RSS лента

Шығыс пен батыс елдерін жалғаған құпия көпір

  • 22.07.2023, 18:37,
  • 442
  • 0
  • Автор:
Автор фото: ашық дереккөз

Каспий теңізінің солтүстік-батыс бөлігінде орта ғасырларда шығыс пен батыс елдерін жалғайтын құрлық және теңіз жолдары жұмыс жасады, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Мақат ауданынан табылған «Таскешу» керуен сарайы ХІІІ-ХVІІІ ғасырлар аралығында осы өңірмен өткен саудагерлер мен жолаушыларға қызмет көрсеткен. Академик Әлкей Марғұлан алғаш зерттеген ашық аспан астындағы тарихи ескерткіш туралы естеліктерді жайлы орыс саяхатшыларының жазбаларынан да кезіктіруге болады. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары да археологтар мұны біраз зерттеді. Қазір сол жерде Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің жанынан құрылған археологиялық экспедиция қазба жұмысын жүргізіп жатыр. Осыған орай, өткен аптада музей басшысы Мұханбетқали Қипиев керуен сарайдағы археологтардың жаңалықтарын таныстыру үшін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшн пресс-тур ұйымдастырды.

 

– «Таскешу» керуен сарайы – Алтын Орда империясы дәуірлеп тұрған кезде салынған, кейін Ноғай Ордасы тұсында қайта жанданғанға ұқсайды. Ерекшелігі сол, бұл – құрылысы таза қыш тастан жүргізілген Қазақстандағы жалғыз ескерткіш. Бізді бұл кірпіштердің жергілікті жерде өндірілгені де қатты қызықтырып отыр. Өйткені, Сағыз өзенінің сол жағалауындағы керуен сарайдың құрылысшылары тасты осы жердің топырағынан илеп, жоғарғы температурада қыздырып, кептірген. Табылған тастың бетіндегі үй жануарларының іздері, адам саусақтары мен қалдырған түрлі белгілер соны айғақтайды, - дейді қазба жұмыстарының ғылыми жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Марат Қасенов.

 

Орта Азия мен Батыс Европа аралығын жалғап жатқан керуен сарай тоғыз жолдың торабында орналасқан. Аумағы – 45х45 шаршы метр. Осыған дейінгі экспедиция Таскешудің батыс бөлігін зерттесе, Ғаламат Базарбаев жетекшілік ететін музей экспедициясы шығыс жағында қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр. Зерттеушілер дамыл таппастан істеп, жұмысын аяқтауға жақын қалған. Бастапқыда керуен сарайдың қасынан арнайы палатка құрып тұрған олар 6 шілдеде басталған аптап ыстықтың салдарынан бірнеше шақырым жердегі Кенбай ауылына қоныс аударып, барып-келіп жасауға мәжбүр болған.

 

– Кезінде керуен сарайдан 150 шақырымға дейінгі аралықта ешқандай елді мекен болған жоқ. Сол себепті бұл экономикалық тұрғыдан маңызды роль атқарды. Орта Азиядан әкелінген тауарлар Үстірт асып, осы Таскешу арқылы Сарайшық пен көне Үргеніш шаһарларына жол тартқан. Одан әрі құрлық жолымен Жайық өзенінен өтіп, Еділ бойындағы Алтын Орда астанасы – Сарай Бату қаласына немесе Каспийдің батыс жағалауына апаратын кемелерге тиелген. Бір сөзбен айтқанда, Таскешу XIII–XIV ғасырларда Батыс пен Шығысты байланыстыратын негізгі керуен сарайға айналды, - дейді Марат Сейітжанұлы.

 

Археологтар керуен сарайды Алтын Орда дәуірінде өмір сүрген өте ауқатты адам салған деп жорамалдап отыр. Өйткені, Сағыз өзенінің арғы бетінде олардың тұрақтаған арнайы қонысының орны да табылыпты. Сарай қожайыны сол жерде тұрып, қызметшілері Таскешудің қызметін реттеп отырған. Мұнда саудагерлер демалатын арнайы бөлмелер мен қойма болған екен. Сарайдың ортасындағы үлкен алаңда саудагерлер ат суытып, түйе байлап, атлауын дайындаған.

 

– Осыған дейінгі экспедиция керуен сарайдың кіреберісінен арнайы намаз оқитын бөлме орнын тапқан еді. Біз қазір қақпасының қай жақта екенін анықтадық. Оған қабырғаның екі жағында тіреудің орны айғақ. Осыған дейінгі зерттеулерде Таскешудің тас көпірі жайлы деректер кезігеді. Біздің ендігі мақсатымыз – соны іздеу. Өкінішке қарай, оны білу мүмкін болмай тұр. Шамасы, тасын әлдекім пайдаланып кеткен немесе құлап судан көрінбей, Сағыз өзенінің ескі арнасының астында қалып қоюы да мүмкін, - дейді археолог.

 

Жан-жағындағы диаметрі үш метрлік, биіктігі бес метрге созылған домалақ мұнаралар Таскешудің кезінде әскери гарнизон қызметін атқарғанын да көрсетеді. Демек мұнда тұрақты бір жасақ болған. Археологтарды енді қыш тастарды өндіру кезінде құрылысшылардың отынды қайдан, қалай алғаны қызықтырып отыр. Өйткені, тасты күйдіру үшін өте жоғары температура керек. Мүмкін, Сағыздың бойындағы жыңғылды тоғайларды пайдаланды ма екен?! Себебі, орта ғасырларда өзеннің ені қазіргідей емес, арнасы кең, жағалауы ну орман болғаны анық. Бір қызығы – керуен сарай жаугершілік заманда да тоналмаған. Қызметін тоқтатқан соң қожайыны есігін құлыптап, жауып кеткені көрініп тұр. Көптеген жәдігерлердің сол күйінде сақталғаны осыны айғақтайды

 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости
Популярно
  • Сутки
  • Неделя
  • Месяц