RSS лента

«Екпеден талып қалған» азамат жауапқа тартылмақ

  • 15.07.2021, 15:56,
  • 558
  • 0
  • Автор: AmandyqAudaru
Автор фото: Сәуле МАҒАУ

Атырауда Дина базарындағы пункттен вакцина алғаннан кейін есінен танып қалған жігітке қатысты бейнежазба тұрғындар арасында түрлі ой-пікір тудыруда, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Дәрігерлердің айтуынша Өзбекстан Республикасының 22 жастағы азаматы 14 шілде күні вакцинаның 2 компонентін алған соң жарты сағат мейірбикелердің бақылауында болады. Содан кейін ол вакцина алғандығы жөнінде паспортты талап еткен. Құжаттың тек келесі күні берілетіндігі айтылғанмен азамат оған көнбеген. Кейін өзінің жұмыс берушісін ертіп келіп, вакцинация пунктінде кезекте тұрған адамдарды екпеден бас тартуға үгіттеп, медицина қызметкерлеріне дөрекілік танытқан. Артынша есінен танып қалыпты.

 

«Біз паспорт расталғаннан кейін келесі күні дайын болатынын түсіндіріп айттық. Бірақ ол «сіздер өтірік істейсіздер, мына жерден екпе алмаңыздар» деп вакцинацияға келген адамдарға агитация жасады. «Базада жоқ боп кетеді, мына жерден алсаңыздар дұрыс емес» деп неше түрлі сөздер айтты. Тіпті бұл пунктті жаптырамын деп те қорқытты», — дейді Атырау қалалық №3 емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері Айгүл Үсенбаева.

 

Дереу алғашқы көмек көрсеткен дәрігерлер сол мезетте жігіттің денсаулығында еш кінәрат болмағанын, бар болғаны оның арандатушылыққа жол бергенін айтты. Енді ақ халаттылар оны жауапкершілікке тартпақшы. Адвокаттары да іске кіріскен көрінеді.

 

«Мұның бәрі қасақана ұйымдастырылған боп шықты. Әкімшілік кодекске сәйкес, теріс ақпарат таратып, жала жапқаны үшін жазасыз қалмауы керек деп есептеймін. Кінәлі тұлғалар тиісінше жауапкершілікке тартылуы үшін біздің тарапымыздан барлық шаралар қабылданатын болады», — деп атап өтті адвокат Гүлмира Сабырова.

 

Денсаулық сақтау басқармасындағылардың айтуынша, вакцинация пункттеріндегі қызметкерлер қас қарайғанша дамылсыз жұмыс істейді. Сондықтан, дәрігерлердің жұмысына түсіністікпен қарап, мұндай арандатулардан аулақ болуға шақырады.

 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости