Осы орайда, біз Елорданы шаң-тозаң мен қоқыстан тазалап жүрген жандарды және олардың осы еңбегінің тікелей куәгерлері – жергілікті тұрғындарды сөзге тартып, журналистік зерттеу жүргізген едік...

Астананы айнадай ету – маңызды міндет
«Астана Тазалық» мекемесінде бірнеше жыл бойы жұмыс жасап келе жатқан қарапайым тазалықшы Ардақ Сайланғазы еліміздің бас шаһарын таза ұстау зор жауапкершілік жүктейтінін айтады.
«Бүкіл әлем көз тіккен бас қала Астананы айнадай ету – біздерге жүктелген үлкен міндет. Өзім осында тазалықшы болып, халыққа адал қызмет атқарып жүргенімді мақтан тұтамын. Көше сыпырып жүргенім үшін ешқашан ұялған емеспін. Себебі, жұмыстың жаманы жоқ, бәрі де құрметті. Адал еңбекпен ас тауып жүргенге ештеңе жетпейді! Көп жағдайда тұрғындар да жұмысымызға риза болып, қысқы мезгілде жылы шай-тағамдарын әкеліп беріп жатады. Осының өзі еңбегіміздің бағаланып жатқаны болар деп ойлаймын. Тіпті, Мемлекет басшысы да жұмысшы мамандықтар жылын жариялап, қарапайым еңбектің мән-маңызын айқындап берген жоқ па? Ендеше, мен де ел үшін еңбек етуді денсаулығым жеткенше жалғастыра беретін боламын» дейді ол.

Ал, Ардақтың әріптесі Қуаныш Дәулетов жол жиегін жуатын көліктің жүргізушісі болып жұмыс жасайды. Ол да жауапкершілік жүгі жеңіл емес екенін жеткізді.
«Өзіміздің Президентімізді айтпағанда, бұл қалаға күн сайын түрлі елден құрметті қонақтар келіп-кетіп жатады. Халықаралық телеарналардан тілшілер келіп түсірілім жасайды. Қаланың әр бұрышында маңызды іс-шаралар өтеді. Сондықтан мұнда тазалық жұмыстары өзге өңірлерге қарағанда екі есе ыждағаттылықпен жүреді деуге болады. Біздің жұмыс ертемен басталады. Алдымен, денсаулығымызды, соның ішінде қан және көз қысымын тексереді. Содан соң алкотест тапсырамыз. Бәрі дұрыс болса ғана жұмысқа кірісеміз. Мен айдайтын көлікте 10 тонна су бар. Ол екі сағатқа жетеді. Сонымен автоматты режимде жол жиегін шайып шығамын. Тәулігіне шамамен 40 тонна су жұмсалады» дейді ол бізбен әңгімесінде.

Қызықты эксперимент
«Астана Тазалық» ЖШС бас директоры Замир Сағыновтың сөзінше, тазалық белгілі бір жауапты мамандардан емес, сол жердің әрбір тұрғынынан басталады. Себебі, қала баршаға ортақ екенін ұмытпаған жөн. Егер оның бір бұрышында қоқысты біреу жинап, ал, екіншісінде шашып жатса, онда еткен есіл еңбектің бәрі еш кетеді...
«Біз бір күні қызықты эксперимент жасап, «Мәңгілік ел» учаскесін бір тәулікке тазаламай қойдық. Келесі күні ол жерден 6 мыңнан астам темекі тұқылы, мыңға жуық энергетикалық сусындардың алюминий құтысы жиналды. Ал, үшінші орында – балмұздақ қаптары. Соның көбісін тұрғындар көлікте келе жатып терезеден лақтыра салады. Біз үйден шыққан қоқысты емес, жолдың жанында жатқанын жинаймыз. Сонда есептеп қарасақ, шамамен бір күнде жиналатын қалдықтың ең көбісі 80 тоннаға дейін жетіп артылады» дейді Замир Садықұлы.

Расымен де, спикер сөзінің жаны бар. Кейбір көрсеткіштерге көз жүгіртсек, пластик құтылар 500 жыл бойы шірімей сол күйінде сақтала береді екен. Соның әлемде тек он пайызы ғана өңделсе, қалғаны өртеледі немесе жерге көміледі. Олардың бөлшектері жерде жатса, кәріз жүйелерін бітеп, істен шығарады. Ал, жанған жағдайда ауаға улы газ бөледі. Демек, дұрысы – экологиялық қауіпсіз құтылар мен дорбаларды қолдану мәдениетін қалыптастыру қажет. Бұл – еліміздің Экология министрлігі Цифрлық трансформация және жобаларды басқару департаментінің директоры Төрегелді Айнабековтің пікірі.
«Бүгінде Астананың тазалығын сақтауға оның тұрғындары да тікелей атсалыса алады. Көмек керек болған жағдайда құзырлы органдарға «Egov Mobile» мобильдік қосымшасы арқылы шығуға болады. Сондай-ақ, «TazaQazBot» деген телеграм-бот көмегімен өтініш жолдай аласыз. Алдымен, мәселеңізді сипаттап беруіңіз керек. Содан соң мекен-жайыңызды көрсетесіз. Соңында бүлінген не қоқыс шашылған аумақты суретке түсіріп, жүктейсіз. Бізге өтініштердің көбісі Астана мен Алматы қалаларынан және Түркістан облысынан түсіп жатады» дейді ол.

«Жаңбырлы бақ»
Тазалық тек қоқыс жинаудан тұрмайтыны белгілі. Оған айналаны абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары да кіреді. Шынымен де, қалада жасыл желек жайқалып тұрса, ол тек адамдарға емес, жан-жануарларға да қолайлы жағдай туғызады. Осы мақсатта, «Астанабасжоспары» ҒЗЖИ» ЖШС Урбанистика орталығының урбанист-сәулетшісі Тұрсын Жиенбаева биылдың өзінде миллионнан астам ағаш пен гүлді бұталар отырғызылғанын айтады.
«Біз арнайы көгалдандыру жарғысын шығардық. Онда қай жерге қанша және қандай ағаш отырғызу қажет, соның бәрі егжей-тегжейлі көрсетілген. Айталық, әрбір жаңадан салынған тұрғын үйдің 1 гектар аумағына жүзге жуық тал мен мың шақты гүлді бұта отырғызу керек. Бұдан бөлек, «Жаңбырлы бақ» деген де жобамыз бар. Ол биыл алғаш рет жүзеге асырылуда. Оның мақсаты – жауын-шашын суын бір жерге жинап, кейін оны жасыл желек суаруға жұмсау. Осылайша, біз табиғаттың сыйын текке кетірмей, игілікке пайдаланғанды жөн көрдік. Алдағы уақытта одан да басқа жаңа жарқын жобаларды іске асыратын боламыз. Бізге тек тұрғындар тарапынан түсінік пен қызу қолдау табылса, соның өзі жеткілікті» дейді урбанист-сәулетші.

Ару қала Астанамызды аралай жүріп біз тағы бір қызыққа куә болдық. Көше бойындағы және саябақтардағы ағаштарға QR-код белгісі ілінген. Сөйтсек, бұл әр ағаштың жеке электронды төлқұжаты болып шықты! Тұрғындар сол арқылы әлгі ағашқа қатысты барлық ақпаратты ала алады екен. Сонымен қатар, әр талдың төменгі тұсында арнайы датчиктер бар. Олардың көмегімен теректің түбі құрғап қалған жоқ па, соны білуге болады.

Тазалық тұрғындардан басталады
«Жасыл ел» жасағының сарбазы Айым Өтегенованың ойынша, қаланы тазарту арқылы әлемді жаңартуға болады. Егер еліміздің әр азаматы қоқысты жерге тастамай, арнайы орынға апарса, кейін сол қоқысты қайта өңдеуге немесе утилизацияға жіберсе, еліміз әлемдегі ең таза мемлекеттер көшін бастар еді.
«Бір ғана кішкентай қуат көзі – батарейканы алып қарайықшы. Оның құрамында улы әрі ауыр металдар жетерлік. Біз соны еш ойланбстан кез келген жерге лақтыра саламыз. Ал, ол жерге түссе, 20 метр аумақты, суға түссе 4 литр суды жарамсыз қылып жіберетінін білесіз бе? Олай болса, оны қайта өңдейтін арнайы мекемелерге апарып тапсырған жөн. Қалай болғанда да, қаламыздың тазалығы өзгеге емес, өзімізге керек. Біздің айналамызды басқа жақтан біреу келіп тазалап бермейді. Мұндағы ауа да, су да, орман да тек өзімізге қажет. Сондықтан осының бәрін жас ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек. Мәселен, жапониялықтар тазалыққа қатты мән береді. Онда тазалық бөлек бір мәдениет пен дәстүрге айналған. Олар тіпті өзге елге барса да, жүрген жерін қоқыстан тазартып жүреді. Міне, мұның өзі Жер-ана баршамызға ортақ екенін білдіріп тұрғандай. Жерге түкіргеннің өзі анамыздың бетіне түкіргенмен бірдей ғой» дейді табиғат жанашыры.

Біз анықтаған тағы бір қызық жайт, Астанада бес жылдан бері тұрақты түрде экожәрмеңке ұйымдастырылып келеді екен. Оның басы-қасында жүрген экожаттықтырушы Дария Ғылымжанқызы мұндай жәрмеңкенің не үшін керек екенін бізге айтып берді.
«Тұрғындар жәрмеңкеге пайдаланбайтын заттарын алып келеді де, оның орына өздеріне қажетін алады. Яғни, біз қайта өңдеуге жарамды шикізатты қабылдап аламыз да, тиісті орындарға тапсырамыз. Ондағылар керегін өңдейді, ал, қауіптісін утилизацияға жібереді. Әлі есімде, ең алғашқы жәрмеңкеде небәрі 150 келі зат жиналса, бүгінде бұл көрсеткіш 3 тоннаға жетті. Мұның өзі елордалық тұрғындардың экологиялық мәдениеті біраз арта түскенін көрсетіп отыр. Әриен, отандастарымыздың экологиялық санасы жақсы жаққа қарай өзгеріп жатқаны бізді қуантпай қоймайды. Мұнда Астанадан бөлек, Көкшетау мен Петропавлдан да пакет-пакет заттар келіп жатады. Олардың ішінде қағаз, пластик, метал, шыны, сұйық май, мерзімі өткен косметика, дәрі-дәрмек және басқалары бар. Қарапайым пластик бөтелкелерді айтсақ, олар қайта өңдеу барысында ұнтақталып, кейін одан мүлде басқа жаңа бұйым жасалып шығады. Тіпті, көшедегі қоғамдық орындықтар да содан жасалады десем, сенесіз бе? Міне, қоқыс пен қалдыққа екінші өмір сыйлау деген – осы» дейді ол.

«Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі»
Журналистік зерттеу соңында біз Астана қалалық қоршаған ортаны қорғау және табиғат паидалану басқармасының бөлім басшысы Уәлихан Қуанышевтың пікірін білдік. Оның сөзіне қарағанда, биылдың өзінде Елордамызда тазалық бағытында едәуір жұмыстар атқарылғанға ұқсайды.
«Соңғы екі жыл қатарынан «Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты ауқымды акция ұйымдастырылды. Соның аясында 500 мыңнан аса тұрғынның қатысуымен 200-ден астам іс-шара өткізілді. Бұл жұмыстар өз жемісін біртіндеп беріп жатыр. Қарапайым тұрғындар да, ірі кәсіпкерлер де тазалық сақтауға зор мән бере бастады. Қаламызда арнайы жасыл белдеулер бар. Соларды мекен еткен жабайы жануарлар да көбейді. Сөйтіп, Астанамыз адамдарға ғана емес, жан-жануарлар үшін де қауіпсіз ортаға айналып келеді. Сол сияқты, 2023 жылдан бері құрылыс қалдықтарын қабылдайтын «Солтүстік жотасы» деген алаң жұмыс жасап келеді. Ол жылына шамамен 200 мың тоннадай қалдық қабылдайды. Бұдан бөлек, ауа сапасын жақсарту үшін көмір жағу үлесін азайтып, газдандыру жұмыстары жолға қойылуда. Барлығы 24 мың жеке секторды газдандыру көзделсе, бүгінде сол міндеттің жартысынан көбі орындалып отыр» дейді шенеунік.

ТҮЙІН
...Бұл жолы біз тек Астанадағы тазалық жұмыстарының барысын сөз еттік. Мұндағы ілкімді істер өзге өңірлерге де үлкен үлгі болатыны даусыз. Ендеше, «Таза Қазақстанда» өмір сүргіміз келсе, тазалықты ең алдымен өзімізден бастайық, ағайын!
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ,
"Turan Тimes" сайтының тілшісі
