Атырау сервис колледжінің түлегі Валерия Сафронова осыдан үш жыл бұрын өз қолымен құрған Barber Studio Radius студиясында жұмыс істейді. Ол бұл жерді өз баласындай күтіп, дамытуда.
Әрине, мансабының басында Валерия жұмыс орнындағы сексизмге тап болды.
— Кейбір ер адамдар таңғалып: «Менің шашымды қыз алатын болды ма?» немесе «Енді мені қыз бала қырынуға үйретпек пе?!» дейтін. Бірақ мен өз кәсібилігімді дәлелдегенді ұнатамын, – деп күлімдейді Валерия.
Стереотиптерге қарамастан, Валерия барберинг саласында өз орнын сенімді түрде тапты.
Бәрі қалай басталды?
Балалық шағынан бастап кішкентай Валерияны сән мен қолөнер қызықтырды, кейіннен – шашпен жұмыс істеу өнеріне деген сүйіспеншілігі оянды. Көптеген қыздар сияқты ол да шаш үлгілерін жасауды қуыршақтардан бастады, кейін құрбылары мен сіңлілеріне тәжірибе жасап үйренді.
Мектеп бітірген соң ол екі кәсіптің арасында таңдау жасады: модельер болу немесе шаштараздықты меңгеру. Бірақ шаш өнеріне деген махаббаты басым түсіп, Валерия Атырау сервис колледжіне «Шаштараз-модельер» мамандығына оқуға түсті.
Колледж оған шаштараз кәсібінің негіздерін меңгеруге көмектесті, ал нағыз тәжірибе – практика барысында келді. Тағдыр оны қаладағы танымал салондардың бірімен жолықтырды, ол бұл жерге мүлдем кездейсоқ тап болды.
— Практиканың табысты өтуі тек студенттің жұмыс істеуге және дамуға деген ынтасына байланысты. Мен өз қалауыммен күн сайын сабаққа қатыстым, ұстазыммен бірге кешке дейін қалып жұмыс істедім – сұлулық үшін! – деп еске алады Валерия.
Колледжден кейін ол денсаулық клубында және барбершопта жұмыс істеді, кейін Санкт-Петербургте екі жыл бойы өз шеберлігін жетілдірді. Мегаполистегі тәжірибе оған баға жетпес білім берді, оны туған қаласында жүзеге асыруға шешім қабылдады. Осылайша, өзінің жеке салонын ашу идеясы пайда болды.
Арманның орындалуы
Үш жыл бұрын Валерия өзінің RADIUS студиясын ашты. Бұл жоба оның энтузиазмы мен өз қаражатының арқасында жүзеге асты, бірақ ең бастысы – үлкен жүрекпен жасалған іс болды.
Біздің кейіпкеріміздің айтуынша, ер адамдармен жұмыс істеу қызықты әрі жайлы, дегенмен кейде ерекше сұраныстар да болып тұрады.
— Бір клиент шашын «КиШ» тобының солисі сияқты етіп сәндеуді өтінді, ал екіншісі желкесіне үшбұрыш қырып жасауды қалады. Айтпақшы, соңғысы – менің сүйікті жұмысым болды, – деп күледі Валерия.
Шаштараз болуды армандайтындарға барбердің кеңесі:
— Сабырлы болыңыз. Адамдармен жұмыс эмоцияны тежей білуді талап етеді. Ең бастысы – еңбексүйгіштік пен үздіксіз даму. Құрметті ханымдар, көктемнің керемет мерекесі қарсаңында сіздерге мықтылық пен батылдық, сонымен бірге нәзіктік пен сүйіспеншілік тілеймін! Себебі біздің күшіміз – махаббатта, – дейді Валерия.
Міне, осылайша, Атырау сервис колледжінің түлегі қуыршаққа шаш қоюдан бастап, жеке студиясын ашуға дейінгі жолдан өтті.