Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері былтыр маусымда облыс аумағында 2022 жылдан бері интернет ресурстарында терроризмді насхиаттап, дәстүрлі емес дінді уағыздаған 39 жастағы азаматты анықтаған болатын. Сотқа дейінгі тергеу жүргізу кезінде күдіктінің "ВКонтакте" әлеуметтік желісінде діни-экстремизмді материалдарды ашық жариялап, тыйым салынған діни уағыздағы аудиоларды тыңдап, таратқаны анықталды.
Сондай-ақ, ел аумағында интернет-ресурстарында жариялауға, басып шығаруға және таратуға тыйым салынған діни экстремистік баспа материалдарын әлеуметтік желілер арқылы тартақаны дәлелденді.
Айта кетейік, 2014 жылы Қызылорда қалалық және 2018 жылы Жетісай аудандық сотының шешімімен жоғарыда аталған баспа материалдарды ел аумағында таратуға тыйым салынған.
Аталған деректер бойынша 39 жастағы азамат өз кінәсін толықтай мойындаған. Қазір 39 жастағы облыс тұрғынына қатысты ҚР ҚК 256-бабының 2-бөлігі бойынша бес жылға бас бостандығынан айыру туралы сот шешімі шығарылды.