"Әріптестер, дабыл қағатын кез келді. 2040 жылы елімізде су тапшылығы 15 млрд текше метрді құрайды. Бұл шамамен Арал теңізінің суына парапар. Сонда әрбір екінші қазақстандық ауыз сусыз қалады. Екіншіден, еліміздің даласы көктемде көлге айналса, жазда шөлге айналады. Бұл мәселе әлі шешілер емес. Мәселен, Кеңес кезінде әрбір совхоз жауын-шашын, қар суларын жинайтын, шағын су қоймалары болатын. Президент су мәселесін көтеріп арнайы 20 жаңа бөген салу 3,5 мың шақырымдық каналды жаңғыртуды тапсырды. Бірақ, Үкіметтің салғырттығы мен баяулығынан жақын арада су тапшылығы шешімін таппайтын көрінеді", деді депутат.
Дәлел ретінде депутатресми деректерге тоқталды. Бүгінде елімізде 1478 гидротехникалық құрылғы бар. Оның ішінде 342 су қоймасы, 219 дамба, 119 су торабы, 313 тоған бар. Олардың 333-і республикалық меншікте, 895-і коммуналдық меншікте. Ең қызығы, 228 жеке меншікте болса, 22-сі иесіз қалған нысандар. Олардың қаншасы тозғаны белгісіз. Жеке меншік болған соң қаралмайды. Жекелеген фактілер бойынша мемлекеттік жер кадастр базасында табиғи жолмен қалыптасқан көлдер әкімдіктермен жер телімі ретінде беріліп кеткен. Қожайындар көлдерді қоршап, халықтың наразалығын тудыруда. Бұл жағдай кемінде 5-6 облыста орын алып отыр. Сондықтан өзен, көлдерге түгендеме жасап, оларды тез арада мемлекет меншігіне қайтару керектігін атап өтті. Платиналардың салынғанына 30 жылдан асып кетті. Яғни апат болу қаупі артқан. Бұл жауапты мемлекеттік мекеме тарапынан бақылау мен мониторингтің әлсіздігін көрсететінін де ескерді.
"Келесі маңызды нысан - каналдар. Мәлімет бойынша елімізде 3,5 мыңдай магистралдық және шаруашылық канал бар. Олардың жартысынан астамының әбден тозығы жеткен. Салдарынан 60 %-ға жуық су құрдымға кетіп жатыр. Демек бар суды ысырап етіп отырмыз. Каналдардың кімнің иелігінде екені белгісіз. Судың сұрауын сұрайтын кез келді", - деді Базарбек.
Осыған орай, мәселенің маңыздығын ескере отырып, депутат "Amanat" партиясы жанынан арнайы комиссия құруды ұсынды. Әрі партияның жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару тәжірибесі бойынша каналдарға, су қоймаларына қолдануға болатынын атап өтті.