RSS лента

Енді қазақстандықтар шалқып-тасып өмір сүре ме?

Автор фото: azh.kz

Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Альфия Төлеғариеваның сөзінше, Әлеуметтік Кодекстің қолға алынуы – мемлекет басшысының алға қойған саяси реформаларындағы ауқымды өзгерістердің бірі, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

– Бұл əрбір отбасының əл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуда маңызды роль атқарады, - дейді ол. – Яғни, кодекстің басты міндеті – кім мемлекеттен қандай жағдайда жəне қалай көмек ала алатынын нақты бекіту. Кодекс 5 бөлімнен, 19 тараудан жəне 267 баптан тұрады. Жаңа кодекске сəйкес, 1 шілдеден бастап азаматтардың жекелеген санаттары үшін мемлекеттік əлеуметтік жәрдемақылардың, сондай-ақ Мемлекеттік əлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін кейбір төлемдердің мөлшері артты. Мəселен, мүгедектік, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жəне арнаулы əлеуметтік жəрдемақы алатындарға, саяси қуғын-сүргін құрбандарына немесе саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткер болып табылатын адамдарға, республика алдындағы ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған тұлғаларға төленетін жəрдемақыны орта есеппен 14,5 пайызға арттыру көзделді. Кодекстің ең басты жаңалығы да сол, елімізде отбасының цифрлық картасын енгізу. Соған сəйкес, биыл 1 қаңтардан бастап Отбасының цифрлық картасы іске қосылды. Бұл біріншіден, қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне теңдей қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Яғни, мемлекет кімге, қашан, қандай көмек қажеттігін анықтап қана қоймай, əлеуметтік тəуекелдердің алдын алу шараларын қарастыруға мүмкіндік алады. Екіншіден, карта отбасылар немесе отбасы мүшелерінің əлеуметтік санатына жəне отбасылық əл-ауқат дəрежесіне қарап, мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігін жеткізіп отыратын электрондық жаршы құралы қызметін атқарады. Үшіншіден, мемлекеттік қолдауды проактивті форматта жүргізу көзделген. Яғни, азаматтарға əлеуметтік төлемдер мен көмектер ақпарат жүйесінде бар деректерге негізделіп тағайындалады. Қолданыстағы қағаз құжаттар кезең-кезеңімен жүйеден шығарылатын болады. Биылдан бастап республикада əлеуметтік-еңбек саласындағы 10 мемлекеттік қызметті көрсету бойынша 59 мыңнан астам СМС-хабарлама жолданып, 38,2 мың адамға төлем тағайындалды, оның 5,6 мыңы проактивты форматта.

 

Бұл бағыт кодекс бойынша əлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау деп аталады. Мұндағы негізгі мақсат – мүгедектігі бар азаматтардың көрсетілетін арнаулы əлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін арттыру. Бұл əсіресе ауылдық округтерге қатысты. Жеке секторды ауылдық жерлерде қызметтердің сапасы мен қамтылуын жақсарту үшін мүгедектігі бар адамдарға əлеуметтік қызмет көрсету жүйесіне тарту қарастырылған. Балаларды мектепке дейінгі тəрбие жəне оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі «Балапан» бағдарламасы секілді мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсететін ірі интернат үйлерден шағын əлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына кезең-кезеңімен өту жоспарлануда. Бұл мүгедектігі бар адамдарға, əсіресе ауылдық жерлерде арнайы əлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттырады. Арнайы əлеуметтік қызметтердің жаңа стандарттары əзірленді. Қазір жан басына шаққандағы нормалар шешілуде жəне ол əлеуметтік қызмет көрсету саласына жеке секторды тартуға ықпал етеді. Осы мақсатта 1 шілдеден бастап еліміздің 7 облысында пилоттық жоба іске қосылды. (Алматы, Астана, Шымкент қалалары, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды жəне Түркістан облыстары). Ал, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап республика бойынша жаппай енгізілмекші. Сонымен қатар, əлеуметтік қызмет көрсету саласын жаңғыртудың бір бағыты ретінде мүгедектігі бар адамдардың отбасы мүшелерін əлеуметтік қызмет саласына тарту да қалыс қалған жоқ. Тəжірибе көрсеткендей, оңалту жұмыстары кезінде жақын адамдардың қолдау білдіруінен оң нəтижелер көп. Сол себепті отбасы мүшелеріне жеке көмекші ретінде тіркелуге мүмкіндік беріледі. Бұл қызметтерді көрсету үшін тиісті дағдылар, адамның қабілеті мен біліктілігі болуы шарт. Олардың еңбегіне ақы төленіп, əлеуметтік төлемдер жүргізіліп, ал зейнетке шығарда жұмыс өтілі ретінде есептеледі. 2023 жылдың үш айында республика бойынша жеке көмекші ретінде 24 мың адам анықталды. Оларды қамтамасыз етуге жəне зейнетақы мен əлеуметтік төлемдеріне 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап бюджеттен 25,3 млрд. теңге бөлінеді.

 

Мүмкіндігі шектеулі адамдар техникалық құралдар тізбесінен өзіне қажетті құралдарды жəне қызмет көрсететін ұйымдарды таңдаудан бөлек, əлеуметтік қызметкерді де қалауына сай іздеу мүмкіндігі қарастырылған. Осы мақсатта 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін əлеуметтік қызметкерлердің реестрі жасалады. Онда əлеуметтік қызметкерлердің біліктілігі, олар көрсететін қызметтердің түрлері мен сапасы, жұмыс нəтижелері туралы ақпарат болады. Бұл қызметті тұтынушыларға бəсекелестік ортадағы əлеуметтік қызметкерлерді таңдауға мүмкіндік бар. Жұмыс берушілер дайындап жатқан кадрлардың білім деңгейі, дағдылары мен біліктілігіне қойылатын талаптарды көрсететін əлеуметтік қызметкердің кəсіби стандарты əзірленді. Əлеуметтік жұмысқа тек тəуелсіз кəсіби біліктілікті бағалау жүйесінен өткен сертификатталған мамандар ғана жіберіледі. Ұсынылатын қызметтердің біліктілік деңгейін, санаты мен ерекшелігін ескеретін еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі дайындалды. Бүгінде мүгедектігі бар адамдар техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен оңалту қызметтеріне Əлеуметтік қызметтер порталы арқылы тапсырыс береді. Алайда, өнім берушілердің тауарларының (жөргектер, таяқтар, арбалар, т.б.) төмен сапасына байланысты мүгедектігі бар адамдардан көптеген өтінімдер түсіп, қызмет алушылар тарапынан наразылық туғызуда. Осы мəселелерді шешу үшін Əлеуметтік кодекс шеңберінде əлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдар тауарлар мен қызметтердің сапасы мен уақытылы жеткізілмегеніне шағым беру құқығы қарастырылған.

 

Əлеуметтік кодексте халықты жұмыспен қамту орталықтарын трансформациялау қарастырылған. Əуелі олардың қызметтері Электронды еңбек биржасының порталы арқылы цифрлық форматта көрсетіледі. Республикада жұмыспен қамту орталықтары 207 мансап орталығы болып қайта құрылып, қалалар мен аудандарда фронт-офис қызметін атқарады, жұмыс берушілер мен іздеушілерге қызметті сол арқылы көрсетпек. Мансаптық орталықтардың басты тапсырмасы – жұмыссыздарды тіркеп, оларға жұмыс іздеуде жəне мансабын жоспарлауда көмек беріп, жұмыспен қамтудың белсенді шараларын көрсетіп, халыққа аймақтағы еңбек нарығы бойынша ақпарат беру. Барлық облыстар мен республикалық маңызы бар үш қалада мобильді еңбек орталықтары ашылады. Олар мансап орталықтарының жұмысын үйлестіріп, жергілікті деңгейде жұмыспен қамту мəселесі мен ішкі миграцияны реттейді. Бұл мобильді еңбек орталықтарының басқару жұмысын орталықтандыруға мүмкіндік береді. Жұмыспен қамту қызметтерін бекітілген тариф негізінде жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру мен жұмыс берушінің вакансияларына мамандарды таңдап беру нəтижелері бойынша қаржыландырылады.

 

Енді жұмыс күшінің дағдыларын жетілдіру кодекстегі тиісті заңдылыққа сəйкес жүргізіледі. Жыл сайын республикада 300 мыңнан астам жас еңбек жасына жетеді. Қазақстанның еңбек нарығының болашағын осы жастар анықтап отыр. Бүгінде жастар жұмыспен қамтылғандардың 60%-н құраса, 2030 жылға қарай олар барлық жұмыс күшінің 80%-нан асады. Сонымен қатар, цифрландыру мен автоматтандырудың əсерінен жұмыс орындарындағы технологиялық процестер жылдам өзгеріп, жаңа кəсіптер пайда болды. Осыған байланысты, Ұлттық біліктілік жүйесін қайта зерделеп, жұмыс берушілер мен қызметкерлер үшін үздіксіз біліктілікті арттыру жүйесін құру қарастырылды. Олар біріншіден, жұмыс берушілердің қатысуымен білімнің, дағдылар мен құзыреттердің нақты жиынтығын анықтайтын кəсіби стандарттарды əзірлеу. Екіншіден, мамандарды даярлауда кəсіби стандарттарды білім бағдарламаларына енгізген оқу орындарына ғана мемлекеттік тапсырысты бағыттау. Үшіншіден, жұмыс күшінің біліктілігін бағалайтын тəуелсіз институттардың орталықтарын іске қосу. Бағалау қорытындысы бір жағынан маманның жұмысқа кірісуге дайындығын анықтаса, екінші жағынан мамандарды əзірлеген ұйымдардың білім деңгейін белгілейді. Бұл бастамалар Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауындағы «Кəсіби біліктілік туралы» заң жобасында қарастырылған.

 

Қазір көші–қон саясаты сұранысқа ие жəне білікті мамандарға бағытталмақ. Біріншіден, этникалық қазақтар үшін тарихи отанымен байланысты нығайту мақсатында 2024 жылдың шілдесінен бастап шетелде тұратын қандастарға Қазақстанда еңбек етуге жəне кəсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік беретін «Ата жолы» картасы енгізіледі. Екіншіден, университеттердің ғылыми мүмкіндіктерін, əсіресе техникалық жəне аграрлық саланы дамыту мақсатында Қазақстанға шетелдік жоғары оқу орындарын тарту көзделген. Ғылым жəне жоғары білім министрлігінің мəліметіне сəйкес, қазір Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында «МИФИ» Ресей Ұлттық ядролық зерттеу университеті, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай жəне газ университетінің базасында И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай жəне газ университетінің жəне М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақст ан университетінің базасында Аризона университетінің филиалдары ашылды. Үшіншіден, үздік отандық кəсіпорындарды күшейту мақсатында тапшы мамандықтар бойынша білікті шетелдік мамандарды тартып, оларды алмастыратын отандық кадрларды əзірлейтін жəне технологиялар трансфертін қамтамасыз ету қарастырылуда. Төртіншіден, елдің мəдени потенциалын дамыту үшін өнер мен спорт саласындағы танымал адамдар тартылады. Кино, театр, əдебиет саласының майталмандарына авторлық мектептер ашуға жағдай жасалмақ. Бұл бастамаларды жүзеге асыру үшін шетелдік мамандарды тіркейтін жəне олардың елде болуын бақылауға алатын Тіркеудің цифрлық жүйесі құрылады. Жүйе оларға қолайлы жұмыс режимін қалыптастырып, рұқсат берудің барлық процедураларын жеңілдетеді.

 

Оставить комментарий
Последние новости