RSS лента

Қазақстан шекарасын кесіп өтпек болған

  • 16.08.2023, 17:03,
  • 445
  • 0
  • Автор:
Автор фото: ашық дереккөз

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Шекаралық бақылау департаменті бастығының бірінші орынбасары, полковник Ғани Ағаділов өткізу пункттерінде шекаралық бақылауды жүзеге асыру туралы баяндады, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінгі күні ҚР периметрі бойынша ҚР Үкіметінің қаулыларымен авиациялық, теңіз, өзен, теміржол, автомобиль өткізу пункттері тәрізді 101 өткізу пункті айқындалған.

 

    «ҚХР-мен шекарада бүгінде 7 өткізу пункті ашылған және жұмыс істейді. Қырғыз Республикасымен - 8, Өзбекстанмен - 11, Түрікменстанмен - 2, Ресей Федерациясымен 51 өткізу пункті, 3 теңіз және 19 авиациялық өткізу пункті бар. Жоғарыда аталған өткізу пункттерінің барлығы мемлекеттер арасындағы келісімдерге сәйкес штаттық режимде жұмыс істейді», – деді Ғ. Ағаділов.

 

Өткізу пункттерінде шекарашылар құжаттарды тексеру барысында шекарадан өтудің заңдылығын қадағалайды. Шекара қызметінің ақпараттық жүйелерін пайдалана отырып, адамдардың елге келу, одан шығу құқықтарының негіздемесін тексереді. Шекара бұзушыларды анықтау, сондай-ақ шекара арқылы өткізу тыйым салынған материалдар мен заттарды алып өтудің жолын кесу мақсатында көлік құралдары тексеріледі. Тыйым салынған материалдар мен заттарға қару-жарақ, оқ-дәрі, есірткі, жарылғыш, уландырғыш, радиоактивті заттар жатады. Өткізу пункттерінде мемлекеттік шекараны күзетуді жүзеге асыратын қызметкерлерден басқа, қызметтік жануарлар мен шекаралық бақылаудың техникалық құралдары белсенді қолданылады.

 

    «2023 жылдың 7 айында адамдар мен көлік құралдарының шекарадан өтуі өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артқан. Бұған еліміздің көлік-транзит әлеуетінің артуы, жаңа әуе бағыттарының ашылуы, келу туризмін дамыту мақсатында шетелдіктер үшін визалық және эмиграциялық ережелерді жеңілдету ықпал етті. Аталған кезеңде мемлекеттік шекара арқылы барлығы 20 млн аса адам, 4 млн 400 мыңнан аса көлік құралы өткізілді. Тәулігіне орта есеппен 190 мыңға дейін, оның ішінде 90 мыңға дейіні – шетелдік азаматтар, 30 мыңға дейін көлік құралдары өтеді», – деп нақтылады шекара қызметінің өкілі.

 

Шекараны кесіп өтетін адамдар ағынының ұлғаюымен қатар, елімізге заңсыз немесе жалған құжаттармен кіруге әрекет жасайтын шетелдіктердің де саны артқан. Атап айтқанда, кіру-шығу арнасында бөтен және жалған құжаттармен ҚР визаларын қолданған 150-ден астам адам ұсталған. Олар елге кіргізілмей, өз елдеріне депортацияланды, деді спикер.

 

    «Заңнаманы бұзғаны үшін 5 мыңнан астам адам және 10 көлік компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген 227 ҚР азаматы мен шетелдіктер ұсталды. Паспорттық бақылау барысында шет мемлекеттің азаматтығы бар 254 ҚР азаматы анықталды. 324 жағдайда 2,8 млрд теңгеден астам сомаға шетел валютасын әкетудің жолы кесілді», – деді Ғ. Ағаділов.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости