RSS лента

Қазақстанда мектеп ішінен дзюдо залдары желісі ашылды

  • 15.12.2025, 11:03,
  • 48
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі
Астана қаласындағы №45 мектепте еліміздегі дзюдодан алғашқы мамандандырылған мектеп залының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Жоба мектеп спортын дамыту аясында Туризм және спорт министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі және спорт ұйымдарымен бірлесе жүзеге асырылып жатыр. Ведомствоның баспасөз қызметі мәлім еткендей, дзюдо залының ашылуы Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының Халықаралық дзюдо федерациясымен (IJF) өзара іс-қимылы және ҚР Туризм және спорт министрлігінің қатысуымен жүзеге асырылып жатқан Judo in Schools («Мектептегі дзюдо») бағдарламасы аясында өтті. Бағдарлама заманауи жабдықтармен қамтылған, әдістемелік базасы бар мектеп дзюдо залдарының желісін кезең-кезеңімен құруды көздейді.


Алғашқы кезеңде №45 мектептің («Келешек мектебі») дзюдо залы заманауи спорт құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілді. Білім беру ұйымына оқушыларға арналған арнайы спорттық инвентарь мен дзюдо кимонолары тегін табысталды.


Сондай-ақ залдың ашылу рәсімі аясында Туризм және спорт министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Халықаралық дзюдо федерациясы, Қазақстан дзюдо федерациясы және «Жеңіс» спорт клубы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат мектеп спортын дамыту бағытында тараптардың тұрақты өзара іс-қимыл тетігін қалыптастыруды көздейді.


Қазақстанда дзюдо спорты тұрақты дамып келеді. Елдос Сметовтің Париж Олимпиадасындағы тарихи алтын жүлдесінен кейін бұл спорт түріне деген қызығушылық едәуір артты. Қазіргі таңда елімізде дзюдомен шамамен 90 мың адам, ал спортшыларды даярлаумен 1300-ге жуық жаттықтырушы айналысады.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости
Популярно
  • Сутки
  • Неделя
  • Месяц