Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, COVID-19 пандемиясы бүкіл әлемдегі ақиқатқа терең өзгерістер енгізіп, халықаралық қоғамдастық үшін бірқатар елеулі саяси, әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық сын-қатердің бетін ашты.
Назарбаев атап өткендей, «пандемия қиын кезеңдерде мемлекеттің маңызды рөлін көрсетті – биліктің тиімді шараларының арқасында көптеген ел жағымсыз сценарийлердің алдын алды».
Бұл ретте баршаның планетамыздың «бағаланып, қорғалуы керек» өте нәзік организм екендігіне көзі жетті.
Пандемия жағдайында жаһандану және елдер мен халықтардың өзара әрекеттесуінің басқа процестері баяулады, адамдар арасындағы сенімсіздік күшейіп, бұл жаһандық экономика мен саясатқа теріс әсер етеді.
«Біз бүкіл әлемде протекционистік көңіл-күйдің өскенін көріп отырмыз. Халықаралық экономикалық қатынастарға сыни әсер ететін саяси негізделген шешімдер енгізілуде. Біз өзімшіл біржақты шешімдерге жол бермеуіміз керек», – деді Елбасы.
Оның айтуынша, «халықаралық келісімдердің жаңа қағидаттары тең және жауапты серіктестердің өзара іс-қимыл рухында болуға тиіс». Әрбір елдің мәдени, әлеуметтік және саяси дәстүрлерін, экономикалық ерекшеліктері мен құндылықтарын өзара құрметтеу олардың негізі болуға тиіс. Пандемия «бәсекелестік әлемі мен ынтымақтастық әлемі арасындағы таңдаудың қажеттілігін» айқын көрсетті.
Елбасы атап өткендей, «індетке жаһандық бақылау жасалмаса, жекелеген елдердің жетістігі болашақта қажетті нәтиже бермейді».
«Адамзат үшін жаһандағы жаппай вакцинация мәселесін шешудегі вакциналарды өндірушілер мен үкіметтердің ынтымақтастығы маңызды. Бұл мәселеде бәсекелестік пен саясиландыру кері әсер етеді», – деп атап өтті ол.
Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» бастамасы жайлы айта келе, оны ҚХР төрағасы Си Цзиньпин 2013 жылы еліміздің астанасында ұсынғанын еске салды.
«Қазақстан үшін бұл бастама жаңа мүмкіндіктер терезесіне айналды. Бүгінде мемлекетіміз арқылы Азия мен Еуропаны, Солтүстік пен Оңтүстікті, Тынық мұхитын Атлант және Үнді мұхиттарымен байланыстыратын қысқа жолдар өтеді», – деп атап өтті Елбасы.
Бүгінгі күні Қазақстан арқылы 11 трансұлттық маршрут салынды, оның ішінде ұзындығы 2700 км «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобанын қоса алғанда, 5 теміржол және 6 автомобиль жолы, Қазақстаннан Парсы шығанағына және Оңтүстік Азияға баратын темір жол бар.
«Осының барлығы елімізде бәсекеге қабілетті транзиттік хаб құруға мүмкіндік берді. Енді еліміз арқылы Азияның кез келген нүктесіндегі тауарлар Солтүстік Еуропа қалаларына екі аптаның ішінде жете алады. Осының арқасында 2020 жылғы дағдарыста да Қазақстан арқылы «Қытай – Еуропа – Қытай» бағыты бойынша контейнерлік тасымалдардың өсімі 60% -тен асты», – деп атап өтті Назарбаев.
Сөз соңында Елбасы «өткен жылдар ішінде «Бір белдеу, бір жол» бастамасы ынтымақтастық пен жаһанданудың алдыңғы қатарлы идеяларын ілгерілету үшін өзінің өміршеңдігі мен маңыздылығын дәлелдегенін» атап өтті.
Биылғы конференцияның негізгі тақырыбы – «Өзгеріп жатқан әлем: «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберінде бірлескен күш-жігермен жаһандық басқару мен ынтымақтастықты дамыту».
Боао азиялық форумы (БАФ) – өңірлік экономикалық интеграцияны және Азия мемлекеттерінің бірлескен дамуын, оның ішінде осы мақсатта көрнекті саясаткерлердің, бизнесмендердің, ғалымдардың, сарапшылар мен БАҚ-тың қатысуымен жыл сайынғы халықаралық конференцияны ұйымдастыру арқылы ілгерілетуге жәрдемдесуге арналған үкіметтік емес және коммерциялық емес халықаралық ұйым.
Биыл БАФ өзінің 20 жылдығын атап өтеді. Форумның құрылтай сессиясы 2001 жылғы 26 ақпанда Боао қаласында (Хайнань провинциясы, ҚХР) өтті.