Бірде білдей бір облыстық газеттің 5 мың данамен шығатынын көріп, көңілім түскен еді. Бұлай қоғамдық мәдениетті қалыптастыра алмаймыз ғой. Есесіне, бүгінгі ұрпақты ұялы телефон мен әлеуметтік желі «тәрбиелеп» жатыр. Жұрт ғаламтор желісінде жаға ұстатар жайттарды іздеп отырып оқиды. Өте өкінішті... Бұрын ағаларымыз апаларымызға өлең-жыр арнап тіл табысатын еді ғой. Ал, қазір ше? Жігіттеріміз қыздарға «мен сені сүйемін» деген сөзді де жазуға ерініп, «смайлик» жолдай қояды. Оған қыздарымыз да көне салады.

 

Сөзімнің соңын Шерхан Мұртазаның мына бір сөзімен аяқтар едім: «Адалдық пен арамдық арпалысқан заманда Алла арамдықтан сақтасын! Тектілік пен тексіздік текетірескен қоғамда Тәңірі тексіздіктен сақтасын! Көргенділік пен көргенсіздік кескілескен кезеңде Құдай көргенсізідктен сақтасын!» 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости