– Ұлттық валюта – төл теңге 1993 жылы 15 қарашада айналымға енді, - дейді ол "Atyray" газетіне берген сұхбатында. – Содан бері бұл күн ұлттық валютаның ресми күні болып саналады. Теңге айырбастау басталған бірінші күннен бастап-ақ заңды төлем құралы болды. Бүгінгі таңда теңге – Тәуелсіздіктің экономикалық негізі, егемендік символы, Қазақстанның жаңа Қаржылық тұрақтылықтың тарихы мен болашағының толыққанды бөлігі. Теңге айналымға енген кезде бұл тәуелсіздікке жасалған қадам ғана емес, батыл экономикалық эксперимент болды. Қазақстан реформалар мен жаңғыру жолына түсіп, теңге осы мақсаттарға жетудің негізгі құралына айналды және мемлекетке толыққанды банк секторын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Банкноттың алғашқы эскизін белгілі дизайнер, әрі сәулетші Тимур Сүлейменов 1992 жылы жасаған. Ол Қазақстан суретшілер қорының бас суретшісі және Қазақстан дизайнерлер одағының президенті болған талантты жан. Теңгемен қо са бірнеше мемлекеттік рәміздердің авторы. Эскизде Әл-Фарабидің портреті бейнеленіп, алғаш рет «теңге» сөзі жазылған. Бұл атау ортағасырлық түркілердің «денге» немесе «танга» күміс монеталарынан шыққан, таразы деген мағынаны береді. Бұл атау қаржы жүйесіндегі әділдік пен тепе-теңдіктің маңыздылығын білдіреді. Ал, 1, 3, 5, 10 және 20 теңгелік номиналдардағы алғашқы қағаз банкноталардың авторлығы Олег Митюхинге тиесілі. Төл теңгеміз еліміздің тариxын мейлінше терең таныта білген қастерлі банкноталар болды десек қателеспейміз. Теңгенің қасбеттеріне еліміздің мәдени, саяси өмірінде өшпес із қалдырған тариxи тұлғалардың бейнесі басылса, сырт тұсына кең байтақ жеріміздің сұлу табиғаты мен тариxи сәулет нысандары енді. Сондай-ақ, қазақ халқының тарихында із қалдырған атақты тұлғалар – әлемге әйгілі ойшыл, философ Әл-Фарабиден бастап, Сүйінбай Аронұлы, Құрманғазы Сағырбайұлы, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Әбілқайыр хан және Абылай хан сияқты көрнекті руханият өкілдері мен ел басқарған хандар бейнеленген. Алғашқы банкноттарды Лондондағы Harrison & Sons фабрикасы басып шығарған. Теңге қолданысқа енгізілген кезде ресми бағамы 1 теңге = 500 рубль қатынасында белгіленді (1 доллар 4,75 теңгеге тең еді). Алайда, түрлі сыртқы және ішкі факторлардың әсерінен теңгенің долларға қатысты айналымы алғашқы жылы 10 есеге әлсіреді, 1994 жылдың 16 қыркүйегінде доллар 47,05 теңгені құраса, бүгінгі таңда 2023 жылдың 9 қарашасында 1 доллар 467,05 теңге болды. Алғашқы айырбастау ақшасы – 1, 2, 5, 10, 20, 50 тиын номиналы бар қағаз ақшалар түрінде шығарылды. Кәдімгі тиыннан гөрі, қағаз тиындарын шығару нұсқасы уақытша шара ретінде қабылданды. Өйткені, теңге сарайы уақытында іске қосыла алмады. Қағаз тиындар айналымнан 1995 жылдың 30 желтоқсанында алынып тасталды. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің банкнот фабрикасы ашылғаннан кейін Қазақстандағы әрбір маңызды оқиға үшін жеке банкнот шығару дәстүрі пайда болды. Алғашқы теңгелер Германияда соғылған. Олар жезден және нейзильберден (мыс, никель және мырыш қорытпасынан) жасалған. 1998 жылы Өскеменде монета сарайы ашылды. Ұлттық валютаның «Бәйтерек» деп аталатын үшінші буыны 2006 жылы шығарылды. 2011 жылдан бастап ұлттық валютаның төртінші буыны қазақстандықтардың қолына түсе бастады. «Самұрық» сериясына 500, 1000, 2000, 5000, 10000 және 20000 теңгелік банкноттар кіреді. Теңге әлемдегі ең жақсы, сапалы қорғалған валюталардың қатарынан саналады. Сонымен қатар, қазақстандық ақша әлемдегі ең әдемі ақшалардың бірі болып табылады. 2011, 2012 және 2013 жылдары үш жыл қатарынан олар әлемнің үздіктері деп танылды (10 мың, 5 мың және 1000 теңгелік банкноттар). Айта кетерлік жайт, теңге – бұл мәтіндері екі тілде бедерленген әлемдегі жалғыз валюта.
Уақыт өте келе теңге Қазақстандағы ішкі стандарт және әлемдік сауданың маңызды құралы ретінде орнығып, тұрақты валюта сипатын иеленді. Бұл макроэкономикалық тұрақтылық, неғұрлым ашық қаржылық саясат және еліміздің әлемдік экономикалық қауымдастыққа белсенді қатысуы сияқты бірқатар факторларға байланысты болып келетіні де даусыз. Бүгінде теңге дүниежүзінде айналымға түсіп, айырбасталып, халықаралық қаржылық операцияларда қолданылады. Бұл жаһандық тану ел үшін өте маңызды, өйткені ол Қазақстан мен басқа елдер арасындағы сауда-экономикалық байланысты дамытуға ықпал етеді. Валюта нарығы халықаралық инвесторлар үшін ашық әрі қолжетімді болып келеді, бұл Қазақстан экономикасына қосымша инвестицияларды тартады. Ашықтықжәне көпвекторлық саясат ұстанған Қазақстан әртүрлі өңірлік және жаһандық экономикалық ұйымдармен белсенді түрде ынтымақтасады және бұл өзара әрекеттесулерде теңге маңызды роль атқарады. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) және Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) мүшесі. Теңгенің ұлттық валюта ретінде енгізілуі елдің осы ұйымдардың ішіндегі сауда-қаржылық операцияларға белсенді қатысуына мүмкіндік береді. Сонымен бірге, теңге халықаралық есеп айырысулар мен төлемдер жүйесінде де маңызды роль атқарады. Бұл жаһандық сауданың дамуына ықпал етеді және Қазақстанның басқа елдермен экономикалық байланыстарын нығайтуға көмектеседі. Сайып келгенде, қолданысқа енгізілген сәттен бастап теңге қаржылық тұрақтылық пен экономикалық өсуді қамтамасыз етуде айтарлықтай жетістіктерге жетті. Ел экономикасы жан-жақты және бәсекеге қабілетті бола түсті, теңге осы өсімді қолдайтын маңызды фактор ретінде айқындалды. Қаржылық тұрақтылыққа ықпал ететін негізгі сәттердің бірі Қазақстан Ұлттық банкінің инфляцияны бақылауға және банк жүйесін нығайтуға бағытталған ұзақ мерзімді саясаты саналады. Ұтымды жүргізілген қаржылық саясаттың нәтижесіндеҚазақстан қаржылық дағдарыстарды сәтті еңсеріп, экономикасын қарқынды дамыта алды.
Тәжірибе көрсеткендей, Қазақстан экономикасының дамуында ішкі және сыртқы инвестициялар маңызды роль атқарады. Теңге инвесторлар үшін тұрақты қаржылық жағдайды қамтамасыз етеді, бұл елдің әртүрлі салаларына капитал тартуға септеседі. Қазақстан мұнай-газ секторын, инфрақұрылымды, ауыл шаруашылығын, ақпараттық технологияларды және басқа да салаларды дамытуға ұмтылады және бұл мақсаттарға жетуде инвестицияның маңызы зор. Қазақстанның басқа елдермен сауда байланысын нығайтып, экономиканы дамытуға қосымша мүмкіндіктер бере алатын «Жаңа Жібек жолы» сияқты инфрақұрылымдық жобаларға ерекше көңіл бөлінуде. Жоғарыда айтылған елеулі жетістіктерге қарамастан, бүгінде Қазақстан кейбір қиындықтармен бетпе-бет келіп отырғаны жасырын емес. Мұнай және басқа да шикізат бағасының құбылмалылығы ел экономикасының дамуына тікелей ықпал етіп, кері әсерін тигізетін негізгі факторлардың бірі болып қалуда. Бұл экономиканы әртараптандырудың және шикізаттық емес секторларды дамытудың маңыздылығын меңзейді. Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру да өзекті мәселе болып табылады. Қаржылықбілімменхабардарлық адамдарға жинақтары мен инвестицияларын тиімді басқаруға және қаржылық қызметтердің дамуына ықпал ете алады. Осы сын-қатерлерді ескере отырып, Қазақстан қаржы жүйесін дамыту және теңгені тұрақты валюта ретінде нығайтуға бағытталған жұмыстардыжүйелі жүргізуде. Бұл мемлекетіміздің тарихындағы маңызды кезең және Қазақстанның әлемдік қаржы аренасында одан әрі дамып, өркендейтініне сенімділікті арттыра түседі. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, теңге – егемен еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігі мен қаржылық тұрақтылығының айрықша нышаны. Сондықтан да, оның экономикамыздағы және әлемдік қаржы жүйесіндегі беделінің жоғары, абыройының асқақ, мәртебесінің биік, мерейінің үстем боларына бек сенімдіміз.