RSS лента

Қазақстан жарықтан тарықпас үшін не істеу керек?..

  • 13.07.2023, 19:06,
  • 403
  • 0
  • Автор:
Автор фото: svetland-oil.kz

Өткен аптаның дүйсенбі күні Атырауда оқыс жағдай болды. Мұнайлы өлкедегі іргелі нысандарды электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған Маңғыстау атом-энергетикалық комбинатындағы №1 энергетикалық блокта апат болуына байланысты облыс халқы мен кәсіпорындар жарықсыз қалған еді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Соның кесірінен толық қуатында үздіксіз жұмыс істеп тұрған Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысында іркіліс болып, «қара алтын» құрамындағы техникалық газдар факелдерге жөнелтіліп, будақтаған қою түтін ауаға тарады. Жергілікті "Атырау" газеті жазғандай, бас-аяғы екі сағаттың ішінде 8 мың текше метр газ ауаға тарап үлгерді. Маңызды мәселені мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бақылауына алып, «энергетикалық коллапсқа» кінәлілерді анықтауды тапсырды.

 

Осыған байланысты, Атырауға Үкімет басшысы Әлихан Смайылов пен «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев келіп, зауыттағы ахуалды бақылап қайтты. Апат қалай болды? Иә, «апат айтып келмейді». 3 шілде күнгі төтенше жағдайды да ешкім болжай алмады. Дүйсенбі күні сағат 17.30 шамасында бүкіл қала жарықсыз қалды. Жұртшылық шаһар ішінде орналасқан Атырау мұнай өңдеу зауытынан будақтай шыққан қою түтіннің осы жер тұрғындарының саулығына тигізіп жатқан кері әсерін айтып, дабыл қаға бастады. Шын мәнінде, ахуал күрделі еді. Ел дамуында айрықша орын алатын зауыттың апаттық жағдайда жұмысын тоқтатуы экономикаға айтарлықтай соққы болды. Көпшілік «жанар-жағармайсыз қалмаймыз ба?» деп алаңдады.

 

Келесі күні Атырауға «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев келіп, МАЭК тарапынан электр қуатының ажырауына байланысты өндірісті тоқтатуға мәжбүр болған кәсіпорынды қайта іске қосу барысымен танысты. Зауыттың бас директоры Мұрат Досмұратов сол күнгі ахуалды баяндады.

 

– Барлық техникалық желі, қондырғылар 110 пайыз толық қуатында жұмыс істеп тұрды. Сондай-ақ, мамыр айында іске қосылған ароматикалық өндіру кешені де үздіксіз қызмет етті. Жаңа жылу алмастырғышты да сынақтан өткізіп, жұмысқа кіріскен едік. 17 сағат 25 минутта сыртқы электр желілерінің өшуі салдарынан зауыт жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Тек АТ қондырғысы ғана дербес ГТС арқасында өшпеді. Жартылай фабрикаттар дайындайтын мұнайды атмосфераға айдау қондырғысы ғана жұмыс істеді. 18 сағат 30 минутта қондырғыларға «КЕGOK» бір желі арқылы электр қуатын берді. Ал, 19 сағат 25 минутта басқа өндірістік желілерге «қан жүгіріп», жіберу-реттеу жұмыстары басталды. Алдымен, жалпызауыттық шаруашылық нысандары іске қосылды. Жарық өшкен кезде мұржадан көп мөлшерде түтін шыққанын қала тұрғындары көрді. Өндірісте апаттық жағдай кезінде өрт болмас үшін барлық техникалық газды факелдерге жіберуге мәжбүр болдық. Екіншіден, салқындатқыш жүйе де істен шығып, біз газдарды салқындата алмадық, – деді Мұрат Досмұратов.

 

Зауыт басшысының айтуынша, біртіндеп техникалық азот компрессорлары, механикалық, биологиялық тазарту қондырғыларына жіберу-реттеу жұмыстары жүргізілген. Бастысы, кәсіпорын оқыс жағдайға қарамастан, жинақталған қор есебінен мұнай өнімдерін жөнелтуді тоқтатпаған. Зауыт резервуарларында 26 мың тонна автобензин, 3 мың тонна дизель отыны, 1400 тонна сұйытылған мұнай газы, 6 мың тонна авиакеросин болды. Бұл бір апталық қор екен. Өндірістегі іркіліс Мағзұм Мырзағалиев зауытты қайта іске қосу жұмыстарымен танысқаннан кейін электр қуатының үзілуіне байланысты өндірісті жартылай немесе толық тоқтатуға мәжбүр болған еншілес кәсіпорындардың басшыларымен бейнеконференц-байланыс арқылы селекторлық кеңес өткізді. Жедел басқосуға «KPI ІNC» полипропилен өндіретін газ-химия зауыты, «ҚазТрансОйл» АҚ, «Магистральды су ағызғы» ЖШС, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ және «Өзенмұнайгаз» АҚ өкілдері қатысты. Олар кәсіпорынның нақты ахуалы жайлы ақпарат беріп, электр қуатының үзілуі салдарын жоюға қатысты атқарылып жатқан шаралар жөнінде баяндады. Өндіріс орындарының басшылары жиын барысында электр қуатын жеткізуде іркілістің жиілеп кеткенін атап айтты. Бұл – мұнай өндірісінің тиімділігіне және жоспардағы көрсеткіштерге қол жеткізуге кері әсер ететін фактор.

 

– Бұл оқиғаның қоғамды дүрліктіруінің себебі – Атырау мұнай өңдеу зауыты қала шетінде орналасқан. Факелде жанған көмірсутегі газын тұрғындар көзбен көрді. Ал, біздің кен орындарында тек соңғы алты айдың ішінде электр қуаты дәл осылай 11 рет ажыратылды. Жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған ұңғымалардың жалпы саны – 13 мың, алдын ала есеп бойынша 5 миллиард теңге шамасындағы кірістен айрылдық, – деді «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Нұрдәулет Қилыбай.

 

Кеңес барысында соңғы екі жарым жылда «ҚазМұнайГаз» көмірсутегі шикізатын өндіру активтерінің барлығында электр қуатының үзілуінен жалпы 279 мың тонна мұнай өндірілмегені белгілі болды. Биыл компанияға қарасты кеніштерде электр қуаты жалпы 153 рет үзіліпті. Соның салдарынан 75 мың тонна мұнай көлемі өндірілмей қалған.

 

– Біз электр энергиясын таратудағы ақаулардың жиілеп кеткенін байқап отырмыз. Егер 2017 жылдан 2019 жылға дейін біздің компания дәл осындай себеппен өндірісте 3700 тонна мұнай жоғалтса, 2021 жылдан 2023 жылға дейін бұл көрсеткіш 45 мың тоннаға дейін өсті. Кеше біздің шығын 2,5 мың тонна мұнайды құрады. Қазір алдымызға қойылған өндірістік бағдарламаны орындай алмау қаупі туындап отыр, – деп қынжылыс танытты «Қаражанбасмұнай» АҚ бас директоры Нұрсейіт Союнов.

 

Ал, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Мұрат Мұстафаев жыл басынан бері электр қуатының үзілуіне байланысты шығын өткен екі жылғы шығыннан да асып кеткенін айтып, шағымданды. Бұл электр желілерінің әбден тозығы жеткенін айқындаса керек. Шығын көлемі айқындалды Жиын қорытындысында Мағзұм Мырзағалиев Ұлттық компанияға қарасты еншілес құрылымдардың басшыларына берілген электр қуатының артуына қарай өндірісті қалыпты жұмыс режиміне біртіндеп шығаруды тапсырды.

 

– Электр қуаты өшкеннен кейін Атырау мұнай өңдеу зауытымен қатар «қара алтын» өндіру де апаттық жағдайда тоқтады. Бұл ахуалды энергетикалық коллапс десек те болады. Ең бастысы, технология қауіпсіз өшірілді, адамдар дін аман. Техникалық мамандар жедел әрекет етті. Енді тоқтап қалған өндірісті біртіндеп іске қосуымыз керек. Қазіргі басты талап – қауіпсіздік. Сағатына 180 километр жылдамдықпен жүйткіп келе жатқан көлікті дереу тоқтатса қандай болады?! Соңы қайғылы жағдаймен аяқталатыны белгілі ғой. Сондықтан, мәселеге байыппен қараған жөн, – деп түйіндеді басқарма төрағасы.

 

Сондай-ақ, ол қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жабдықтарға шамадан тыс салмақ түсірмес үшін қажетті технологиялық регламенттердің сақталуын бақылауға алуды тапсырды. Расында да, мезгілсіз тоқтаған зауытқа бұл жағдай қанша шығын әкелетінін дөп басып айту қиын. Оның үстіне, қондырғылардың ішіне кіруге мүмкіндік болмағандықтан катализатордың қандай деңгейде екені белгісіз болды.

 

– Былтыр да осындай жағдай болды. Онда зауытты қайта іске қосуға екі-үш күн уақыт жоғалттық. Әрине, бұл жолғысының жөні бөлек, бірақ бәрі де ойдағыдай болады деген сенімдемін. Өкінішке қарай, Маңғыстау облысындағы барлық кеніш, Өзен, Жетібай, Қаражанбас және «Ембімұнайгазға» қарасты 33 кеніш жұмысын тоқтатты. Мұнай айдаушы компаниялар, Астрахан-Маңғышлақ суағары, Теңізден мұнай айдау станциясында жарық өшіп, қызметін тоқтатты, – деді Мағзұм Маратұлы.

 

Басқарма төрағасының айтуынша, апаттық жағдайдың салдарынан 69 миллиард теңге шығын келген. Үш тәулікте 45 мың тонна мұнай өңделмеген. Атырау мұнай өңдеу зауытының басшылығы келтірілген шығынға байланысты кінәлі мекемені сотқа беру үшін тиісті жұмыстар жасалып жатқанын растады. Ал, «Ембімұнайгаз» АҚ-ның Уаз кен орындары тобынан басқа барлық кеніштерінің жұмысы тоқтаған. Оларды іске қосу жұмыстары түн жарымына дейін жалғасыпты. Электр қуатының жалпы тапшылығына байланысты «Атырау Жарық» АҚ тарапынан 7 кенішке шектеу режимі енгізілген. Ең соңғы болып Тереңөзектегі өндіріс 4 шілде күнгі 3 сағат 45 минутта қосылған. Апаттың кесірінен мұнай өндірудің тәуліктік жоспары орындалмаған. Мұнай өндірудегі жалпы шығын көлемі 728 тонна.

 

Өндірісті апаттық жағдайда тоқтатуға мәжбүр болған Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында қандай жағдай орын алды? Осыған байланысты, Мемлекет басшысы кінәлілерді анықтап, мәселені шешу үшін тиісті тапсырма берген еді. Білуімізше, комбинаттың №1 энергетикалық блогындағы оқиға жүйенің әбден ескіріп, тозығы жеткендіктен болған. Жалпы, МАЭК Маңғыстау облысының тұрғындарын электр және жылу қуатымен қамтиды. Сондай-ақ, кәсіпорынның су тұшыту кешені ауыз су, ыстық және техникалық су береді. Комбинаттың негізгі энергетикалық жабдықтары бұдан 60 жыл, ең жаңасы 30 жыл бұрын пайдалануға берілген, мамандар оның тозу деңгейі 80 пайыздан астам деп бағалаған. Сондықтан, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорынды жаңғырту туралы тапсырма берді. Ол үшін әкімдік резервінен электр станциясының әбден тозған жабдықтары мен су тұшыту қондырғыларының сорғы жабдықтарын ауыстыруға 2,6 миллиард теңге бөлінген. Оған қоса, Үкімет энергетикалық жабдықтарды жаңғырту үшін 4,9 миллиард теңге бөлу туралы шешім қабылдаған. Бұл кәсіпорын жұмысының тұрақтылығын арттырмақ.

 

Турасын айту керек, электр желілеріндегі ақаудың салдары бірінші рет болып отырған жоқ. ҚазМұнайГаз бен АМӨЗ-дың қызметі соның кесірінен бірнеше рет тоқтады. Ал, елдегі ескіріп, тозығы жеткен жарық жүйесінің қазіргі жағдайы тағы белгілі. Ендеше, қайтпек керек? Энергияны өзімізден автономды түрде алу қажет. Ол үшін жекеменшік газ турбиналы электр станциясын іске қосу жобасын жеделдеткен жөн. Әйтпесе, кешегі қаһарлы қыста тұтас қала жылусыз қалғаны секілді кәсіпорындар да істен шығуы мүмкін. Бетін әрмен қылсын, әрине, бірақ, өткеннен сабақ алуымыз тиіс еді. Бұл мәселені Атырау облысына жедел жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы Әлихан Смайылов та қадап айтты.

 

– 3 шілдеде бүкіл зауыт апатты жағдайда тоқтап қалды. Осыған ұқсас жағдайлар екі жыл бұрын да болған. Сол кезде зауытқа өзінің автономды энергия көзі қажет екені түсінікті болды, содан тиісті сабақ алуға болатын еді. Әрине, бұл тек Атырау мұнай өңдеу зауытының міндеті емес, «ҚазМұнайГаз» компаниясы да қажетті шешімдер қабылдауы тиіс болатын, – деді Әлихан Асханұлы.

 

Премьер-Министр мұндай стратегиялық нысандарда тіршілікті қамтамасыз етудің дербес көздері міндетті түрде болуы керектігін атап көрсетті. Сол себепті, Әлихан Смайылов АМӨЗ-ге жеке газ турбиналы электр станциясын іске қосуды жеделдетуді талап етті.

 

– Зауыт – стратегиялық маңызы бар нысан, ол сырттан жеткізілетін электр энергиясына тәуелді болмауы тиіс. Яғни, апатты жағдайда кәсіпорынның жұмысын тұрақты қамтамасыз ететін дербес қосалқы станция іске қосылуы керек. Жобаны 2028 жылға дейін созбай, алдағы екі-үш жылда жүзеге асыру керек, – деді Үкімет басшысы.

 

Мұнайлы өлкеге сапары барысында Әлихан Смайылов газ-химия кешенінің жұмысымен танысу үшін «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС-іне келді. Кездесуде компанияның басқарма төрағасы Данияр Тиесов Премьер-Министрге газ-химия кешенінің даму перспективасы туралы баяндады.

 

– Біз қазір полипропиленнің ПП Н 030, ПП Н 031, ПП Н 120 маркаларын өндіріп жатырмыз. Дайын өнімді Қазақстаннан бөлек, Түркия, Қытай, Еуропа және Ресейге жөнелтудеміз. Полипропилен – құрылыс, машина жасау, медицина, электр техникасы және орама материалдар, контейнерлер, талшықтар, құбырлар, кеңсе жабдықтары, бақша, кеңсе жиһаздары өндірісінде, сондай-ақ тоқыма және тамақ өнеркәсібінде қолданылатын негізгі шикізат. Мысалы, статистика бойынша жылына 2 миллион тонна цемент өндіріледі. Егер оның сыртын қағаз қаппен емес, полипропиленнен өндірілген қаппен орасақ, еліміздің полипропиленге деген сұранысын өтеп қана қоймай, құрылыс саласында бұйым шығаратын шағын және орта бизнестің дамуына ықпал ете аламыз. Бұл – медицина, автомобиль құрастыру, тамақ өнеркәсібі, басқа да салаларға қатысты. Полипропиленнен өнім шығаратын кәсіпорындарды көбейтуде жергілікті әкімдіктің қолдауы керек, – деді Данияр Сүйіншілікұлы.

 

Сондай-ақ, Премьер-Министр Әлихан Смайылов зауыттың тоқтаусыз жұмыс жасауы үшін газ-химия кешенін жарықпен қамтамасыз ететін «Karabatan Utility Solutions» ЖШС басшылығына газтурбиналық электр станциясын жаңартып, жұмысын жақсартуға қатысты нақты тапсырма берді. Серіктестіктің бас энергетигі Руслан Каликовтың айтуынша, арнайы экономикалық аймақтағы кәсіпорындарда электр энергиясы өшкен кезде газ турбиналарын тойтару үшін бір газ турбинасы дизель генераторлық қондырғысы арқылы жұмыс істейтінін атап өтті. P.S. Шілденің 6-нда «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-де мұнай өнімдерін шығару жұмыстары қалыпты режимге көшірілді. Баяу кокстеу қондырғысында апатты тоқтау салдарынан бітеліп қалған жабдықты тазалау жұмыстары жүргізілуде. Бұл қондырғы шикі кокс өндіруге арналған, мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін шығару көлеміне әсер етпейді. Қазір зауыт қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр.

 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости