Ұзақ уақыт бойы зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары әйелдерді жеткілікті деңгейде қорғай алмады. Сондықтан Парламент Мәжілісі заңнаманы бірізді әрі жүйелі түрде өзгертті. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Наталья Дементьева ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстел барысында осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу жағдайы қайталанса, қылмыстық жауапкершілік тағайындалды. Көп жағдайда отбасылық бюджеттен төленетін әкімшілік айыппұлдар тәжірибесі тоқтатылды. Осы уақыттан бастап ұрып-соғу, зорлық-зомбылық тұрмыстық жағдайда жасалса, бұл қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады. Бұл – зорлық-зомбылықтың жанжал емес, қылмыс екенін көрсететін маңызды қадам.
«Қылмыстық кодекске тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы жаңа бап енгізілді. Бұл нақты статистика жүргізуге, құқық бұзушылықты дұрыс саралауға, арнайы қорғаныс шараларын қолдауға мүмкіндік береді. Зорлық-зомбылық түрлері кеңейтілді. Мәселен, психологиялық зорлық, экономикалық зорлық, цифрлық қудалау, яғни киберсталкинг ұғымдары енгізілді. Мұнің бәрі ұрып-соғу және зорлау секілді адам өмірін күйретеді. Мемлекет бүкіл қауіп спектріне жауап беруге тиіс деп ойлаймын», – деді спикер.
Жәбірленушіні қорғау тетіктері күшейтілді. Мысалы, қорғау нұсқамаларының мерзімін ұзарту, агрессордың зардап шегушіге жақындауына тыйым салу, құқық бұзушыны дереу үйден шығару мүмкіндігі, полиция және пробация қызметі арқылы бақылауды күшейту.

