Спикердің айтуынша, ШЫҰ-ның кезекті XXIII саммиті Нью-Делиден онлайн режимде өтеді. Саммиттің негізгі қорытынды құжаты Дели декларациясы болады. Аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, экономиканы дамытуға және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты қамтамасыз етуге ықпал ететін өзге де маңызды құжаттарды қабылдау күтілуде.
«Бұл саммиттің ерекшелігі Иран Ислам Республикасының ШЫҰ жұмысына толық форматты қосылуы болады, ол әлемнің біздің бөлігінде көпжақты ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді министрдің орынбасары.
Сондай-ақ, ШЫҰ-ның жауапкершілік аймағы кеңейетіні сөзсіз, оның кеңістігі қазірдің өзінде Еуразия аумағының үштен екі бөлігін қамтиды және шамамен 3.5 млрд адамды немесе жер халқының 45% біріктіреді. Бұл - бай мәдени дәстүрлері мен жалпы әлемдік ЖІӨ-нің төрттен бір бөлігіне бағаланып отырған жиынтық экономикалық әлеуеті бар аймақ, деп атап өтті СІМ басшысының орынбасары.
«Қазақстан ШЫҰ аясындағы экономикалық кооперацияның белсенді жақтаушысы болып табылады. ҚР-ның ШЫҰ елдерімен тауар айналымы өткен жылы шамамен 61 млрд АҚШ долларын құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 19%-ға жоғары», – деді Қ.Тумыш.
Оның айтуынша, ШЫҰ елдерінің 2035 жылға дейінгі көпжақты экономикалық ынтымақтастығының жаңартылған бағдарламасы қабылданды. Көлік-транзиттік, инфрақұрылымдық, энергетикалық, ауыл шаруашылығы салалары және өзге де салалар басымдық ретінде белгіленді.
Еліміздің бастамасы бойынша азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламасы, сондай-ақ ШЫҰ-ның ұлттық валютадағы өзара есеп айырысу жөніндегі жол картасы қабылданды.
«Қазақстан ШЫҰ-ның транзиттік-көлік саласындағы әлеуетін дамытуда да перспектива көріп отыр. ШЫҰ бойынша әріптестеріміздің Транскаспий халықаралық көлік бағытына қосылуы да біз үшін өзекті болып отыр», – деді министрдің орынбасары.
«Үш зұлымдық» - терроризмге, экстремизмге және сепаратизмге қарсы күрес ШЫҰ қызметінің негізгі бағыты болып қала береді. Қазіргі уақытта Қазақстан ШЫҰ-ның аймақтық терроризмге қарсы құрылымы Кеңесіне төрағалық етеді. Осы тұрғыда біз 2022-2024 жылдарға арналған терроризмге, экстремизмге және сепаратизмге қарсы іс-қимыл бағдарламасын іске асыруды ілгерілетуге ниеттіміз, деді спикер.
Қазақстанның «Паутина» операциясын, сондай-ақ «Есірткісіз әлем үшін» есірткіге қарсы акциясын өткізу жөніндегі бастамалары жоғары қолдауға ие болды.
«2023 жылдың шілдесінен бастап Қазақстан ШЫҰ-ға төрағалық ететін болады. Тиісті іс-шараларды өткізу жұмыстары басталды», – деп түйіндеді Қ.Тумыш.