Депутаттың айтуынша, осы өткізу пунктінде контрабанда мен тыйым салынған заттарды анықтаумен тек шекара қызметі айналысады. Онда да тек көзбен шолып тексеру жүргізетін болып шықты. Ол тек соңғы 3 жылдың ішіндегі жағдай. Бұл кезеңде Қырғызстаннан Қазақстанға «Шалдуар» станциясы арқылы 190 мың тонна жүк импортталып, 3 млн 565 мың тонна экспортталды.
«Бекетте зертханада өнім мен шикізат үлгілерін зерделеу мүмкіндігі жоқ, нәтижесінде заңды тауар, тыйым салынған жүктерді тасымалдау қаупі жоғары. Бұл еліміздің экономикалық қауіпсіздігіне де теріс әсер етеді. Тиісті бақылаудың болмауы Қырғызстанмен шекаралас өңірлерді қылмыс жайлауына және тауарларды заңсыз тасымалдаумен айналысатын маргиналды топтардың пайда болуына әкеледі», - деді сенатор.
Осыған байланысты Үкіметке осы бекетте жүктердің қозғалысын бақылау тәртібін реттейтін және күшейтетін нормативтік құқықтық акті қабылдауды ұсынды.
«Құқықтық олқылықты жою, сондай-ақ заң ережесінің бұзылуын болдырмау мақсатында «Шалдуар» бекетінде арнайы бақылау пунктін ашу, вагондарды қарау жылдамдығы мен сапасын арттыратын әдістерді енгізу, өткізу пункттерінде кептелістерге жол бермеу үшін жеке тұйықты айқындау, сондай-ақ еліміз ішінде тауарды түсіріп алуға жол бермеу үшін ЕАЭО елдеріне жіберілетін транзиттік вагондарда электрондық навигациялық пломбаларды қолдануды ұсынамын», - деді депутат.