Бұл туралы Primeminister.kz жазады. Онда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова баяндама жасады. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов елдегі көші-қонды бақылауды жүйелеу жөніндегі шаралар туралы, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев көші-қон саласындағы ақпараттық жүйелерді интеграциялау туралы баяндады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша, 2023 жылдан бастап Қазақстанда көші-қонның оң сальдосы тіркеліп отыр. Бұл еліміздің тұруға және жұмыс істеуге деген тартымдылығы қалпына келгенін көрсетеді. Халық көп келген өңірлер Павлодар, Шығыс Қазақстан, Атырау, Алматы және Ақмола облыстары, сондай-ақ Алматы, Астана қалалары болды.
Премьер-министр жаһандық геосаяси өзгерістер мен миграциялық ағындардың күшеюі жағдайында халықтың көші-қон мәселесі аса маңызды басымдыққа айналып отырғанын атап өтті.
Жиында соңғы 2 жылда Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктердің саны бір жарым есеге артқанына назар аударылды. Осыған байланысты көші-қон процесстерін ашық және дәл есепке алуды қамтамасыз етудің маңыздылығы атап өтілді. Премьер-министр ол үшін цифрлық құралдарды белсенді түрде енгізу, мигранттардың қозғалысын жүйеге келтіріп, толыққанды мониторинг жүргізу үшін шекарадан өткен кезде берілетін көшіп-қонушының ID-картасын енгізу жұмысын жеделдету қажеттігін баса айтты.
Еңбек және әлеуметтік қорғау, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктеріне осы жылдың 1 қарашасына дейін барлық дерекқорларды толығымен интеграциялай отырып, көші-қон процестерін есепке алудың Бірыңғай цифрлық платформасын енгізуді қамтамасыз ету тапсырылды.
Одан бөлек Олжас Бектенов қазақстандықтарды шетелде жұмысқа орналастырумен айналысатын жеке агенттіктердің қызметін реттеу мәселесінің маңызды екенін атап өтті. Жыл соңына дейін жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің қызметін лицензиялау бөлігінде тиісті заңнамалық өзгерістер әзірлеу міндеті қойылды.
Үкімет отырысының соңында Премьер-министр бірқатар тапсырма берді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың 1 қазанына дейін Үкіметке Қазақстан Республикасының көші-қон және демографиялық саясат тұжырымдамасының жобасын енгізу тапсырылды. Ол әзірленіп жатқан 2030 жылға дейінгі өңірлік саясат тұжырымдамасымен сәйкес болуға тиіс;
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына этникалық көшіп-қонушыларға елге келгенге дейін алдын ала сауалнама жүргізу құралдарын енгізу міндеті қойылды.
ІІМ мен барлық мүдделі мемлекеттік органдарға көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік шараларын қатаңдату тапсырылды. Одан бөлек, жалпы көші-қон саласындағы қауіпсіздік мәселелерін күшейту қажет.