Қаралған процестер бойынша іс-шаралар жоспарларына қол қойылды, онда НҚА-ға өзгерістер енгізу, ақпараттық жүйелерді пысықтау және нысаналы пайымдарды іске асыру үшін басқа да ұсынымдар қарастырылған. Бүгінгі таңда мемлекеттік органдар оңайлатылған процестерді іске асыру бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун мәлімдеді. Вице-министр қазақстандықтардың өмірін едәуір жеңілдеткен цифрлық трансформацияға нақты мысалдар келтірді.
Спикер жоғары оқу орындарына бару қажеттілігін болдырмаудың өзінен үнемдеу жылына шамамен 300 млн теңгені құрағанын хабарлады. Сонымен қатар ҰБТ сертификатын электронды форматқа көшіру жыл сайын тағы 83 млн теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде жоғары оқу орындарына түсу процесінің тиімділігі 92%-ға артты. Сондай-ақ реинжиниринг қорытындысы бойынша сәтті іске асырылған кейстердің бірі – еурохаттама. Бұл – жол полициясын шақырмай шағын ЖКО ресімдеудің жеңілдетілген тәртібі.
Әділет министрлігімен бірлесіп атқарушылық іс жүргізуді қозғау процесі де жеңілдетілді. Вице-министрдің айтуынша, бұл процесс заңнамада көзделген әрекеттерді жүзеге асыру арқылы сот актілерін және басқа да міндетті шешімдерді мәжбүрлеп орындауға бағытталған. Бұрын бұл процесс жеке сот орындаушыларының қатысуымен жүрді, бұл айыппұл сомасының 25% - на дейін төлеу қажеттілігіне әкелді, азаматтарды борышкерлер тізілімінен шығару үшін көп уақыт қажет болды және жоғары қаржылық жүктеме тудырды. Енді процесс толығымен автоматтандырылды: борышкерлерді хабардар ету үшінші тұлғалардың қатысуынсыз тікелей SMS арқылы жүзеге асырылады. Өзгерістердің практикалық маңыздылығы әскерге шақырылушыларды есепке алу процесін көрсетеді. Нәтижесінде ақпарат жинау мерзімі 4 айдан 15 минутқа дейін қысқарды, ал экономикалық әсері 96 млн теңгені құрады.