RSS лента

Қазақстанда қатыгез жасөспірімдер көбейді

Автор фото: psyhologika.ru

Жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік, отбасындағы зорлық-зомбылық секілді қатыгездік көріністердің жиілеуі санасында саңылауы бар әр адамды ойландырып жүр, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.


Әсіресе, бізді адамда аяушылық қасиеттің азайып бара жатқаны қатты алаңдатады. Жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселеге баса мән беріп, жас ұрпақ қауіпсіздігінің маңызына тоқталған еді. Әйелдер мен балалардың құқығын қорғау шараларын заңмен күшейту керектігін де айтып, отбасы құндылықтарын дәріптеу ісіне ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

 

– Біз қоғамдағы, көшедегі, тіпті әр үйдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етпесек, дамыған елдердің қатарына қосылуымыз қиын болады. Азаматтарымыз еркін жүріп-тұратын қауіпсіз қоғам құруымыз қажет, - деді Президент.

 

Шындығында, қазір басқа ортаны айтпағанда, әр отбасында ұлттық тәрбие, ата-баба құндылығы мен мұрасы деген ұғымдардың ұмытыла бастағанын жасыру мүмкін емес. Өйткені, нарықтық экономикада адамдар уақытын отбасынан гөрі мол табыс табуға жұмсап, отбасы екінші кезекке қалып отыр.

 

Атырау қаласындағы колледжде болған бассыздық туралы да мазалаған сауал көп. Әйтсе де, ана алақанының жылуын сезініп, әкенің ақылын алып өскен баладан мұндай қатыгездік шықпас еді. Мемлекет басшысы да отбасы құндылықтарын дәріптеу қажеттігін осы себепті айтып отыр. Бұл оқиғаға да отбасындағы тәрбиенің әсері болғаны сөзсіз. Өйткені, отбасы – бала тәрбиесінің негізгі бастауы. Бала бойындағы өзгерісті байқаса, қазақ оны ең бірінші әке тәрбиесінен көреді, тегіне тартқан дейді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, шөбере сүйген, жасы 80-ді алқымдаған атыраулық Балкенже Жолдасова да мұны жоққа шығармады. Қарт ана әсіресе, жанұядағы әкенің ролі, абыройы мен беделіне көбірек тоқталды.

 

– Әрбір ақылды әйел ұрпағы үлгі тұтсын деп ерін алға шығарып, құрметтеген. Оны көрген баланың да әкеге деген сыйы артқан. Әкені биік тұлға көріп, сөзін екі етпеуге тырысқан. Әйел «балам, алдымен әкең жесін», «әкеңнен сұра», «әкеңнің бас киімін жерге тастама» деп, отағасының абыройын көтерген. Ондай тәрбиені алған бала да әкесінің көңілін тауып, жат қылық жасамаған. Ержеткен соң да әкенің абыройын бірінші кезекке қойып, ар-намысына нұқсан келтірмеуге тырысқан, - дейді Балкенже әже.

 

Шынында, жүзінен мейірім төгіліп тұрмаса да, қас-қабағынан бәрін түсініп өскен бала әкенің айбынынан сескеніп жүреді. Ал, әке ісімен де, болмысымен де баласына үлгі. Елімізде ер мен әйел, жалпы Қазақстан азаматтары тең құқылы. Дегенмен, бұл ұғым қоғамға сіңгелі бері, ер-азаматтардың беделі төмендеп, нәзік жандылардың мерейі асып бара жатқаны көбірек айтылатын болды. Ал, ұлттық тәрбиеде әкенің аты әрдайым бірінші аталады. Сондықтан, әкенің отбасындағы ролінің төмендеуі – қасірет. Ал, желіге таралған бейнебаяндағы қаныпезерлер мұндай тәрбиеден мақұрым қалғандар-ау шамасы. Себебі, қазақтың шаңырағындағы жақсы әкенің ақылында біреуге қиянат жасап, жазықсыз қол көтеру деген ұғым болған емес.

 

Ықылым заманнан бері халқымыз «тәрбие – тал бесіктен» екенін жақсы білген және ұрпақ тәрбиесінің жауапкершілігін ата-анасына жүктеген. Сол себепті «көргенсіз» деген сөздің салмағы тірілей масқара болу деп бағаланған. Алайда, бала білім алған ортаның, яғни мектептегі ұстаздың да ролі зор. Білім беру мекемелерінде кәмелетке толмағандарға педагогикалық-психологиялық көмек көрсету үшін іс-шаралар жоспары жасақталып, тиісті жұмыстар жасалып жатқанымен, ұстаздарды жүйелі түрдегі зорлық-зомбылық, айдап салу мен буллинг мәселесі алаңдатып отыр.

 

– Буллингтің алдын алуда психологиялық қызмет үлкен роль атқарады. Балаға, ата-ана мен педагогтарға кең ауқымды мәселелер бойынша, әсіресе даулы жағдайларды шешу, зорлық-зомбылықтан сақтану және оған ден қою мәселелері бойынша педагог-психологтар кеңес береді. Ол үшін әртүрлі тақырыптағы шаралар өтіп жүр. Өзекті мәселелердің бірі – мектеп пен ата-ана арасындағы ынтымақтастық десек, биыл «Бағдаржол: күнделік, жоспарлау» жобасы қолға алынып, жобаға 105 оқушы, 21 сынып жетекшісі, 21 ата-ана белсенді қатысты. «Мектеп инспекторының жас көмекшісі» клубы, «Мектеп/студенттік парламент» қоғамдық ұйымы жұмыс жасайды, - деді облыстық білім беру басқармасының басшысы Гүлнәр Сәдуақасова.

 

Ағылшын тілінен аударғанда «қорқыту», «кемсіту», «мұқату» дегенді білдіретін bullying – қазақша айтқанда әлімжеттік жасап, күш көрсету. Буллинг жасаушы мұны күшпен де, сөзбен кемсіту арқылы да жасайды әрі бұл әрекетін жиі қайталауы мүмкін. Сондықтан, колледж студенттері арасындағы бассыздықты мамандар буллингке балап отыр. Сол оқиғадан кейін студенттер мен олардың ата-аналары шақырылып, мәселенің мән-жайы анықталып, түсінік жұмыстары жүргізілген. Басқарма басшысы қазір соққыға жығылған студенттің саулығы жақсы, сабағына қатысып жүргенін хабарлады. Сондай-ақ, полиция департаментінің қызметкерлері колледж студенттері арасында құқық бұзушылықты болдырмау тақырыбында жиындар өткізіп, мәселе жан-жақты талқыланған.

 

Психолог мамандар да әлі өсіп-жетілмеген жас баланың қылмысқа баруына бейжай қарауға болмайтынын айтады.

 

– Жасөспірімдердің қылмысқа баруы – жантүршігерлік жағдай. Осындайда«Ата-анадан өсіп талай ұрпақ тараған, олардың жақсы-жаман болуы – солардан» деген Жүсіп Баласағұнның сөзі ойға оралады. Бұл мәселеде кінәні өзгеден емес, ата-анадан іздеген жөн. Өйткені, басты себеп үйдегі тәрбиеде жатыр. Бала үйіндегі ата-анасының немесе ересек адамдардың ісін қайталағанды қызық санайды. Халқымыз «көз көргенін, көсеу түрткенін істейді» дегенді осыған байланысты айтқан. Сондықтан, ата-ананың қоғам алдындағы жауапкершілігі, бала тәрбиесі, білімі, мәдениеті, денсаулығы, жалпы олардың дамуы жөніндегі парызын толық сезінетіндей дәрежеге жеткізу керек. Ал, өз міндетін түсінбейтін ата-аналарды тәрбиелейтін біз емес, еліміздің заңдары, - деді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің аға оқытушысы Ләззат Мәжитова.

 

Тәжірибелі психолог жанұяда әкесі ұлымен, анасы қызымен көбірек сөйлесіп, бір-біріне көңіл бөліп сырласуы керектігін, «ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін» бала үшін әке-шешенің әрбір іс-әрекеті маңызды екенін ескертті.

 

«Ата-ана әсіресе, балаға телефон, интернет қолдану мәдениетін қалыптастыруы керек. Ересектердің бақылауынсыз жүрген бала қолындағы телефоны, ондағы қолжетімді интернеттің салдарынан небір зұлымдық, қатыгездікке толы әдепсіз көріністерді көріп, соны санасына түюде. Бұл бұғанасы бекімеген баланың психологиясына кері әсерін тигізеді. Бала тәрбиесінде бейқамдық болмасын десеңіз, ұрпағыңыздың бойына ұлттық тәрбиені дарытыңыз. Өйткені, ұлттық тәрбиеде адамгершілік, мейірімділік, бауырмалдық қасиеттерді дарытатын құндылықтар мол», - деді маман.


Оставить комментарий
Последние новости
Все новости