Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №60 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғанға тыйым салынған затты жеткізу әрекеті әшкереленді. Бұл туралы polisia.kz жазады. Тыйым салынған затты 8 жылға сотталған жазасын өтеушіге танысы алып келген. Танысының алып келген сәлем-сауқатын тексеру кезінде, мекеме қызметкерлері бөлке нанның ішіне ұқыппен жасырылған REDMI ұялы телефонын анықтап, тәркіледі. Мекеменің режим бөлімінің жедел уәкілі Самат Омаровтың айтуынша, мұндай тыйым салынған заттарды мекеме аумағына кіргізуге тырысатындар әлі де кездеседі.
Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, тиісті құжаттар сотқа жолдау үшін дайындалуда. Жыл басынан облыс аумағындағы ҚАЖ мекемелерінде сотталғандарға тыйым салынған заттарды, оның ішінде ұялы телефондарды кіргізбек болған 7 дерек тіркелген. Барлығы дер кезінде анықталып, заң аясында шаралар қабылданған.
Қызылордада жазасын өтеушіге кір сабын ішіне телефон жасырып өткізбек болған күдікті анықталды. Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №37 мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталғанға қысқа мерзімді кездесуге келген танысының алып келген сәлем-сауқаттарын тексеру барысында мекеме қызметкерлері ерекше қырағылық танытты. Ресми polisia.kz мәліметінше, тексеру нәтижесінде кір сабынның ішіне жасырылған телефон табылды. Телефон — сотталғандардың пайдалануына тыйым салынған заттардың қатарына жатады. Телефонды мекеме аумағына енгізуге әрекеттенген азаматқа қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабына сәйкес құжаттар сотқа дайындалуда. Қызметкерлердің дер кезінде қабылдаған шараларының арқасында мекемеге тыйым салынған заттың өтіп кетуіне жол берілмеді.